Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 50% көтеру әдісін ойлап тапқан ғалым Әбдімәлік Әшіров Нобель сыйлығана үміткер бола алады. Бұл жөнінде бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш жобаның PR-менеджері Әнуар Нүрпейісов мәлімдеді.
Бұл жерде дәндер қоймаларда биорезонансты жолмен активтендіріледі. Одан кейін кем дегенде 15 күннің ішінде егілуі тиіс екен.
Ал зерттеу авторы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, №272-ші ғылыми жаңалықтың авторы Әбдімәлік Әшіров, Қазақстанда ғылыми жаңалықтардың өте сирек құбылыс екендігін атап өтті.
«Мен Қазақстан тарихында алтыншы жаңалықтың авторымын, менен кейін тағы екі жаңалық ашылған. Сондықтан Қазақстанда Нобель сыйлығына ғалымдардың сегіз тобы үміткер бола алады. Нобель сыйлығының шарты бойынша үміткер болу үшін қолда жаңалық туралы халықаралық үлгідегі диплом болуы керек. Одан басқа, Нобель сыйлығының екі лауреатының қолдау пікірлері қажет. Бір лауреат бізге өзінің жылы лебізін білдіріп те қойды. Ол физик, сондықтан ғарыш-геофизикалық шамалардың не екендігін жақсы біледі. Екінші лауреат – Үндістанның өкілі. Ол бізді Дели қаласына келіп, өнертабысты көрсетуімізді өтініп жатыр», – деді Әбдімәлік Әшіров.
Ол сонымен қатар, Нобель сыйлығын алу жарысына қатысу нәтижесінің әлі белгісіз екендігін, бірақ өзінің үміткер ретінде қатысуға бел байлағанын жеткізді.
Жаңа технология тәжірибеден өткізілген. Әрі оны Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Түркия және Германияның ауыл шаруашылығы институттары да мақұлдаған. Барлық тәжірибелік егістіктерде технология нәтижелері 11 дақыл бойынша оң нәтиже көрсетті. Олардың ішінде бидай, арпа, күріш, картоп және жүгері дақылдары бар.
Енді жаңа технологияны жасаушылар өз әдістерін бүкіл әлем бойынша шаруа қожалықтарына ендіруді жоспарлауда. Ал Нобель сыйлығын алу – қазақстандық ғалымның жаңалығын кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
Источник:today.kz