Ғылыми жаңалықтар

Математика майталманы

28.04.2014

6453

Тумысынан біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ, бірақ іскерлігі сүйсінерлік азаматтар болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осындай адамдардың қатарынан.
Сәтбай Қабақбаев Ақтөбе өңірінің тумасы. Әкесі Жұмағали ауылдық кеңестің төрағасы болған. Ол уақытында еліне елеулі, халқына қалаулы тұлға атанды. Анасы Бейбіш үйде болып, бала тәрбиесімен айналысты. Мектеппен тығыз байланыс жасап, ата-аналар комитетінің төрайымына сайланды. Осындай отбасында тәрбиеленген ағайындылар мектепте үздік оқып, қатарларының алды болды.

Шалқар қаласындағы №2 қазақ орта мектебін бітірген алғашқы 56 түлектің ішіндегі жалғыз алтын медальдың иегері атанған Сәтбай Мәскеудегі оқу орындарының біріне түсуді армандаған. Дегенмен, бұйырыс басқаша болды. ҚазМУ-дың механика-математика факультетінде білім алды. Бала кезінде «Білім және еңбек» журналын жастана оқыған. Ондағы академиктердің сурет­теріне қызыға қарайтын. Ақырында сол ағаларының дәрісін тыңдау бақыты бұйырды.
«Әке-шешеміз жақсы оқыға­нымызды қалады. Тәртібімізге, білімімізге қатты көңіл аударды. Менің математиканы таңдауымның өзіне де анам себепкер болды. Ауылдық жерде физика мен математикадан беретін мұғалім болмай, басқа сабақтың мұғалімі оқыта беретін. Бірде ата-аналар жиналысына қатысып отырған анам: «Неге математикадан мұғалім жоқ, ана мұғалімдер дұрыс сабақ бере алмайды» десе, жанында отырған абысыны «Сенің балаң математик болады деймісің, тыныш отырсаңшы» депті. Үйге келіп бізге: «Мені ұятқа қалдырмаңдар, мен сендер үшін математикадан, физикадан мұғалім сұрап жатырмын» деді. Сол жылы Атыраудың педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітірген Жанат, Насиха есімді екі жас маман келді. Менің математикаға әуестігім, сол 7-сыныптан басталды» деп еске алады Сәтбай Жұмағалиұлы.
Жастайынан кітап оқып, біліммен сусындап өскен бозбалаға оқу қиындық тудырмады. Оқып жүріп отбасын құрды. Оқу орнын тәмамдаған соң, көп ойланбай Ақтөбеге ат басын бұрды.
Алғашқы еңбек жолын Алматы темір­жол институтының Ақтөбедегі филиалынан бастады. Алғашқыда лаборант, ком­со­мол ұйымының хатшысы, ассистент болып жұмыс істеді. Алғырлығының арқасы шығар, көп ұзамай Мәскеу қаласын­дағы М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетіне оқуға жіберілді. Мұнда Москва энергетика институтында, автоматика-телемеханика институтында, теміржол институтында тәжірибеден өтті. Тәжі­рибе жинақтай келе, аспирантураға қабылданды. 1992 жылы Мәскеудің энергетика институтында «Параболалық типтегі диффренциальдық теңдеулердің шешімдерінің тегістігі жөнінде» ғылыми тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Әлемдік деңгейде аты шыққан ғалымдардың алдында баяндама жасады. Ал 2000 жылы физика-математика ғылымдарының докторы атағын қорғады.
1992-1998 жылдары М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтөбе филиалында кафедра меңгерушісі, доцент, 1998-2003 жылдары Орталық Азия университетінің Ақтөбе қаласындағы филиалының директоры, осы университеттің Батыс аймағы бойынша ректоры қызметін атқарады.
2003-2007 жылдары М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтөбе филиалында кафедра меңгерушісі, сосын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Сапа мониторинг» бөлімін басқарды.
Сәтбай Жұмағалиұлының тағы бір қырына тоқталайық. Ғылыми-оқытушы­лық жұмыстармен қатар физика-математика ғылымдарына қатысты еңбектерді қазақ тіліне аударып, үлкен іс тындырып жүр. Ресейлік ғалымдар В.Б.Монсик, А.А.Скрынниковтың техни­калық жоғары оқу орындарының студент­теріне, магистранттарына арнап жазған «Вероятность и статистика» оқулығын қазақ тіліне «Ықтималдық және статистика» деген атпен аударып, жарыққа шығарды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тақырыптық жос­пары бойынша шетел авторларының үздік оқулықтарын мемлекеттік тілге аудару мәселелері бағдарламасына сәйкес Алматы қаласында өткізілген республикалық семинарға қатысып, сертификатқа ие болды.
2013 жылы жоғарыда аталған бағдар­ламаға сәйкес Оксфорд университеті бас­пасынан шыққан Лондондағы «Queen Mary» университетінің профессоры Петр Дж.Кэмеронның математика маман­дығының студенттеріне арналған «Алгебраға кіріспе» («Introduction to Algebra») оқулығын ағылшын тілінен қа­зақ тіліне аударып, оқырман қауымға ұсынды.
Бүгінде физика-математика ғылым­дары­ның докторы, профессор, Санкт-Петербург халықаралық экология және өмір қауіпсіздігі академиясының корреспондент-мүшесі Сәтбай Жұмағалиұлы Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар ака­демиясында қызмет етеді. Білікті маман, тәжірибелі ұстаз ұжымы мен шәкірт­тері арасында беделді. Алдына қойған мақса­тына жету үшін үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруды, ерінбей еңбек етуді бала кезінен серік еткен. Отбасының ұйыт­қысы жары Гүлжан екеуі үш бала тәр­бие­леп, немерелерінің қызығын бірге көріп отыр. Үлкен ұлдары Ақан – экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, қыздары Светлана – заңгер-магистр, Алматы қаласының сотында қызмет етеді, ал кіші ұлдары Абай – студент.
…Бір уақытта туған жері – Көкжидені еске алды. «Сарқамыс» сегіз жылдық мектебіндегі ұстаздарын, сыныптастарын, Шалқар қаласында мектеп директоры болған Қойшыбай Әбдірзақовты, математика пәнінің мұғалімі Әлия Мырзалинаны көз алдынан өткізгендей болды. «Туған жерді сағынамыз, елге барып аунап-қунап қайтқымыз келеді. Бірақ жиі баруға уақыт бола бермейді» деді ол ойлы кейіпте.

Бағдагүл Балаубаева

Дереккөзі: anatili.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар