Ғылыми жаңалықтар

ЕҰУ-де «Қазақстан және ғарыш» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

02.07.2014

6183

2014 жылы 1 шілде күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тәуелсіз Қазақстан ғарышкері Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшуының 20 жылдығына арналған «Қазақстан және ғарыш» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференция жұмысын Қазғарыш басшысының орынбасары Мейірбек Молдабеков жүргізді. Алғашқы сөз кезегін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев алып, ол өз сөзінде Тәуелсіз Қазақстан ғарышкерінің алғашқы ұшуы егемен еліміздің даму тарихында мәңгілік орын алатынын және ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып қалатынын жеткізді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының ресми тұлғалары, Ресей, Украина, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Голландия, Румыния елдерінің ұлттық ғарыш агенттіктері мен жетекші ғарыш компанияларының басшылары мен мамандары, ғалымдар, сарапшылар, қоғамдық өкілдер, отандық ғарыш саласының мамандары қатысты.
Іс-шараның құрметті қонақтарының арасында Т.Мұсабаевпен бірге ұшқан танымал Ресей ұшқыштары – Юрий Батурин, Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығының басшысы, ғарышкер Юрий Лончаков, КСРО ұшқыш-ғарышкері Анатолий Арцебарский, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ерлан Сыдықов және басқалар болды.
Пленарлық отырыстың шеңберінде Қазғарыш пен Агенттікке ведомстволық бағынысты ұйым («Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ, Қазғарыш серіктестері – шетелдік ғарыш компаниялары өкілдерінің, сондай-ақ, П.Ширшов атындағы ҰҒА Океанология институтының және «Ғарыштық аспап жасау ғылыми-зерттеу институты» ААҚ ресейлік әріптес-ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Конференция қатысушылары ғарыш қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының қол жеткен жетістіктері мен даму перспективаларын, әлемдік ғарыш қауымдастығында әрі қарай ықпалдасу мәселелерін талқылады, сондай-ақ ғарыш саласының ғылыми жетістіктері мен тәжірибе алмасты.
Іс-шараның соңында Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев өзінің қорытынды сөзінде халықаралық конференция жұмысына көңіл бөліп қатысқандары үшін жиналған жұртшылыққа алғыс білдіре келіп: - Елімнің басшылығының, әсіресе Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауының арқасында Тәуелсіз Қазақстан ғарышкерінің алғашқы ұшуы жүзеге асты. Мен өзімнің атымнан біздің Елбасымызға және барша Қазақстан халқына еліміздің мүддесін әлемдік ғарыш қауымдастығына танытудағы және іс жүзінде отандық ғарыш қызметінің дамуына көрсетіп жатқан жоғары қолдауы үшін алғысымды білдіремін, - деді.
Сонымен қатар конференция шеңберінде Т.Мұсабаевтың алғашқы ұшқаннан бастап агенттіктің ағымдағы қызметіне дейінгі аралықты қамтитын Қазақстанның ғарыш саласының даму жолын көрсететін арнайы фотокөрме, сондай-ақ, Қазғарыштың қарамағындағы ұйымдардың жетістіктері мен қол жеткізген табыстарына арналған көрме ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы халықаралық конференция аясында шетелдік қонақтар Астанада салынып жатқан Ұлттық ғарыш орталығында болып, оның ішінде Ақкөл қаласындағы Ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешенімен танысу жоспарланған.

Дереккөзі: enu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар