Ғылыми жаңалықтар

ЖОО бітірушілерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 10 пайызға артты - А.Сәрінжіпов

19.05.2014

5152

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің қолға алған жұмыстары нәтижесінде жоғары оқу орындары бітірушілерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 10 пайызға артты. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары туралы» парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай деп айтты.
«Бүгінде 130 ЖОО мен 849 колледжде миллионнан астам адам білім алуда. Жыл сайын 300 мың түлек еңбек нарығына шығады. Олардың көпшілігі, яғни 80 пайызы жоғары оқу орнынан кейін, 70 пайызы колледжден кейін кәсіптері бойынша алғашқы жылы жұмысқа орналасады», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, соңғы 3 жылда техникалық және кәсіптік білім беруге арналған бюджет қаражаты 2 есеге дейін ұлғайды. Колледждердегі шеберханаларды жабдықтауға арналған қаражат 6 есеге өсті. Дуалды оқыту жүйесі енгізілуде.

«Заманауи оқу орындары мен басқарудың жаңа модельдері құрылуда. Нәтижесінде бітірушілерді мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 10 пайызға артты», - дед А.Сәрінжіпов.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 2 жылдың ішінде жоғары білім беру саласын қаржыландыру 20 пайызға артып отыр. Жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру нәтижесінде олардың саны 16-ға азайды. 2013 жылы 9 ЖОО халықаралық рейтингке енді. Ал оларды ғылымын қаржыландыру көлемі 7 есеге артты.

«Осылайша кәсіптік білім беру жүйесі экономика үшін кадрлар даярлаудағы өз міндетін орындауда», - деді ол.

Автор: Марлан Жиембай

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар