Ғылыми жаңалықтар

Павлодарлық конструкторлар бірегей жел қондырғысын жасады

10.06.2014

6647

Павлодарлық ғалымдар жасаған өнертабысының бірегейлігі сонда, жел генераторы бірден екі міндетті орындайды - энергия өндіреді және артезиан құдықтарынан су шығарады, деп хабарлады 24.kz телеарнасы.
Алғашқы өнеркәсіптік үлгі павлодарлық кәсіпорындардың бірінде жасалып жатыр. Таяудағы уақыттарда жоба авторлары оның сериялық өндірісін жолға қоймақшы.

Жоба авторлары - Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары. Олар қазіргі жел қондырғыларын жаңартып, оның сапалық сипаттамаларын жақсартты. Соның арқасында конструкторлар желдің ең төменгі жылдамдығынан барынша тиімділікке қол жеткізді. Салыстыратын болсақ, қытайлық осындай жел қондырғысынан бұл көрсеткіш 2 есе артық.

Ғылыми жасалымдарға машинатану факультетінің студенттері тартылды. Олардың күш салуымен жасаушылар тәжірибелік үлгіні әзірледі. Жоба Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстанның тұңғыш Президенті қорының грантымен қаржыландырылды. Жел қондырғысының құны 7 мың АҚШ доллары шамасында. Қытайлық өндірістен қымбатырақ болғанмен, одан әлдеқайда тиімді.

«Осы қондырғының жел дөңгелегін жасау міндеті қойылды. Біз жүргізген зерттеулер арқылы айналу жиілігін және негізгі көрсеткіш -қуатын 68 пайызға арттыру қажет деген қорытынды жасадық», дейді студент Сағыныш Нүркінбаев.

Бастысы - өнертабыстың әмбебаптығы. Көпфункционалдық пайдалану идеясы есебінен екі міндетті шешуге қол жеткізілді - электр энергиясын өндіреді және терең сулы ұңғыдан суды жоғары көтереді. Бұл мал шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын әлеуетті сатып алушылардың шығындарын едәуір үнемдейді. Павлодарлық конструкторлардың өнертабысының тағы бір ерекшелігі - жел қондырғысын орналастырылатын жеріне қарай жасауға болады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар