В.Школьник, «Казатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы
– Ұлттық компанияның 2013 жылғы қорытынды есебі 2012 жылмен салыстырғанда және өсім пайызы есебімен қанша болды?
– 2013 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорындарда 22 501 тонна уран өндірілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда, 7 пайызға артық көрсеткіш. Өнімді таратудан түскен кіріс 288 283 млн теңге болды. Бұл – 2012 жылғы көрсеткіштен 12 пайызға кем нәтиже. Мұндай ауытқушылық әлемдік рыноктағы бағаның өзгеруіне тікелей қатысты болды. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы АҚ тобына енетін өндіріс орындарынан шығарылған өнімнің жалпы өзіндік құны 229 905 млн теңге болып, 2012 жылға қарағанда ол 14 002 млн теңгеге төмендеді. Яғни біз өнімнің өзіндік құнын арзандату бағытында жемісті жұмыс істей алдық.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының сөйтіп 2013 жылы тапқан нақты табысы 35 904 млн теңге, 2012 жылғы көрсеткіштен 15 011 млн теңгеге немесе 29 пайызға азайды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бұл негізінен, әлемдік тауар биржаларындағы табиғи уран бағасының төмендеуінің салдары еді. Сонымен бірге, Ұлттық компанияны одан әрі дамыту үшін көптеген инвестициялық жобалар жасалынды. 2013 жылы компания бойынша 76 544 млн теңгенің инвестициясы игерілді. Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды: ұлттық компанияның 2013 жылғы жағдайы қалыпты деңгейде болды деуге негіз береді. Әйтсе де, 2012 жылғыдай табыс таба алмауымыз ойландырады. Басқарма басшылығы енді осы бағытта, яғни табысты төмендетпеу бағытында жұмыс істейтін болады.
– 2014 жылдың өткен кезеңіндегі жағдай қандай?
– 2014 жылғы жағдайымызды сөз етпес бұрын, әлемдік биржалардағы уран бағасына, бұл өнімге сұранысқа зер салған жөн. 2011 жылғы Фукусима апатынан кейін дүние жүзін бір үрей баурап алғандай болды ғой. Бірқатар мемлекеттер атом электр стансаларын салу жоспарын жүзеге асырудан бас тартты. Соған байланысты 2014 жылы да бағаның төмендеуі жалғасты. Қазіргі кезде көптеген компаниялар үшін уран өндірісінің өзіндік құны оны сату бағасынан жоғары болып тұр. Осындай жағдайдың өзінде «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы дүниежүзі бойынша санаулы табысты компаниялардың бірі болып тұр. Әсіресе, қоймаларда сақталған қорлардың молайып кетуі әлемдік рыноктағы бағаға кері әсер жасап тұрғанын айта кеткен жөн. Бағаның арзандауы салдарынан көптеген жобаларды жүзеге асыру уақытша шегеріліп тұр. Десек те, 2014 жылы орта және ұзақ мерзімдерде игілігін көретін бірқатар жақсы қадамдар жасалынды. Атап айтар болсақ, 2014 жылдың ақпан айында Жапония үкіметі атом реакторларын қайтадан жұмысқа қосатындығы және ядролық энергетика қажеттілікті өтейтін басты энергия көзі болатындығы жайлы шешімін жариялады. Франция мен Жапония реакторлардың жаңа төртінші буынын жасап шығаруға қатысты бірлескен іс-қимыл жоспарларын жасап бекітті. Әлемдік экономиканың қазіргі қиын жағдайы, Азиядағы өсімнің төмендеуі Франция мен Жапонияның жоғарыда аталған келісімшарттары, сөйтіп, ядролық энергетикадан бас тарту жөніндегі бұған дейін орын алған ойлардың сейілуі қалай десек те, уран өндірісінің болашағынан үміттендіре бастағандай. Ресей федерациясы елдің энергетикалық өндірісінде атом энергиясының үлесін өсіретіндігі жайлы мәлімдеді. Орта және ұзақ мерзімді болашақта Қытай мен Үндістанның атом энергиясына сұранысы тұрақты түрде өсетін болады. Дамыған елдердің экономикасы да ядролық энергияға үміт артады. Мәселен, Англия жаңа ядролық блогтар салу жоспарын бекітті. Қазіргі кезде бір блок құрылысын жүргізуге дайындық қарқынды күшке енген. Сондай-ақ бұл ел тағы бір АЭС салуға тендер жариялады. Жоғарыда айтылған нақты мысалдардан көрініп тұрғандай ядролық энергетиканың болашағы– үмітті. Демек, әлемдік уран рыногындағы баға да қызығарлықтай деңгейге жетеді деп ойлаймыз.
– Экспорттық өрістің бүгіні және болашағы қандай деп білеміз?
– «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы – осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар әлемнің түкпір-түкпірімен байланыс орнатқан ұжым. Біздің тұтынушыларымыздың өзі – салмақты. Ұлттық компания қазірдің өзінде кең көлемдегі экспорттық шарт жасасқан. Алдағы уақытта да Қазақстанның табиғи уранын тарату өрісі кеңейе бермек. Неғұрлым көп тарапты мемлекеттік саясатқа сай болсақ, соғұрлым ісіміз жемісті болатынын түсінеміз. Өткен жылы уран экспортының өрісі былайша өрнектелді: Қытай, Еуропа, АҚШ, Индия, Оңтүстік Корея және Жапония. Яғни бізден ядролық отын сатып алатындар – осындай алыптар. Олардың экономикасы өсімге ұмтылатыны және белгілі. Демек, біздің бұл елдермен байланысымыз уақыт озған сайын нығая бермек. 2013 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы Америка Құрама Штаттарында өз өкілдігін ашты. Мұның қозғаушы күші – АҚШ, біздің ең көп тұтынушымыз екендігі болса, сонымен бірге, түпкі мақсатта осы Америка рыногында уран сату мөлшерін өсіру жоспары тұрды. Демек, ондағы өкілдігіміз бүгін мен болашаққа жұмыс істейді. Себебі қазірдің өзінде бұл мемлекетте 100 реактор жұмыс істеп тұр. Сөз арасында айта кетейік, компаниямыздың АҚШ-қа ядролық отын экспорты 2012 жылға қарағанда 20 пайызға өсті. Біз әлемдік уран рыногындағы көшбастаушы, қабырғалы компания ретінде танылып мойындалдық. Сондықтан да осы көшбастаушылық мәртебені одан әрі жетілдіріп, өнімімізді таратуды мейлінше кеңейте түспекпіз. Бұл – біздің бас жоспарымызда қарастырылған қадам.
– Инновациялық бағдарлама бойынша атқарылған жұмыс және болашаққа жоспар жайына тоқталсақ.
– Қалай десек те, ядролық энергетика және атом өнеркәсібі бұл күндері әлемдік ғылыми-техникалық дамудың қозғаушы күші болып саналады. Атом өнеркәсібіне жұмылған білім, ғылым қуаты айтарлықтай. Өндірісте уақыттан оза қимылдаушы ғылыми-инновациялық технологияны қолданудың нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы әлемдік атом индустриясының жетекшілерімен бәсекеде еш жаққа дес бермес деп ойлаймыз. Сол себепті де өз алдымызға асқаралы міндеттер қойдық. Онда сала мамандарының біліктілігін айтарлықтай жетілдіру, «ноу-хау», озық технологияны өндіріске енгізу, бір сөзбен айтқанда, компанияның интеллектуалды мүмкіндігін көтеру қарастырылған «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясында 2014 – 2022 жылдар аралығында инновациялық-технологиялық даму стратегиясын жасап басқармада бекіттік. Сол бағдарламамызда ««Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясында әрқашанда ғылыми, техникалық мүмкіндіктің жоғары деңгейде болып, уран өндірісі мен оны өңдеуде сирек және жер бетінде сирек кездесетін металлдар өндірісінде, химиялық реагенттер, баламалы технология, энергияның жаңа көздерін жасау сондай-ақ, компанияның күш қуатын интелектуалды негізге сүйене отырып ұдайы өсіру – басым бағыттардың бірі ретінде аталған. Осы саладағы жұмыстар үздіксіз және қарқынды жүргізілетін болады. Егер нақты инновацияға келетін болсақ, онда былай дер едім: бізде инновация уран шикізатын өндіру кезінде-ақ басталады. Мәселен, өндірістік компанияларымыз уранды жер астында тотықтыру арқылы алып, оның жер бетіне залалын азайтуды ертеден жүзеге асырып келеді. Бұл – өзіміздің отандық ғалымдардың көп жылдық ғылыми ізденістерінің нақты нәтижесі. Халықаралық МАГАТЭ агенттігі ядролық энергетика саласындағы құзырлы бақылаушы институт десек, сондағы білікті мамандардың өзі біздің жер астынан уранды тотықтырып алу тәсілімізді ең озық және қоршаған ортаға залалы жоқ таза технология ретінде танып бағалады. Уранды қаныққан тотық ретінде өндіру– байырғы экстракционды аффинаж күйінде өндіруден 3-4 есеге тиімді екені де дәлелденген ақиқат. Қаныққан тотық аффинажы тауарлы уран өндірісін ұлғайтты. 2013 жылы дәл осы тәсілмен өндірілген барлық 22021 тонна уранның 10 768 тоннасы дайындалды. 2014 жылы да шамамен, осы деңгей сақталмақ, ал бұл – шығын 70 млн долларға азаятынын білдіреді. Әңгімеміздің басында өнімнің өзіндік құнын азайту бағытында жақсы жұмыс істегенімізді айтып кетіп едім ғой. Міне, сол сөзімнің дәлелі осы көрсеткіштерден анықталады. Инновация ядролық отын әзірлеудің толық тізбегін тұйықтаудан да көрініс тапқан. Біз – уран өндірісінен осы шикізаттан ядролық реакторларда жанатын отын жасауға дейінгі жұмыстың бәрін игерген ұжымбыз. 2013 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен компаниясын құрдық. Ол Орал электрлік химия зауытындағы айыру кәсіпорны акциясының 26 пайызына ие болды. Сөйтіп, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы уранды байыту технологиясын да игеріп, игілікке жаратуда.
Инновациялық бағыттағы іс тек осылармен шектелмек емес. Болашаққа белгілеген жоспарлар жеткілікті. Атап айтар болсақ, Канаданың озық технология саласында жүрген CAMECO компаниясының озық технологиясы бойынша жұмыс істейтін аффинаж зауытын «Үлбі металлургия зауыты» негізінде салу жоспарланған. Оның өндірістік қуаты жылына 6000 тонна уранның үш тотығын (UO3) шығаруға шақталған. Екіншіден, Қытай атом электр станцияларында пайдаланылатын отындық уран қос тотығынан (UO2) жасалған түймелер өндірісін құру көзделуде. Бұл – Қытай үкіметімен және ондағы CGNPC-пен жасалған келісімшарт негізінде өмірге келетін игілік.
Үшіншіден, Қытайда жұмыс істеп тұрған қазіргі атом электр станцияларында жағатын уран құрастырмаларын өндіретін тағы бір зауыт ашпақпыз. Оның жылдық қуаттылығы 400 тоннаға лайықталған. Міне, осындай жаңалықты даму жоспарларымызда әлемнің көптеген мемлекеттеріндегі уран рыногын еншілеу белгіленген. Біздің бұл жоспарлар нақтылығымен де тартымды, тапсырыссыз тоқтап қалатын өндіріс болмайды деп сенеміз.
– Сирек металдар өндірісінің жағдайына келсек. Берилий, тантал және басқалар...
