Ғылыми жаңалықтар

ЭСКАТО Қазақстанға ғылыми зерттеулерге инвестиция көлемін арттыруды ұсынды

04.05.2014

5312

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ғылыми зерттеулерге инвестиция көлемін арттырғаны абзалырақ.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Азия Даму Банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысы аясындағы конференцияда БҰҰ Азия және Тынық Мұхиты аймағы Экономикалық Комиссиясының (ЭСКАТО) Атқарушы директоры Шамшид Ахтар осындай ұсыныс білдірді.

Жиында сөйлеген сөзінде Шамшид Ахтар ханым қазақстандық индустрияландыру саясатына тоқтала келе, «шындығында, бәсекеге қабілетті инвестициялық мүмкіндік ұсынатын мемлекеттер экономиканың әртараптануын қамтамасыз ете алады» деген пікірін алға тартты. Сонымен қатар, мәртебелі мейман индустрияландыру саясатын реформалауда негізгі үш компонентке баса назар аударудың маңыздылығын атап өтті.

«Біріншіден, мемлекеттік кәсіпорындарды қоса алғанда жергілікті компаниялар үшін теңдей жағдайлар құрыла отырып, инвестиция өнімді секторға бағытталуы керек. Әлбетте, жеке сектор қаражатын тарту маңызды. Бұған ұлттық компанияларды жекешелендіру мен шетелдік инвесторларға кедергілерді жою мысал бола алады. Екіншіден, шағын және орта кәсіпкерлерге кешенді қолдау. Бұл ретте қазақстандық қаржы секторы шағын және орта бизнестің сұранысын қанағаттандыра алғаны маңызды», - деді Ш. Ахтар.

ЭСКАТО өкілі тоқтаған үшінші маңызды мәселе - «Қазақстандағы зерттеулерге инвестиция көлемін арттыру».

«Қазақстан бүгінгі күні ғылыми зерттеулерге Ішкі жалпы өнімнің 0,2 пайызын бөліп отыр, бұл біршама төмен көрсеткіш. Мәселен, даму деңгейі Қазақстанмен бірдей мемлекеттер зерттеулерге ІЖӨ-нің 1-1,5 пайызын бөледі. Сондықтан да, мен Қазақстанның ғылыми хаб ретіндегі осы көрсеткіште көшбасшы болуға ұмтылатынына сенім білдіргім келеді», - деді сарапшы.

Дереккөзі: http://www.inform.kz/kaz/article/2654480

«« | »»
Соңғы жаңалықтар