Ғылыми жаңалықтар

«Инновациялық автобус» жас ғалымдарды, болашақ бизнесмендерді іздеп ел аралауға шықты

23.06.2014

5804

Бүгін Астанадан ҚР ИЖТМ мен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ «Инновациялық автобусты» жолға шығарды. Петропавл қаласына бағыт алған бұл автобус бір айдың ішінде Қазақстанның барлық облыс орталықтарын аралап шығады. Республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауының ұйымдастырушылары еліміздің барлық өңірінен талантты өнертапқыштарды, жас ғалымдарды, болашақ бизнесмендерді іздестіреді.
«Бұл бастаманың басты мақсаты - барлық облыстарда өнертапқыштарға қолдау көрсетудің тетіктерін түсіндіру, инновацияларға ел азаматтарының қызығушылығын арттырып, байқауға қатысушыларды анықтау. Осы сапардың нәтижесі бойынша қатысушылардың тобын анықтайтын боламыз. Олар өз кезегінде инновациялық байқауға қатысады», - деді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министр Ерлан Сағадиев.

Оның сөзіне қарағанда, қызығушылық тудырған жобалардың иелері Астанаға шақыртылып, олар қорытынды шарадағы байқауға қатысады.

«Өнертапқыштардың жобалары еліміздің экономикалық, технологиялық дамуымен байланысты болуы тиіс. Кез келген қызықты инновациялық ұсыныстарға қолдау жасалады және олар міндетті түрде байқауға қатыстырылады», - деді Е. Сағадиев.

Байқау аясында жеңімпаздар өздерінің жобаларын бұдан әрі қарай өндірістік тұрғыда іске қосуы үшін оларға қаржылық қолдау жасалады.

Байқауда бірінші орын алғанға 7,5 млн. теңге, екінші орынға 2,5 млн. теңге, ал үшінші орынға 1 млн.теңге көлемінде грант бөлінеді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар