Өзектi

Плагиат білім емес, көшірме ғылым емес

14.07.2014

10326

«Антиплагиат» жүйесі бойынша 2010 жылдан бері тексерілген 7 мыңға жуық ғылыми еңбектің 9,7 пайызынан плагиаттық «қолтаңба» анықталған. Ал еліміздегі әрбір 10-шы ғылыми жұмыс плагиат. Мұндай мәліметті Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жария етті. Төменде аталған орталық мамандары плагиатқа қарсы қалай күресу қажеттігін айтады.

Қамарсұлу ЕЛЕУКЕНОВА,
Ұлттық ғылыми техникалық ақпарат орталығы, ақпараттық ресурсты қалыптастыру департаментінің директоры:
Сілтеме қайда?

Плагиат жағымсыз құбылыс. Біреудің ойын меншіктей салу оңай. Бізде сілтеме жоқтың қасы. Ал плагиат көп жағдайда кандидаттық және докторлық диссертацияларға қатысты, соңғы кездері студенттердің ғылыми жұмысынан көптеген шикіліктер шығып жатыр. Ал бұған қар­сы күрестің бірден-бір жолы – жаза. Бізде біреудің жұмысын ием­денгенді жазалаудың тиімді шарасы жоқ. Ғылыми плагиатқа қарсы ауқымды күрес жүргізу үшін мұндайларға қомақты айыппұл салу керек. Бұл – бір. Екіншіден, плагиаторды грант алу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарға мен ғылым-техникалық бағдарлама бойынша кон­курстық жұмысқа қатысу мүмкіндігінен айыру қажет. Бұл мақсатта елімізде «Антиплагиат» жүйесі қолға алынған болатын. 2010 және 2014 жылдың аралығында біздің орталық барлығы 5721 жұмысты сын сүзгісінен өткізді. Сілтемесі көрсетілмеген, басқа автордан ұрланған ғылыми жұмыстың үлесі 8,1 пайызды құрады...

Сержан АМАНОВ,
биология ғылымының кандидаты:
Сынықтан сылтау іздеп кетеміз...

«Антиплагиат» жүйесі жақсы-ақ. Бірақ кінәраты, кемшілігі бар. Плагиат дегеніміз не? Бұл ұрлық. Ал «Антиплагиат» бағдарламасында компьютер сәйкес сөздердің санын есепке алады. Айталық, Қазақстандағы оқу орнының бірін­де ғылыми жұмысқа қойылар талап – мәтіннің 75 пайызы қайталанбауы, орысша айтқанда «уникальный» болуы керек. Мұның кері сипаты кейбір терминді, сөздерді қайталамау мүмкін емес. Мысалы, диссертациялық жұмыстың көпшілігі «аталған дис­сертациялық зерттеудің өзектілігі мынаған негізделеді...» деп басталады. Қазір бізде мұндай сөздің барлығы плагиат ретінде қарастырылады. Ал жұмыстың мазмұнына ешкім үңілмейді. Айталық, екі адам ұқсас тақырыптағы ғылыми жұмысты бастады делік. Мұндағы сөз сәйкестігі 80 пайызды құрады. Себебі екі ғалымның да аталған тақырыпты зерт­теудегі әдіс-тәсілі бірдей. Ендеше, бұлардың қайсыбірін «интеллектуалды жекеменшікті ұрлады» деп сөгуге бола ма? Менің ойымша, плагиатты анықтау жүйесін жетілдіру керек.

Әділ ЫБЫРАЕВ, Ұлттық ғылыми техникалық ақпарат орталығының президенті:
Көшірме де, көпірме де көп
Бір-бірін мүлде білмейтін екі адамның ойы пен пікірі, белгілі зерттеуді жүйелеу, оны жеткізу тәсілі, тіпті сөз саптауы да бірдей болуы мүмкін. Мұндай жағдай тарихта бар. Айталық, әлі күнге дейін «радионы кім ойлап тапты?» деген сауалға нақты жауап жоқ. Бұл не Александр Попов, не Гильермо Маркони. Екеуі де радионы алғаш ойлап тапқан адамдар ретінде тарихқа енді. Бірақ әзіргі күні плагиаттың етек жайғаны сондай, бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Кейбір жұмыстың көшірме екені бірден-ақ байқалып тұрады. Мен жоғарыдағы Қамарсұлу ханымның дерегін сәл толықтыра кетейін. Соңғы төрт жылда «Антиплагиат» жүйесінің негізінде біз барлығы 7019 ғылыми жұмысты електен өткіздік. Оның ішінде 682 жұмыс «көшірме» деп танылды. Плагиаттың әсіресе докторлық және магистрлік диссертациядағы үлесі басым. Ал аталған жүйенің аясында тексеруден өткен 86 ғылым-зерттеу жұмысындағы көшірменің үлесі 22 пайыз. Яғни әрбір 5-ші жұмыс ұрланған. Бұл аз ба, айтыңызшы? Бұлай айтуға ауыз бармайды. Кей кездері, сенің сөзіңді, ойыңды меншіктеп алған мақаланы оқып, еріксіз таң қаласың.

