Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұрақты дамуда жаһандық хабқа айналды - БҰҰ бағдарламасының жетекшісі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрақты дамуда жаһандық хабқа айналып отыр. Бұл туралы бүгін 7-ші Астана экономикалық форумы аясында өткен Азия университеттерінің 3-ші форумында БҰҰ-ның «академиялық ықпал» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран мәлім етті.
Оның атап өтуінше, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Астана экономикалық форумының ынтымақтастығы ғылыми білім мен ғылыми жаңалықтарды алға жылжытудағы жаңа бағыт болып табылады. Ал мұндай ынтымақтастық Қазақстанның экономикасы мен саясатына ықпал ететіндігі сөзсіз. Сондай-ақ ол Қазақ ұлттық университеті тұрақты дамуға бағытталған шараларының арқасында бүгінде бұл саладағы жаһандық хабқа айналғанын баса айтты.
Айта кетерлігі, әлемнің 40 елінің 100-ден астам басшылары қатысқан бүгінгі форумның қорытындысында арнайы қарар қабылданды. Аталған құжатта қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы кәсіби мамандарға деген қоғамдық сұранысты қанағаттандыру мақсатында университеттердің тұрақты даму идеологиясын, ақпараттарын және білім беру, зерттеу бағдарламаларын тарататын орталықтарға айналуына мүмкіндік жасау қарастырылған. Сондай-ақ онда университеттердің оқу бағдарламаларына тұрақты даму туралы бөлім енгізуге ұйытқы болу да көтерілген.
«Бүкіл әлем университеттеріне тарату және енгізу үшін БҰҰ-ның «академиялық ықпалдастық» бағдарламасының жаһандық хабын басқарушы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Университеттердің тұрақты дамуы бойынша үлгі жоспары» туралы бастамасына қолдау көрсету қажет», - делінген аталған құжатта.
Автор: Марлан Жиембай
Дереккөзі: inform.kz