Астана. 16 мамыр. Baq.kz – АҚШ дәрігерлері қызылша ауруының вирусы арқылы қатерлі ісіктің ауыр түріне шалдыққан науқасты аяққа тұрғызды. The Washington Post газетінің хабарлауынша, 50 жастағы миннесоталық тұрғын Стейси Эрхольц жілік майының рагына шалдыққан.
Ісікті емдеудің дәстүрлі түрлері науқасқа көмектеспепті. Салдарынан уақыт өткен сайын рак әйелдің бүкіл ағзасына тамырлап кетіп, миына бір-ақ жеткен.
Рочестер қаласындағы Майо клиникасының дәрігерлері Эрхольцке емдеудің су жаңа түрін сынап көруді ұсынады. Өмірден үмітін үзген әйел бірден келіскен. Мұнан кейін дәрігерлер науқасқа қызылшаның 10 миллион адамға жететіндей вирусын еккен көрінеді. Араға бес минут салып Эрхольц басының өте қатты ауырып жатқанын айтып шағымданған. Екі сағаттан кейін ол қалтырап, құса бастапты. Дене қысымы 40,5 градусқа көтерілген. Дегенмен, араға үш күн салып, дәрігерлер науқастың басындағы ісіктің кішірейіп қалғанын байқады. Араға бірер апта салып ісік мүлдем ағзадан жоғалып кеткен.
Эрхольцті емдеген дәрігер Стивен Рассел ресми түрде қатерлі ісікті жеңгенін мәлімдеп отыр. Науқастың ағзасында рак тамырларымен жойылды деді ол.
Алайда, дәл осындай жолмен емделген тағы бір науқасқа ем қонған жоқ.
Дереккөзі: baq.kz