Данияр САПАРҒАЛИЕВ, PhD, Almaty Management University Іргелі және қолданбалы зерттеулер басқармасы бастығының орынбасары:
«Мақала жарыстан» мән кетті
Сапа... Өкінішке қарай сын көтермейді. Түсіндіре кетейін. Ғылым саласын асты-үстіне шығарған реформадан кейін ғылыми қызметкердің жұмысын қаржыландыру әрі оның қызметтік өрлеуі, өсуі шетелдік журналда жарық көрген мақаласына байланысты болып тұр. Мұның нәтижесі болды... Бір ғана былтырғы жылы шетелдік журналда қазақ ғалымдарының 1114 ғылыми мақаласы жарық көрді. Бұл бұрнағы жылдармен салыс­тарғанда 3 есе көп. Бірақ бұ­лардың көпшілігі атын да, затын да еш­кім білмейтін, елеусіз, ғылыми ортада беделі жоқ басылымдар. Қазақ ғалымда­рының мақаласы жарияланған 5 журналдың екеуін ғана ел таниды. Өзгелері халықаралық ғылымда «қоқыс» санатындағы журналға жатады. Мұндай басылымда жарық көрген автордың тұтас елдің атына кір келтіретінін біздің ғалымдардың білмейтініне таңмын. «Мақала жарыс» шынайы ғылымның дамуына ешқандай үлес қоспайды. Шетелдік басылымда жарияланған мақаланың саны артқанмен, әлемдік ғылыми ортаға сол мақаланың қажеті шамалы болып тұр. Біздің ғалымдарға жасалатын сілтеме жоқтың қасы. Ешкім қызықпайды. Халықаралық Scopus жүйесі бойынша Қазақстан бұл тізімде 130 елдің ішінде 94-орында тұр. Ал біздің алдымызды Эфиопия, Танзания сияқты елдер орап кеткен...

Дамина ШАЙБАҚОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ PhD магистратура және докторантура институтының қызметкері:
«Ізбасарлар» көбейіп барады

Мен Германияда жұмыс істедім. Неміс студентінің сілтемеге соншалықты жауаппен қарайтынына таң қалғаным бар. Бұлар әрбір азат жолда кездесетін. Сөйтсем, оларда өзге­нің мәтініне сілтеме жасау, оқушы кезінен-ақ реферат дайындау барысында қалыптасқан екен. Батыста біреудің дайын дүниесін ұрлауға ұялады. Жалпы плагиатқа жиіркене қарайды. Мысалға, 2011 жылы Германия қорғаныс минис­трі Карл Гуттенберг плагиатпен ұстал­ды. Содан бері немістердің арасында бұған қатысты guttenbergen деп аталатын неологизм қалыптасты. Ал бізде қалай? Академиялық тәжірибеміз жұпыны. Зерттеу мәдениетіміз төмен. Ең сорақысы сол, қазір өзгенің дүние­сін меншіктеп алатындардың «ізбасарлары» көбейіп келеді...


P.S. Елімізде қазіргі күні ғылым саласына бөлінетін қаржының мөлшері ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) 3 пайызына да жетпейді. Айталық, өткен жылы ғылымға 49 млрд теңге бөлінген. Ал бұл ЖІӨ-нің 0,26 пайызы... Мұндай жағдайда аталған саланы экономика, оның ішінде өндіріспен ұштастыру мүмкін бе? Бұл екеуінің арасындағы байланыс­ты нығайтпай тұрып, инновациялық даму туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.

Дайындаған Думан БЫҚАЙ

Дереккөзі: jasqazaq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар