Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТУ-да ғарыш аппараттарының ұшуын басқару орталығы ашылды
Бүгін Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (ҚазҰТУ) ғарыш аппараттарының ұшуын басқару орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер, Халық қаhарманы Талғат Мұсабаев қатысты.
Оның айтуынша, ҚР Президенті Үкімет алдына ғарыш жобаларына қатысатын мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін лайықты деңгейде қамтамасыз етуді бұйырған. Ал осы орталықтың ашылуы отандық ғарыш саласының дамуына елеулі септігін тигізеді.
«Қазақ ұлттық техникалық университеті – еліміздегі университеттердің ішіндегі осындай орталықты ашқан жалғыз жоғары оқу орны. Студенттерге ризамын. Олар ғарыш саласына қатысты менің сұрақтарымның барлығына өте жақсы жауап берді», – деді ол.
«Қазақстан жолы-2050» стратегиясы Қазақстанда техникалық білім мен ғылымның дамуына сара жол ашады. Осы орталықтың ашылуы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқу және ғылыми зертханалық базасының дамуында маңызды кезең болып табылады. Мұнда енді ғарыштық техника және технология саласының мамандары біліктіліктерін арттыратын болады», – деді аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Жексенбек Әділов.
Қазіргі таңда Қазақ ұлттық техникалық университеті С.А.Лавочкин атындағы үкіметтік емес ұйыммен бірлесе отырып, геомагниттік өрісті зерттеу мақсатында күн-ғарыштық электрстанса мен «Политех-1» наноспутнигін жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, аталмыш орталық ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ашылып отыр. Бүгін осы шара барысында университеттің Ғылыми кеңесі Талғат Мұсабаевқа Құрметті профессор атағын берді.
Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев осы орталықтың ғылыми жетекшісі болып тағайындалды.
Источник: today.kz