Биыл Назарбаев Университетіне 500 грант бөлінген. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде кешенді тестілеу қорытындыларына арналған брифинг барысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.
«Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарына мақсатты бағыттағы мемлекеттік грант орындары да айқындалды. Атап айтқанда, түркі тілдес мемлекеттер азаматтары үшін Қожа Ахмет Ясауи университетінде оқуға - 200 грант, Қазақстан азаматтарына Мәскеу мемлекеттік университетінде оқуға - 125 грант, Назарбаев Университеті оқу орнына - 500 грант, Моңғолия азаматтары үшін Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне - 25 грант, Ауғанстан азаматтарына 54 грант бөлініп отыр», - дейді вице-министр. Оның айтуынша, өнер саласының оқу орындарына жеке 770 грант қарастырылған.
«Қазіргі таңда министрлік конкурстық негізде түлектердің мемлекеттік грант бойынша білім алатын жоғары оқу орындарының тізімін анықтады. Бұл ретте республикамыздың 69 жоғары оқу орны мемлекеттік гранттар бойынша түлектерді бакалавр деңгейімен оқытуға қабылдай алатын болады», - дейді Т. Балықбаев.
Тоқтала кететін жайт, 23 шілдеден бастап 3 шілдеге дейін Қазақстан жоғары оқу орындарының білім гранттарына өтініш қабылдау басталған болатын. Биылғы жылы мемлекеттік тапсырыстың көлемі 34 мың 165 грантты құрап отыр. Ал жоғары оқу орындарына ие болған мемлекеттік грант иелерінің тізімі тамыз айының бірінші онкүндігінде белгілі болады.
Дереккөзі: inform.kz