Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан ғалымдар одағының президенті, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Оразалы Сәбденовтың «Адамзаттың 21 ғасырдағы өмір сүру стратегиясының концепциясы» атты дәрісі және 22-томдық таңдамалы еңбектерінің презентациясы өтті. Дәріске оқытушы-профессорлар, PhD докторанттар, магистранттар, Түркістан қаласындағы кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Жиын басында университет президенті, профессор У.Әбдібеков, І вице-президент Мұса Йылдыз О.Сәбденге оқу ордамызға келгені үшін алғысы мен құттықтау тілегін білдірді. Профессор өз дәрісінде Түркістан қаласының дамуына үлкен серпін беретін «Жаңа Түркістан» халықаралық мегажоба арқылы Түркістанды рухани астанаға айналдыру, XXI ғасырдың талабына сай Еуразиялық интеграциялық идеямен дамыту, Түркістанда дін, мәдениет академиясын ашу керектігін алға тартты. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері 22 томдық таңдамалы еңбектерін университеттің ғылыми кітапханасына тарту етті.
Дәріс соңында университет ректоры, профессор У. Әбдібеков профессорға университеттің құрметті докторы академиялық атағын табыстап, шапан кигізіп, естелікке кәдесый тапсырды.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің PR медиа орталығы