«Бүгін мәртебелі мейман Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен оқытушылар құрамы алдында «Марокко конституциясына енгізілген жаңа өзгерістер» деген тақырыпта дәріс оқыды. Мухаммад Аш-Шейх Биядилланың айтуынша, бұл елдің Конституциясына жасалған реформаның басты қағидасы адам құқығын қорғау болып табылады. Ел азаматтарының тең құқықтылығы, заңды құрметтеу, дін және сөз бостандығын сақтау, тұрғындардың қоғамдық әлеуметтік мәселелерін көтеретін ұйымдар мен әріптестікте жұмыс істеу, әйелдердің құқығын шектемеу сияқты жаңа талаптар енгізілген. Марокко Парламентінің кеңесшілер палатасының төрағасы «Араб көктемі» деген атаумен белгілі Таяу Шығыс елдерінде болған әлеуметтік толқулар барлық мемлекеттердің әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерін төмендетіп, Сирия сияқты елді күйретіп жібергенін жасырған жоқ. 33 миллион халқы бар Марокко ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытып, жеміс-жидектерді Еуропа елдеріне сәтті экспорттауда. Әлем «мароккалық қанттың» сапасын жоғары бағалайды. Бұл ел «Бойнг» аэробустарының саймандарын сапалы жасауды жолға қойып, Жапония, Корея, Үндістан, т.б елдермен жаңа технологиялы электронды өнімдер шығаруды қолға алған», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Қызықты әрі тағылымды дәріс оқыған Мухаммад Аш-Шейх Биядиллаға университеттің құрметті профессоры атағы берілді. Арнайы куәлікті қонаққа ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов табыс етті. Тағы бір атап өтер жаңалық, ЕҰУ Марокконың халықаралық университетімен әріптестік байланыс орнатуға уағдаласты.
Источник: inform.kz