ЕҰУ-де Динара Сәдуақасованың «Шахматқа алғашқы қадам» атты кітабының тұсакесер рәсімі өтті
2014 жылы 30 маусым күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінде Динара Сәдуақасованың «Шахматқа алғашқы қадам» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсіміне ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігі, Астана қаласы шахмат клубы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлтттық конгресі, Қазақстан кәсіпкерлер палатасы атынан арнайы өкілдер қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, жазушы Әскен Нәбиевтің ұлы Марат Нәбиев пен Динараның анасы Орал апайдың әңгімесі тұсаукесер рәсімге жиналғандарды бей-жай қалдырмады. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының атынан сөз алған қаламгерлердің Динара Сәдуақасованың еңбегі мемлекет тарапынан қандай сыйлыққа да лайық деген ұсынысы көпшілік көңілінен шықты.
Расында да, Динара Сәдуақасова Порто-Карресте өткен Әлем чемпионатында туған еліміздің даңқын шығарып, 86 елдің өкілі, 99 бәсекелесін жолынан ығыстырып, ел қоржынына алтын салған шахматшы. Халықаралық әйелдер гроссмейстері нормасын орындаған ол әлемнің және Азияның үш мәрте күміс жүлдегері. «Отважная пешка», «Белая ладья» сияқты халықаралық турнирлерде бірнеше мәрте чемпион атанған Динара Ташкент қаласында әйелдер арасында өткен «Г.Агзамов мемориалы» халықаралық турнирінде, әйелдер арасындағы «Л.В. Руденко мемориалы – 2009» халықаралық турнирінде І-ші орындарды иеленді. «Dubai Juniors Chess Championships – 2010» халықаралық шахмат турнирінде тағы І-ші орынды және Дубай шейхінің, «Moscow Open» жүлделерін ұтып алды.
Қоржынында жалпы 41 медалі бар Динара Сәдуақасова Қазақстан шахматының тарихында ең бірінші болып 7 жасында 1 дәреже нормативін, 8 жасында спорт шеберіне үміткер нормативін орындаса, 11 жасында халықаралық спорт шеберіне үміткер болды. Қазақстан шахматының тарихында алғаш рет 11 жасында Қазақстан құрама командасына енді. 2008 жылы Дрезден қаласында Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасына қатысып, Ханты Мансийск қаласындағы Олимпиадада (2010) мүмкін болған 10 ұпайдың 6,5 ұпайын команда қоржынына салды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Динара Сәдуақасованың атындағы шахмат клубы ашылғаны тағы бар.
Тұсакесер рәсімінде сөз алған Динара Сәдуақасова жиналған жұртшылыққа алғыс айта келе, өз ойын былайша түйіндеді: – Еуразия ұлттық университеті нағыз жанашырыма айналды. Менің ұраным – одан әрі жетіле беру. Қазақстанға пайдамды тигізіп, халқымның, Елбасының даңқын арттыра бергім келеді. Ізгі ниет елшісі болғым келеді. Елімізде дарынды балаларға арналған интеллектуалдық ойындар академиясының ашылуын армандаймын. Осыдан да биік шыңнан көріне бергім келеді, болашақта қолға алсам деген армандарым өте көп. Ақырын-ақырын уақыт еншісімен сол армандарымды іске асырмақпын.
Дереккөзі: enu.kz