Қуаныш НҰРҒАЗИЕВ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы
– Қуаныш Шадыбайұлы, Қазақстандағы онкология саласының ахуалы қандай? Елімізде қатерлі дерттің қай түрі алдыңғы орында?
– Әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісіктері, ерлер мен әйелдерде өкпе, сосын асқазан, ал төртінші орында тоқ ішектің қатерлі ісігі тұр. Біздің институт қатерлі дерттің алдын алуда біршама жұмыстар атқарып, шетелдік мамандардың тәжірибесімен алмасып, көптеген мәселелерді талқылауда. Франция, Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Италия мемлекеттерінің үлкен онкологиялық орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз. Олар бізге, біздер оларға барып тәжірибе алмасамыз.
Қазақстан бойынша жүз қырық алты мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Олар диспансерлік есепке алынған. Бұл бір облыс халқының санын көрсетеді. 2013 жылы жаңадан 33029, ал 2012 жылы 32005 науқас анықталған. Біздің басты мақсатымыз – ауруды алғашқы сатысында анықтап, ем жасау. Халықтың өмірін ұзарту. Осы тұста аты жаман дерттің алдын алуда еліміздегі әйелдер мен қыз балалар гинеколог, ал 45-50-ден асқан ерлер уролог дәрігеріне көрінсе, кез келген адам жылына бір рет өкпесін рентгенге түсірсе дер едім.
– Елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандар ішінде алғашқы сатысында жазылып кету мүмкіндігі қаншалықты?
– Халықтың өз денсаулығына көңіл бөлу мәдениеті төмен. Мемлекет халықты скрингтен тегін өткізіп жатқанымен, осыған бармайтындар жетіп артылады. Сондағы айтылатын сылтау – уақыты жоқ. Елбасы да әр адам денсаулығына жауап беру керектігін айтып жатыр. Денсаулық – Алла тағала берген байлық. Соны бағалаған жөн. Ол үшін уақытысында дәрігерлерге барып, тексеруден өтуі тиіс. Кез келген ауруды алғашқы сатысында анықтаса, ол емделеді. 1 және 2 сатысында белгілі болған дерттің дәрісін дұрыс қабылдап, емін алса, жазылып кетеді. Дәрі жеткілікті әрі тегін. Ал асқынғаннан кейін пайда не?
Кеңес Одағы кезінде науқастардың көбі Мәскеу мен Санкт-Петерборға барып емделетін. Соларға тәуелді болатын. Қазір олай емес. Керісінше, француздар, немістер, америкалықтар елімізге ем алуға келе бастады. Алдағы уақытта сапасы жоғары сәулелі аппараттарға қол жеткізсек, денсаулық сақтау саласындағы физиктерге тәжірибе жүргізу орталығын ашар едік. Сосын аппарат жасап шығаратын америкалық компаниялар да Орта Азияда осындай орталық ашуды көздеп отыр. Бұл орталыққа Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіімен, Ресейден және де басқа мемлекеттерден келіп, мамандар білімін жетілдірер еді.
– Ісіктен сақтанудан маман ретінде қарапайым кеңес тыңдасақ...
– Әрине! Бірінші кеңес: біз тек Тәңірдің берген өмірін сүретінімізді, ісіктен ешкім алдын ала сақтандырылмағанын есте сақтауымыз қажет. Екінші ісік дертінен қорқудың қажеті жоқ. Аурудың себебін қаншалық ерте тапсаң, емделу мүмкіндігі соншалық жоғары болмақ. Мәселен, Анджелина Джоли неге ота жасатып, сүт бездерін алдырып тастады?! Себебі актрисада 70 пайыз сүт безі ісігінің пайда болу қаупі болды. Дәрігерлер бұл дерттің генетикалық қайталануы мүмкін екенін анықтады. 40 жасар әйел, алты баланың анасына сүт бездері тек әсемдік үшін ғана қажет емес пе?! Өте батыл қадам. Мұндай тексерулер мен отаны жасауға Қазақстанда да мүмкіндік бар. Біз қазір онгологиялық ауруға шалдыққан науқастарды шет мемлекеттерге жібермейміз.
– Десек те, науқастардың көбі мүмкіндік бола қалса, ем іздеп шет мемлекет асып жатыр ғой?
– Рас, керемет деп тапқан еліне кете берсін. Мәселе – отандық медицинаның деңгейі, сапасы, қызметі өзгенікінен төмендігінде емес, психологияда. Жақында Ақтау қаласының бір тұрғынында қандағы қатерлі дерт анықталды. Науқас өз бастамасымен Беларусь еліне емделуге аттанып кеткен. Ол жақта жарты жыл ем қабылдап, ақыр аяғында ақшасы таусылып елге қайтады. Келісімен біздегі дәрігерлерді сотқа берген. Бізде дәрі-дәрмек тегін, емдеу тәсілі сол жақтағы әдіспен бірдей. Науқастардың көбі Израиль, Германия, Оңтүстік Кореяға барып екі қап дәрісін алып, «ендігі ем қабылдауды сіздерде жалғастырайық деп едік» деп елге оралады. Сонда ол жаққа біздегі тегін препараттарды ақшаға сатып алу үшін бара ма?! Емделушілердің осындай ойлау психологиясы мен үшін де жұмбақ.
– Дәрі-дәрмек демекші, Қарағандыда жусаннан «Арглабин» сынды препарат, ал Қызылорда облысында қарапайым пияздан ісікке қарсы сусын жасап жатыр. Осы салаға қатысты отандық жобаларға деген пікіріңізді білсек?
– Әрине, жоғарыда сіз атап өткен дәрілер тәуіптердің «барлық дауаға шипа» деп жасайтын жалған дәрі-дәрмегі сынды емес. Десек те, ісікті емдеуде бірыңғай әдіс, бір дәрінің болуы мүмкін емес. Ғаламда қанша адам өмір сүрсе, ісік ауруының түрі де соншалық. «Арглабинге» қатысты айтарым, мұндай дәрі бар, болуға құқылы да, бірақ кең ауқымда қолданылмайды. Себебі әсері мен нәтижесіне арнайы бақылау жүргізілмеді. Арглабин онкологиялық ауруды емдеуде негізгі дәрі ретінде қолданыста жоқ. Бұл – иммунды препарат. Адамзат ісіктен емдейтін «толыққанды дәрі» ойлап тапса, ол дүниежүзі бойынша бағасы мен қолжетімділігіне қарамастан сұранысқа ие болатыны даусыз екені айтпаса да түсінікті ғой. Егер расында, ондай препарат ойлап табылса, оның құны арзан болмайтыны да анық. Онкология дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттердің де басты проблемасына айналып отыр. Әлем ғалымдары осындай дәрі ойлап табуда ұзақ уақыт бойы зерттеулер жүргізіп келеді.
– Онкология саласындағы фармацевтика – жақсы бизнес көзі болғаны ма?
– Сіздіңше, қазір кез келген дүние бизнес емес пе?! Өкінішке қарай, қазірде ақша жоқ жерде өмір сұрқия болып тұр.
– Сәуір айында халықаралық мамандардың қатысуымен онкологтар мен радиологтардың V съезін өткізу жоспарланып отырғаны белгілі. Күн тәртібіне қандай мәселелер қойылып отыр?
– Осы жылдың сәуір айында Онкологтар мен радиологтардың кезекті бесінші съезін өткізу жоспарланып отыр. Әртүрлі себептерге байланысты төртінші съезден кейін араға он үш жыл салынып өткелі отырған съезге шетелден де мамандар келеді деп күтілуде. Елбасы Жолдауында онкология саласына ерекше көңіл бөлген болатын. Соның нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі бес жылға арналған үлкен бағдарлама жасады. Үкімет оны бекітіп, 211 млрд теңге бөлді. Мақсаты – Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққандарды алдыңғы сатыларында анықтап, емдеу. Бағдарламаның жұмыс жасағанына да екі жыл болды. Өткізілгелі отырған съезде бекітілген бағдарлама жұмысының нәтижесі айтылады және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасамыз. Жаңалықтарын еліміздің денсаулық сақтау саласына енгіземіз деп ойлаймын. Мұндай басқосу дәрігер мамандарымыздың білімін, тәжірибесін көтеру үшін аса қажет. Білімді, тәжірибесі мол маман науқастарға сапалы қызмет көрсететіні хақ. Осындай үмітпен өткізілгелі отырған съезд, алдымен науқастар үшін тиімді деп ойлаймын. Күн тәртібінде де түрлі сала бойынша көптеген мәселелер тұр. Ол съезде қаралады.
– Онкологиялық ауруды ерте сатысында анықтау үшін скринингтік бағдарламалар жүргізіліп жатыр дедіңіз. Нәтиже қандай?
– 2007 жылы сүт безінің қатерлі ісігіне және жатыр мойны обасына қатысты скринингтер басталды. Содан бері алты жыл өтті. Бұрын елу пайыз сүт безі қатерлі ісігі бірінші, екінші сатысында белгілі болса, енді ол сексен пайызға жетті. Сонымен қатар Қазақстанда биыл үшінші жыл тоқ ішек қатерлі ісігіне скрининг өткізілуде. Ол өте қиын скрининг саналатындықтан, нәтижесі әлі белгісіз. Арада бес жыл өтуі тиіс. Сондай-ақ бауыр, асқазан, ерлердің еркектік безі қатерлі ісігіне де скрининг жүргізілуде. Алғаш рет 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында пилоттық жоба ретінде енгізілген еді. Қазірде оған алты облыс қосылып отыр. Бір айта кетерлігі, халықтың өмір сүру жасы өскен сайын, онкологиялық ауру саны да артады. Бұл тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша орын алатын жайт.
– Онкология саласында емдеу тәсілдеріне байланысты соңғы жаңалықтар қандай?
– Жаңалықтар өте көп. Институтымызға қазіргі заманға лайықталған радиологиялық аппараттар қойылмақ және дүниежүзіндегі ең тиімді әдістерді өзімізде қолданып жұмыс жасау үстіндеміз. Сондай-ақ алдағы уақытта трансплантацияға қатысты эксперименталдық жұмыстар да қолға алынады. Ол үшін донорлық база керек. Ол көп уақытты қажет етеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Дереккөзі: www.aikyn.kz