Қарағандыда жастар арасында өткен «Atameken Startup» бизнес-идеясы байқауының ең жас қатысушысы 11 жасар Алдияр Божбанов 100 мың теңге көлемінде арнайы жүлдеге ие болды.
Тиісті шешімді әділқазы мүшелері жариялады.
Байқауда №101 мектеп-лицейдің 7-ші сынып оқушысы А.Божбанов электрсіз, яғни адамның қолының бұлшық етінің күшімен жұмыс жасайтын мобильдік әмбебап зарядтау құрылғысын пайдалану идеясын ұсынды. Автордың айтуынша, ол қазір тәжірибелік үлгіні жинаумен айналысып жатыр екен.
«Алдияр төрт жасынан бастап мектепке барған. Бес жасында бірінші сыныпты аяқтады. Қазір ғылыммен әуестенуде», - дейді анасы Раушан Божбанова.
300 мың теңге көлемінде ақшалай жүлдемен бірінші орын MAKERY командасына бұйырды. Болашақ бағдарламашы студенттер Асылбек Мырзахметов пен Алмас Сапарғали роботтарды дербес құрастыру үшін керек-жарақтар жиынтығын сату идеясын жүзеге асырғысы келеді. Екінші орынды ONLINE MALL қағидаты бойынша ғаламтор платформасын құру (өңірдің ірі сауда орталықтарын біріктіру) жобасы алды, оның авторлары 200 мың теңге жүлде алды. 100 мың теңге жүлдемен үшінші орынды «Чудо чадо» командасы жеңіп алды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағандыда 18-20 шілде аралығында Atameken Startup жастар кәсіпкерлігін қолдау байқауы өтті. Онда 100-ден астам қатысушылар 50-ден астам бизнес-идеялар ұсынды. Финалға 14 команда қатысты.
Айта кетейік, Atameken Startup - жастар кәсіпкерлігін қолдау жобасы, ол Startup Weekend форматының франшизасы болып табылады (www.startupweekend.org). Қазақстанда жоба 2012 жылы пайда болды.
Дереккөзі: inform.kz