– Берилий, тантал өндірісімен «Үлбі металлургия зауыты» айналысады. Бұл – 65 жылдық тарихы бар өндіріс орны «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының іліктес кәсіпорны. Ескерте кетейін, бұл жерде берилий, тантал өндірісінің барлық тізбегі игерілген, әуелі шикізат толық өңдеуден өтеді, содан соң одан сататын және пайдаланатын дайын бұйым шығарылады. Берилий зауытының негізгі өнімі – берилийден лигатура жасап шығару. Ал танталдан тантал ұнтағын және конденцаторлар өндірісінде пайдаланатын тантал сымын, тантал құймаларын сондай-ақ лигатуралар жасап шығарамыз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2008 жылғы Жапонияға мемлекеттік сапары барысында жасалған келісімшарттар негізінде, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы Қазақстанда сирек металдар класстерін ұйымдастыру ісін қолға алды. Президентіміздің тікелей тапсырмасы бойынша 2010 жылы Жапонияның Сумитомо корпорациясымен бірлескен «SARECO» компаниясы құрылды. 2012 жылы Степногорск қаласында Қазақстандағы тұңғыш сирек металдар концентрантын шығаратын өндіріс орны жұмыс істей бастады. Оның жылдық қуаты 1500 тонна TREO шығару, 2017 жылға қарай оның қуаттылығы өсіп, жылына 5000 тонна TREO шығару жоспарланған. Зауыт термикалық және гидрометаллургиялық жолмен шикізатты өңдейді. Турасын айтқанда, бұл – Қазақстан Жапон және Еуропа инженер-ғалымдары ойлап тапқан жаңалықтың жүзеге асуы деген сөз. «SARECO» бірлескен кәсіпорнының негізгі міндеті дүниежүзі бойынша жоғары сұранысқа ие тербий, диспрозий, неодим, иттрий және басқа сирек кездесетін металдардың ауыр түрлерін шығарады. Шикізат өндірісінен озық технологиялық өндірістерде пайдаланылатын сирек металдар шығаруға дейінгі тізбекті толық тұйықтап және осы салада әлемдік рыноктың белсенді ойыншысы болуды көздеген «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы 2017 жылға қарай өзінің осы салада жұмыс істейтін жеке кәсіпорнын құруды жоспарлады. Бұл жоспардың жүзеге асары сөзсіз. Демек, Қазақстан және оның қанатын кеңге жайған ұлттық компаниясы ядролық шикізат өндірісінде ғана емес, сонымен бірге, әлемдік сирек металдар рыногында да көшбасшы болуға талпынып, нақты жоспармен жұмыс істеп жатыр деуге толық негіз бар.
– Ұлттық компанияның ядролық энергетика, ядролық физика саласындағы отандық ғылымды дамытуға ықпалы қандай?
– Экономиканың әңгіме өзегіне айналған саласын дамыту сөз жоқ ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижелеріне тікелей қатысты. Сондықтан да ұдайы алда болуды жоспарлаған ұлттық компания басшылығы елімізде салалық және қуатты ғылыми-зерттеу кешені болуын қалайды. Осыны ескерген «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы отандық және ұлттық қажеттіліктерді, сондай-ақ мүмкіндіктерді ескере отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарының кешенді басым бағыттарын анықтады. Соның негіздерінде 2014 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының ғылым мен техниканы және инновацияны дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Ол тоғыз тарауға бөлінген және «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының мүдделерін түгел қамтитын, атап айтар болсақ, геологиялық зерттеулерден бастап, энергетикалық жүйелерге дейінгіні тегіс қамтыған. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға 9 млрд теңге жұмсалмақ. Ғылым мен техниканы дамытуға бір компанияда осыншама қаржы жұмсау – сирек кездесетін жағдай.
Бұл саладағы біздің ұстанымымыз Елбасымыз белгілеп бергеніндей айқын, ол – Қазақстан Республикасының әлемдегі отыз дамыған елдің қатарында болуы үшін инновациялық өндірісті дамыту. Ал инновациялық өндірісте атом энергиясы өндірістік кешені әрқашанда локомотив қызметін атқаруы тиіс. Бейбіт атом технологиясын дамыту Қазақстан экономикасының негіздері – металлургия, энергетика, тау-кен және химия өнеркәсібін өрістетуге қозғаушы күштей әсер етуі тиіс. Айталық Қазақстанның химия өнеркәсібі– республикадағы негізгі салалардың бірі. 2009 жылы оның үлесі республика өнеркәсібінің 10 пайызын құрады. Ал «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының негізінде және қолдауымен өмірге келген ғылыми жаңалықтар оны одан әрі дамытуға тиіс.
Ескеретін тұс, Қазақстанның химия өнеркәсібі отандық бай шикізатқа негізделген. Ол мұнай- газ өнеркәсібін дамытуда металлургиядағы күкірт қышқылы газын жою ісімен шұғылдануда. Сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан аймақтарындағы тұздың бай қорын зерттеп игеруде. Егер Менделеев кестесінде 110 химиялық элемент болса, оның 99-ы Қазақстанның жер қойнауында бар. 78-і барланған, 60-тан астам химиялық элемент өндірілуде. Сондықтан да «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы өзінің 2014-2016 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасында ғылымның сан саласын қамтыды деуге толық негіз бар. Қалай болғанда да, біз осы салада жетекшілік қызметімізді абыроймен атқаруға тиіспіз. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы өзі қызмет істеген уақыт ішінде интелектуалды меншікті дамытып, қорғауға және қолдауға ерекше көңіл бөлді. Атап айтар болсақ, өнеркәсіпке 200-ден астам интелектуалдық меншік жасалынды. Оның тең жартысы Қазақстан Республикасының арнайы құжаттары арқылы заңдастырылған .
Авторлық құқыққа ерекше мән береміз. Электрлі есептеу машиналары бойынша 20 бағдарлама авторлық құқыққа ие. Біздің интеллектуалдық меншіктеріміздің жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрап тұр. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясындағы материалдық емес активтердің бүгінгі бағасы бүкіл компания бағасының бір пайызына тең. Ал халықаралық талап бойынша осы заманғы компаниялардағы материалдық емес құндылық жалпы компания бағасының 30 пайызына тең болуы керек екен. Демек, біз дұрыс бағытта яғни дамуды жеделдету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша, 2016 жылға қарай «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясындағы материалдық емес құнды актив бүкіл компания меншігінің 2,5 пайызына жетуі керек. Ал ол 2020 жылға қарай 100 млрд теңгені құрап, халықаралық қалып деңгейінен көрінуі тиіс. Міне, біздің бұл саладағы жұмысымыз осылайша өрнектеледі. Ғылымды дамытуға көңіл бөлу материалдық емес активтерді молайтудың жалғыз жолы екенін білгендіктен де, бұл салаға ерекше маңыз бере бермекпіз.
– Ядролық энергетика кешендерінде жұмыс істейтін мамандарды даярлау қалай дамып жатыр?
– «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы өз жұмысшыларын, жастарды еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында, Ресей Федерациясының оқу орындарында оқытып алуды әдетке айналдырған. 2014 жылы компания есебінен Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарында (Қ.И.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университет, Ш. Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде, Алматы энергетика және байланыс университетінде, Тараз техникалық институтында, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Мақсат колледжінде, Тараз гуманитарлы-техникалық колледжінде, Шымкент техникалық колледжінде) 295 студент оқып білім алуда. Олар, негізінен «Тау-кен ісі», «Автоматтандыру және басқару», «Технологиялық машиналар және жабдықтар», «Электроэнергетика», «Машина жасау», «Жылу энергетикасы» мамандықтарын иегеруде. Ресей жоғары оқу орындарында 55 студентті компания қаражаты есебінен оқытып жатырмыз. Олар Мәскеу инженерлік физика институтында, Томск политехникалық университетінде, Мәскеу болат және балқыма институтында, Орал мемлекеттік тау-кен университетінде елімізде жоқ мамандықты игеруде. Атап айтар болсақ, «Электроника және жабдықтар автоматикасы», «Изотоптар және ядролық отынды жасау технологиясы», «Ядролық физика және технология» мамандары болып оралады. Еліміздің қолданбалы ғылымын дамытуда бұлар алтын қор болып қосылады деуге толық негіз бар.
Бүгінге дейін компанияның 3303 жұмысшы қызметкері «Өндірістік қауіпсіздік», «Техникалық қауіпсіздік», «Инновациялық менеджмент», «Уран кеніштерін игеру», «Уранның химиялық технологиясы», «Уранның геотехнологиясы», «Уран өңдеудің химиялық негіздері» және басқа бағдарламалар бойынша білім алды және біліктілігін көтерді. Қорыта айтқанда, бұл саладағы жұмысымыз екі бағытта атқарылуда, оның бірі арнайы оқу орындарында өзімізге қажетті мамандарды компания есебінен оқытып алу болса, екіншісі – жұмыс істеп жүрген қызметкерлеріміздің біліктілігін, кәсіби шеберлігін ұдайы көтеруге бағытталған. Өйткені әрқашан да даму кілті – адамда, адамды дамытпай, адам капиталын, адам мүмкіндігін дамытпай даму мүмкін емес. Бұл – бізге Елбасы жүктеген міндет.
– Әңгімеңізге рақмет.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН
Дереккөзі: aikyn.kz