Өзектi

Радиоэкологиялық зерттеулер қоршаған ортаны қорғайды

03.09.2014

7595

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған 5 ұлттық, 15 инженерлік бағыттағы зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтары Қазақстандағы инновацияның кеңінен дамып келе жатқандығын дәлелдейді. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте арнайы ашылған «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығы» Жапония, АҚШ, Германия, Австрия, Ұлыбритания елдерінен әкелінген ең соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Құрылымы жағынан күрделі инженерлік бейінге лайықталған зертхананың жұмысы жөнінде университет ректоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шәріпбек ӘМІРБЕКОВПЕН әңгімелескен едік.

– Шәріпбек Ағабайұлы, полигон аймағына өте жақын орналасқан жерлерді түпкілікті зерттеумен айналысып отырған ғылыми орталықтың жұмысы бүгінде қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де қызықтыруда. Зерттеулер нәтижесі қандай деңгейде?
– Зертхананың жұмысы Семей сынақ полигонын радиология­лық жағынан тексеруге арнал­ған. АҚШ-тан әкелінген «Canberra» химиялық зертхана жабдығы қор­шаған ортадағы, ет, сүт, түрлі тағамдардағы радиоактивті заттарды анықтайды. Бұл тек Семей өңіріне ғана арналған деген ой туындап қалмауы керек. Өсімдік және мал шаруашылығын тексеру үшін ветеринарлық-сани­тар­лық жұмыстар, тіпті, жемшөп­тің табиғи тазалығы құрамы да тексерілуде. Қазақстанның сол­түстік-шығысындағы топырақ құрамы, оның қауіптілік деңгейі, қалай тазарту керек, міне, осы шаруалардың біразының бүгінде басы қайырылды, нәтижесі айтарлықтай. Халықтың ішетін ауызсуының тазалығы, химиялық құрамы – барлығы тексеріледі. Жапондық және британдық соңғы үлгідегі қондырғылар «JEOL» және «OXSFORD INSTRUMENTS» микроқұрылымдарға рентгендік талдау жасайды. Төменгі және жоғарғы вакуумдегі аталмыш құралдың 300 мың есеге дейін үлкейту қабілеті болғандықтан, нысанаға алынған заттың құрамын толығымен зерттеуге мүмкіндік бар. Және оны зиянды заттардан, қалдықтан қалай тазарту керек мәселесі де толық қарастырылған.

Қазақстан алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге талпыныс жасап отыр. Олай болса, азық-түлік қауіпсіздігінде тағам технологиялары мәселе­сіне орай радиоэкологиялық зертханамыздың алатын орны ерекше. Қазіргі уақытта біздің университет Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша, Ресей, Канада, Белоруссия елдерінің жоғары оқу орындарымен бірлесіп, жұмыс істей бастады. Сондықтан да оқу-білімдерімен қоса, зертханада тәжірибелерін жалғап жүрген магистранттарымыз үшін болашақ зор деуге болады. Және биыл «Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысына 25 жыл, полигонның жабылғанына 23 жыл толып отыр. Осынау атаулы күндердің барлығына да біздің университет аясында арнайы шаралар ұйымдастырылды.

– Шәкәрім атындағы мем­лекеттік университеттің түлек­тері Курчатовтағы ғалым­дар­дың, мамандардың қатарын толықтыруда екен. Мәселен, өзге өңірлерде Курчатов сияқты әлі де болса дамуды қажет ететін алыс жерлерге баруға жастардың аса бір құлшынысы жоқ екендігін байқап жүрміз, бірақ бұл сіздерге тән көрініс емес, мұның сыры неде?

– 2009 жылдан бері қарай курчатовтықтармен тығыз байланыс жасап келеміз. Әсіресе, кен көзі, металл, өсімдік, топы­рақ қабатының құрамын тексеруге мамандарымызды Ұлттық ядролық орталық директоры Ерлан Батырбеков пен Радиация­лық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенконың қарамағына тікелей тәжірибе жинақтауға жібереміз. Бұл біздің докторанттар үшін маңызды іссапар саналады. Ғылыми зертханамыздың осы саладағы негізгі бағыты – өңір­лердегі функциялық та­мақ­ өнімдерін өндірудің биотех­ноло­гиялық зерттеулерін қолға алу.

Сондай-ақ, біз әр жылы жаңадан оқу жылы басталған уақытта ҰЯО директорымен келісімшартқа отырамыз. Курча­товқа, шыны керек, басқа қала­лардың университеттерінен, мүмкін алыста болғандықтан болар, жастар жағы бара қоймайды. Кезінде ядролық жарылыстар орын алған полигонға әскерилер Мәскеуден міндеттеп жіберілетін. Қала әскери қалашық болып саналатын. Елбасы Жарлығымен полигон жабылғаннан кейін көшкені көшіп, қала қаңырап қалды. Одан біраз оралман бауырлар көшіп келіп, әрі біздің түлектер де қоныстанып дегендей, қаланың тіршілігі енді ғана оң бағыт ала бастады. Алдағы уақытта Курчатов мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстандағы ғылыми қалаға айналады. Бұл ретте біздің оқу орнының да қосар үлесі айтарлықтай болмақ.

– Сіздердің оқу орнында «Қазіргі таңдағы биоматериалдар, наноматериалдар және наномедицина мәселелері» тақырыбында І халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді және сіз шет­ел­дерден ғалым ұстаздарды ша­қыртып, студенттердің ла­­­йық­­ты білім алуына мүмкін­дік­ жа­сап келесіз. Алдағы уақыт­та­­ та­ғы қандай жоспарлары­ңыз бар?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында ғылымды, инновацияны кеңінен дамыту керек деп тапсырып отыр. Біздің оқу орны студенттерге дәріс беретін университет және арнайы ғылым ордасы. Біз био және нанотехнологиялар саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде машина жасау, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, медицина және экология проб­лемаларын үнемі назарда ұс­тап, конференциялар, кездесулер ұйымдастырып тұрамыз, осы арқылы қазақ ғылымының өркендеуіне жол ашамыз. Семей өңірінің қоршаған ортасы мен радиологиялық мониторингі, бү­гінгі инновациялық технологиялар арқылы сауықтыру шараларына Қазақстан, АҚШ, Жапония, Англия, Нидерланд және Ресейдің жетекші ғалымдарын қатыстырып отырамыз.

Мәселен, Радиоэкологиялық ғылыми-зерттеу орталығының ұсынысымен Канададан атом энергетика саласында зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген ғалым, биохимик, эколог Мэрилин Стьюардты шақырттық. Ол студенттерімізбен бірге қазақ жерінің экологиясын зерттеп, ең бастысы, полигоннан зардап шеккен аумақты аралады, өзіндік ғылыми бағасын берді. Бір апта көлемінде университеттің зертханасымен танысып, бакалавриат және магистратура бөлімдеріндегі студенттерге дәріс оқыды. Біз алдағы уақытта студенттеріміз бен оқытушыларымызды академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелдерге білім алуға жіберуді жалғастыратын боламыз. Қазіргі уақытта студенттеріміз Венгрия, Франция, Оңтүстік Корея елдерін­­­де оқып жатыр. Олардың барлығы да шетелдерде қалып қалмай, өз Отанымызға білімді азамат болып оралып, Елбасының тапсырма­ла­рын орындауға, туған жерін көр­кейтуге атсалысамыз деген пат­риоттық бағыт ұстанған жастар.

Әңгімелескен

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

СЕМЕЙ

Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар