Өзектi

Ай неге алыстап барады?

04.06.2014

7463

Аспандағы Ай мен Күннің жерге өзіндік ықпалы барын бәріміз білеміз. Күн бізді жылытады, жерімізді көгалдандырады. Сол үшін де бізге аспандағы бұл жарық шамның пайдасы көбірек секілді көрінеді. Десе де, Айдың да атқаратын маңызды миссиясы бар.
Ол жердің қалыпты айналуына, теңіздердегі тіршілік иелерінің өмір сүруіне жайлы жағдай жасап тұр. Бір сөзбен айтқанда, Жердің қорғаушысы іспетті. Бір қынжылтатыны, түнгі мезгілде жер әлемді өзінің әдемі сәулесімен жарықтандыратын Ай жыл сайын бізден алыстап барады.
Негізі, осыдан миллиардтаған жыл бұрын Ай болмаған екен. Ол кезде Жер шары тіршілік етуге қолайсыз, ыстық мекендердің бірі болған деседі. Күндердің бір күні аспан әлемінде өз жолын түзіп, қалқып жүрген жас планетамызға үлкендігі Марспен тең өзге бір аспан денесі келіп соқтығысады. Осыдан 4,5 миллиард жыл бұрын орын алған бұл ірі аспандағы апаттан соң екі планетаның бөлшектері ғаламшарға шашырап, олардан бөлініп шыққан үлкен бөлшек өз орбитасын түзе бастайды. Ол ұшы қиыры жоқ ғаламшарға шашыраған жердің ұсақ бөлшектерін жинақтап, жеке планетаға айналады. Ол бізді түнгі шамымыз – Ай екен. Сол себеп­ті Жер мен Айды егіз планета деуге толық негіз бар. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасып, дамыған екі планета арасын­да өзара тартылыс күші пайда болған. Одан магнитті өріс пайда болып, көрін­бейтін бұл өріс жердің қорғаныс қабатын түзген. Яғни бүгінде бізді аспаннан келетін зиянды сәулелерден, әсіресе, күннен келетін ыстықтан қорғап тұрған осы қабат.
Сонымен қатар ай өзінің тартылыс күшімен жердің қозғалысына да едәуір әсер еткен. Мәселен, үлкен соқтығыстан соң, жердегі тәулік ұзақтығы 6 сағатты құраған. 3 сағат күннен кейін, 3 сағат түн келетін болған. Миллиондаған жылдардан соң, бұл уақыт қазіргі 24 сағатқа жеткен. Неге бұлай дейсіз ғой?! Негізі, Айдың жер­ге тікелей әсерінің бар екенін мұхит­тар­дағы су деңгейінің көтеріліп, төмен­деуі­нен анық көре аламыз. Ай өзінің тарты­лыс күшімен мұхиттардағы суды өзіне тартады. Бұлайша көкке «ұмтылған» судың жаға­лаулардағы деңгейі төмендейді. Тартылыс күші азайған уақытта су қайта қалпына келеді. Бұл құбылыс өз кезегінде Жердің жылдамдығына әсер етпей қоймайды. Ай суды өзіне тартса, Жер өз айналысымен кері тартады. Нәтижесінде, планетаның жылдамдығын баяулата түседі. Ғалым­дардың пайымдауынша, 1 миллиард жыл өткен соң, адамзат ұрпағының бір тәулігі­нің ұзақтығы 30 сағатты құрауы мүмкін.
Байқағаныңыздай алты ай жаз, алты ай қысы өз ретімен келетін, күні мен түні тең өтетін жердегі керемет жағдай Айдың күшімен қалыптасқан. Мамандардың пайымдауынша, 4,5 миллиард жыл бұрын аспан әлемінде үлкен соқтығыс болма­ғанда, одан ай бөлініп шықпағанда бүгінде біздің ғаламшарымыз дәл қазіргі Марстың күйін кешер еді. Өйткені Марс бүгінде тіршілікке қолайсыз планета. Мұны ма­ман­дар оның дәл жердікіндей «сенімді» серігінің болмауымен түсіндіреді. «Қызыл планета бұрындары дәл Жер секілді жайлы мекен болған шығар. Бірақ уақыт өте келе оның магниттік өрістері әлсіреп, суы күннің сәулелерінің тікелей әсер етуімен кеуіп кетті немесе суықтан мұзға айналған болу керек. Оның мұндай күйге ұшы­рауына маңында «сенімді» серігінің бол­мағандығы себеп. Бізді мұндай қа­терден сақтап тұрған Ай» дейді ғалымдар.
Бұдан шығаратын қорытынды, Ай бізді ғаламның зиянды ультракүлгін сәуле­лерінен, радиациядан, өзендерді суалтып, теңіздерді кептіріп жіберетін ыстықтан қорғап тұр. Минуттар мен секундтарды, тәулікті, мезгілдерді реттеп тұрған да сол. Ең қызығы, күндіз бізге Күн қандай қажет болса, судағы тіршілік иелеріне түнде Ай сондай керек екен. Өйткені ондағы тірші­лік иелерінің көбісі күндіз демалып, азы­ғын түнде іздейді. Солайша, олар өзінің өмір сүру тәртібін Айдың сәулесімен реттейді. Міне, осылайша, жер бетіндегі тіршілік атаулының тізбегін құрып тұрған Айдан күндердің бір күні айырылып қалуымыз мүмкін. НАСА-ның ғалымдары «Апполон» лазерлі өлшеу құралымен Жер мен Айдың арасындағы қашықтықты тексеріп, оның бізден жылына 3,8 сантиметрге алыстай­тынын анықтаған. Оның алыстауына, сенесіздер ме, Жердің өзі себепкер. Айдың тартылыс күшінен гөрі, жердің тартылыс күші артығырық. Сол себепті де, Айдың бізге әсерінен гөрі, Айға Жердің әсері көбірек. Жалпы, Ай өз орбитасында асық­пай айналады. Ал Жер одан жылдамырақ. Соның нәтижесінде, серігіміз де жыл өткен сайын жылдам­дығын арттыруға мәжбүр. Жылдамдық арт­­қан сайын оның айналу радиусы кеңейе түсетін көрінеді. «Егер Ай дәл осы қашықтығынан 10 пайызға, яғни 40 мың шақырымға ұзайтын болса адамзат үлкен апатқа тап болуы мүмкін» дейді амери­калық зерттеушілер. Мұндай жағдайда жердің басқа жаққа ауып кетпей, қалыпты жағдайда айналуын қамтамасыз етіп отырған Айдың тартылыс күші әлсірейді. Жер өз осінде тұрақсыз айнала бастамақ. Бұл өз кезегінде ауа райына теріс әсер етеді. Қазіргі шөлейтті жерлер аяқасты жаңбырлы өлкеге айна­лып, мұздықтар еріп, өмір бойы қыс болмаған аймақтарды қар басып, мына тыныш тіршіліктің астан-кестеңі шығуы ықтимал. Өсімдік­тер, жануарлар, адам­заттың өмір сүру тәртібі түгел бұзылады. Солайша, алыс болашақта Ай адамзат үшін алыс жұлдызға айналуы мүмкін. Әзірге зерттеген ғалым­дардың болжамы осындай.

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар