Ғылыми жаңалықтар

Адамдардың денсаулығы дүйсенбіде мазалайды

02.06.2014

5269

«Google» компаниясы жүргізген статистикаға сүйенсек, ғаламторда денсаулық жайлы көп іздеулер дүйсенбі күні келіп түседі екен. "Здоровье@mail.ru" порталының жазуынша, денсаулық жайлы сұрақтардың арасында «жүрек ұстамасы» бірінші орынға шығыпты.
Сан-Диего университетінің психологы бұл мәліметтердің шындыққа саятынын растап отыр. Өйткені, демалыста алаңсыз тыныққан ағза қарбалас жұмыс аптасына дүйсенбі күні бейімделуі қиын болады екен.
Орташа есеппен «Google» қолданушылары күнделікті 160 миллионға жуық сұрату жібереді. Зерттеушілер 2005 жыл мен 2012 жыл аралығындағы осындай сауалдарды сараптай келе, дүйсенбі мен сейсенбі күні денсаулық жайлы сұрақтардың өзге күндерге қарағанда отыз пайызға артық қойылатынын байқаған. Сәрсенбі күні бұл көрсеткіш 3%-ға төмендесе, бейсенбіде тағы 15%-ға азаяды. Осылай сенбі күні сауалдар сексен пайызға дейін азайып кетеді екен.
Мамандардың пікірінше, адамдардың апта басында денсаулығына алаңдаушылық білдіруі негізсіз емес. Себебі, жүрек ұстамалары, инфаркт, инсульт дүйсенбі күні жиірек мазалайды. Ғалымдар мұны демалыста көп адамның алкогольді ішімдік ішіп, дүйсенбіде жұмысқа шыққанда қосымша күйзеліске ұшырайтынымен байланыстырады.
Оның үстіне, дүйсенбі «ең ауыр» күн атанғаны қай заман. Сидней университетінің ғалымдары адамның көңіл-күйін түсіріп, мазасын қашыратын апта күнін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіп, нәтижесінде "ең ауыр" күн атына дүйсенбі ие болған. Адамдар аптаның алғашқы күнінің ертеңгілік мезгіліндегі жарты сағат уақытты психологиялық ауырлықты сезінумен өткізеді екен. Дүйсенбі күні таңертең кемінде 34 минут бойы өмірге құлшынысы болмай тұратыны анықталған. Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші тұрғын дүйсенбіні жек көретінін айтқан. Мұның басты себебі - демалыс күндерінен соң жұмыс режиміне түсудің қиындығы. Демалыста тоя тамақ жеп, көңіл көтерген адамдар дүйсенбіден бастап «жаңа өмір» бастағысы келеді. Ол аздай өздеріне «дүйсенбіден бастап шылымнан бас тартамын», «дүйсенбіден бастап диетаға отырамын, тәтті жемеймін», тағы сол сияқты уәделер береді.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар