Ғылыми жаңалықтар

«Инновациялық автобус» Қызылордаға келді

24.07.2014

5541

Қызылорда қаласына республикалық жаңа NIF50K бизнес-жоспарлар конкурсы аясында «Инновациялық автобус» келді.

Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының құзіретті арттыру бағдарламалары бойынша менеджері Анар Қожаниязова хабарлады. Қызылордалық үздік инновациялық жобалардың авторлары Назарбаев зияткерлік мектебінің алаңында өз жобаларын Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің сарапшылар тобына ұсыну үшiн жиналды.

«Жоба шарты бойынша үздік идеясы барлар конкурсқа қатысады. Жеңіп шыққандарға қайтарымсыз грант: 1-ші орынға – 7,5 млн.теңге, 2-ші орынға – 2,5 млн. және үшінші орынға 1 млн теңге қаржы қарастырылған. Конкурс шарты бойынша ең үздік жобаның авторлары телешоу қатысушылары атанады», – делінген хабарламада.

Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев жергілікті атқарушы органдардың өкiлдерiмен, БАҚ өкілдерімен және кәсіпкерлерге кызмет көрсету орталығының кеңесшілерімен бірге күтіп алды.

Өтініш беруге келгендердің арасында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында гранттық қаржыландыруға ие болып, Қызылорда қаласында алғашқы «Коворкинг орталықты» ашқан жас кәсіпкер Нұржан Тәжбенов өзінің «Сутекті газды алуға арналған қондырғы жасау» атты жаңа жобасын сарапшылар назарына ұсынды. Жобаның тұжырымдамасы бойынша аталған қондырғы автокөліктерге, авиациялық және тамақ өндірісіне қолданылатын сутекті газды шығаруға мүмкіндік береді.

Келесі бір қызықты идея Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Айзат Абдраманованың «Қиын математикалық тапсырмаларды есептеп шығаруға арналған тригонометрикалық сағатты жасау» жобасы болды. Аталған жобаны Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарушы директоры Серік Маратов ерекше атап өтіп, Айзатқа Стив Джобстың кітабын сыйлады.

Дереккөзі: today.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар