Ғылыми жаңалықтар

Алматыда Еуразиялық интеграция үдерісін зерттеу тақырыбында өткен байқаудың жеңімпазы анықталды

28.07.2014

6298

Алматыда Еуразиялық даму банкі техникалық көмек көрсету қорының байқауында Алматы Менеджмент университетінің «экономика және логистика» кафедрасының қызметкерлер тобы жеңімпаз атанды.
Бұл байқау осымен бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Ол Еуразиялық ықпалдастық үдерістерін зерттеуге және осы салада халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сонымен қатар баспалық қызметті қолдауға бағытталған.

«Біз осы өткен мамыр айында байқау аясында «Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты интеграциясының отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігіне ықпалы» деп аталатын жобаны ұсындық. Зерттеу жұмысының мақсаты - Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін бағалап, оның бәсекеге қабілеттілігіне қатысты нақты ұсыныстарды алға тарту еді. Биыл байқауда 4 негізгі бағыт белгіленді. Олар: қаржылық және техникалық интеграция, өңірлік және салалық интеграция, инфрақұрылымдық интеграция және агроөнеркәсіптік интеграция. Біздің кафедрада экономиканың нақты секторының зертханасы жұмыс істейтіндіктен, біз осы агроөнеркәсіпітк кешенді таңдап алдық. Ал енді, зерттеу қорытындысын 2015 жылдың ақпанында Еуразиялық даму банкінің сарапшыларына ұсынамыз», - деді өз сөзінде Алматы Менеджмент университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Әсел Өскелеңова.

Аталмыш университеттің кызметкерлер командасына таяуда байқаудың жеңімпазы ретінде Еуразиялық даму банкінің 15 000 долларлық гранты табыс етіледі. Бұл қаржы зерттеу жұмыстарына жұмсалады.

Команда төрт адамнан тұрады. Олар: жобаның жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алма Темірбекова, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әсел Өскелеңова, PhD докторы Шалқар Болысбаев және экономика ғылымдарының магистры Нұр Алдабергенов.

Айта кетелік, бұл байқауға биыл еліміздің басқа да бірқатар университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары қатысқан болатын.

Автор: Жаппарберген Айбота

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар