Өзектi

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ЕУРОСТАНДАРТТЫ ЕНГІЗЕМІЗ

10.07.2014

7076

Қоғам өмірі мен әлеуметтік саланың қозғаушы күші және елдегі экономикалық даму межелерінің айқындаушы күшi – білім мен ақпарат.
Еңлікхан ҚОЗЫБАЕВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің деканы, п.ғ.д, профессор:

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев алдағы он жылда еліміздің даму жолындағы стратегиялық басты бағыт – білім мен ғылым деп атап айтты. Қоғамның экономикалық және технологиялық, саяси және мәдени-рухани өрлеу қарқыны осы нысаналарға тікелей байланысты. Қоғамдық өрлеуге айқын сәйкестендірілген білім беру жүйесінің деңгейі өте жоғары болуына ерекше мән беруді Президент Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында үнемі ескереді.

Атап айтқанда, 2007 жылы «Әлемдік стандарттар деңгейіндегі білім берудің сапалы қызметін еліміздің барлық білім беру мекемелерінде ұсынуға қолжеткізуіміз керек. Жалпы, заманауи дамыған әрі әлемдік шаруашылық байланыстарды жемісті игерген барлық мемлекеттер – «ақылды экономикаға» тәуекелге барғандар. Ал оны жасау үшін, ең алдымен, өзіміздің «адами капиталымызды» жасауға әрі дамытуға міндеттіміз» деген болатын.

Ал 2009 жылы «...Бізге ұлттық зияткерлік ұйытқыны жасау қажет, эрудициясы жоғары, сапалы адамдар қажет, олар халықаралық деңгейдегі бәсекелерге лайықты қабілетті болуы шарт. Бүгін білім беру үрдістеріне назар салудың маңызы өте жоғары. Іс-әрекетті орындайтын немесе жасайтын біліктілікті, білімді меңгеретін біліктілікті, өмір сүруге үйрететін біліктілікті, заман талаптарына лайықты бірлесіп өмір сүре алатын біліктіліктерді әрбір адамның бойына егу қажет» деп жаңа міндет жүктеген еді.

2010 жылғы Жолдауында ­«...Жо­ға­ры білімнің сапасы ең жоғарғы халықаралық талаптарға жауап беруі шарт. Еліміздегі ЖОО-ы әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің рейтингтеріне кіруге ұмтылуы керек» деген тапсырмасын берсе, 2013 жылы «Бәсекеге лайықты дамыған мемлекет болу үшін біз алдымен жоғары білімді ұлт болуымыз шарт» деп тағы да жаңа межелер белгілеп бергенін білеміз.

«Зияткер ұлт – 2020» атты Елбасымыздың ұсынған жобасы – бүгінгі таңда заман талабына лайықты жобалардың бірі. Оның мазмұнында ЮНЕСКО-да тұжырымдалған «білім беру жүйесінің төрт тірегі» жатыр: іс-әрекеттерді жасайтын немесе орындайтын біліктілік, білімді меңгеретін біліктілік, өмір сүруге үйрететін біліктілік, заманауи әлемде бірлесіп өмір сүре алатын біліктілік.

Осы орайда еліміздегі оқыту жүйесін халықаралық стандарттармен теңестіру үшін Болон бастамалары негізіндегі Еуроодақ мемлекеттеріндегі білім беру жүйелерінде болып жатқан өзгерістердi мұқият зерттегеніміз жөн. Бүгін әлемдік білім беру жүйесі жаңа беталыстардың ықпалымен дамып отыр. Анықтап айтқанда, көптеген дамушы елдердегі экономикалық дағдарыстар мен мемлекеттік берешектердің көбеюіне байланысты мемлекеттік қаржыландырудың қысқаруы, жеке бөлімдердің пайда болып жатуының да өзіндік себебі бар. Мәселен, университеттердің алуан түрлі салыстырмаларға, айталық, ұлттық, халықаралық және т.б. рейтингтерге «көзсіз сенуі», біліктіліктен брендтерге ығысуы, білім берудің әлемдік деңгейдегі жоғары бәсекелестігі, Қытай, Малайзия, Сингапурде жаңа институттардың пайда болуы тікелей әсерін тигізіп отыр. Сонымен бірге білім беру жүйесінде Online, IT-технологиялар ықпалының күшеюі, қоғамдағы көпұлттылық пен көші-қон әрекеттерінің нығаюы нәтижесінде жоғары білім беру жүйелерінің сипаты өзгерді. ЖОО-ның компаниялар мен қоғамдық институттардың серіктестік пен бірлесіп одақ құру іс-шараларының күшеюі де бұрынғы талаптар мен әдістерді өзгертті.

Студенттердің меңгерген біліміне және маманның құзіреттілігінің қалыптасқан деңгейіне байланысты бүгінгі жоғары білім беру жүйесінің әлемдік құрылымы жасалады. Соған сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда жоғары білім берудің жаңа көрсеткіш кестесі дайындалуда. Оның аясында орта білім беру бағдарламасының мазмұнын кезең-кезеңмен жаңарту, 200 мың шамасындағы мұғалімнің жоғары инновациялық біліктілігін қалыптастыру, тегін білім беру жүйесін мемлекет тарапынан қаржыландыру принципін енгізу, білім мен бизнес серіктестігін ұйымдастыруға негізделген шарттармен қамтамасыз ету сынды өзгерістер күтіп тұр. Инновациялық нақышта даму үшін, білікті кадрлар еңбек нарығындағы, қоғам мен экономикадағы талаптарға байланысты өз қызметін өзгертуге дайын болуы шарт.

Әлемдік тәжірибеде куәлендірілген бағаның мазмұнына, ең алдымен, маманның құзіреттер деңгейі енеді. Қазақстанда бұл принцип енді-енді даму үстінде. Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тығыз байланыс жасау арқылы, сонымен қатар ерікті өндірушілер қауымдастығымен бірлесіп, біліктіліктің ұлттық жүйесін жасау бойынша орасан көлемді жұмыстар жүргізуде. Біліктіліктің ұлттық жүйесінің Тұжырымдамасы мен біліктіліктің салалық шеңберінің үлгісі мен әдістемесі, кәсіби шеберлік стандарттарының әдіснамасы мен үлгісі, сонымен бірге экономикадағы бірқатар бөлімдерге арналған кәсіби шеберліктің стандарттары жетілдірілді.

Еуропалық одақта Еуропа парламентінің шешімі бойынша 2008 жылы 23 сәуірде біліктіліктің европалық шеңбері (БЕШ) жетілдіріліп бекітілген еді. БЕШ – біліктіліктің шеңбердегі сипаттамасы, ол жалпы біліктілік санаттар мен еуропалық ұлттық біліктіліктер арасындағы ортақ байланыстарды анық көрсетуге мақсатталған. БЕШ-тің құрылымында сегіз деңгейден құралған кіші шеңберлер бар, олардың әрқайсысы бір деңгейдің екіншісінен сапалы айырмашылықтарын белгілейтін білім, біліктілік, құзіреттер деп аталатын терминдермен сипатталады. БЕШ мемлекеттер арасындағы біліктілік деңгейлерін салыстыруға мүмкіндік жасайды, әрі оны біліктіліктің ұлттық шеңберін жетілдіруге бағдар жасау мақсатында пайдаланады.

Еуропадан алынған мәліметтерге сәйкес, біліктілік шеңберлері мазмұны толық қамтылған элементтер жинағымен әрі олардың бір-біріне өзара ықпал ету дәрежесімен айқындалады; олар не заңнамамен рәсімделеді немесе заңдастырылады деп айтсақ та болады немесе әлеуметтік серіктестіктер арасындағы ортақ ресми келісім негізінде әрекет жасайды. Еуропалық одақтың құрамындағы елдердің жалпы жағдайларына талдау жасау көрсеткендей, оқу нәтижелерін бір жағынан еңбек саласында, яғни жұмыс беруші тұжырымдайды. Оқыту нәтижелері әрбір мамандық бойынша мемлекеттік білім беру стандартында тіркеледі.

Оқу нәтижелеріне бағдарланған кәсіби білім берудің білім беру стандарттарына көшуі қазіргі уақытта Қазақстанда басталды. Сонымен бірге жұмыспен қамту орындары өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер ассоциациясымен бірлесіп, біліктіліктің кәсіби стандарттары мен салалық шеңберін жетілдіруде. Жақында мұндай бастаманы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтеріп, бірқатар колледждерді өз қарамақтарына алып, нағыз керекті кадр даярлауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Мұны еліміздегі маман дайындаудың бірте-бірте еуропалық жүйеге ауысуының бір көрінісі ретінде атап айтуға болады.

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар