Ғылыми жаңалықтар

Болашақта Қазақстанда су тапшылығы қаупі бар

16.04.2014

5157

2040 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше шақырымды құрайды.
Бұл туралы ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, 2014 жылы 4 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің №786 Жарлығымен Қазақстанның 2014 - 2020 жылдарға арналған су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Осы орайда әлемнің 30 дамыған елдері қатарына қосылу стратегиялық мақсатын ұстанған Қазақстан су ресурстарын басқарудағы мемлекеттік саясатты жүргізудің жаңа тәсіліне көшеді. Алдымен бағдарламаның басты бағыттары бойынша ең тиімді бастамалар іске асырылмақ. Мемлекеттік бағдарлама су ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыру тетігін іске қосады. Мысал үшін, ауыл шаруашылығы саласында су тұтыну мөлшерін азайту үшін өсірілетін дақылдар құрамы өзгертіліп, ауыл шаруашылығы алқаптары мен суландыру инфрақұрылымының жағдайы, қолданыстағы суару тәсілдері, ауыл шаруашылығын жүргізу тәжірибелері зерттелмек. Сонымен қатар инфрақұрылым қалпына келтіріліп, жер өңдеу мен суарудың заманауи технологиялары енгізіледі.

«Бағдарламада трансшекаралық өзендер суларының әділетті негізде бөлінуіне бағытталған шараларды іске асыру қарастырылған. Бұлардың қатарында келіссөз жүргізетін топтарды күшейту, болжамдар құрастыру, келіссөздер жүргізу стратегиясын дайындау, трансшекаралық сулардың мониторингі инфрақұрылымын құру, трансшекаралық сулар бойынша келісімдерді бекіту жұмыстары бар»,-делінген министрлік мәліметінде.

Мемлекеттік бағдарлама ұсынған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде елімізде жылына 9,5 текше шақырым су үнемделуін күтуге болады. Олардың алғашқы 2,6 текше шақырымы (немесе 2040 жылға болжамдалған су тапшылығының 21%) су тарифтерін өсірмей, өзін өзі өтейтін шараларды жүргізу арқылы үнемделмек. Тиісінше, өзін өзі өтейтін шаралар су тарифтерін өсірумен қатар жүргізілген жағдайда, үнемделген су мөлшерінің де ұлғаюына себеп болады.

Бағдарламада көзделген барлық бағыттардың іске асырылуы қомақты қаржының жұмсалуын талап етеді. Оларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржы ресурстары республикалық және жергілікті бюджеттерден, тарифтік төлемдерден, сыртқы несиелер мен гранттар, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жинақталады. Қарастырылып отырған бастамаларды іске асыруда қаржыландыру көздері мен олардың үлестері біркелкі болмайды.

2014 - 2040 жылдар аралығындағы қаржыландырудың бағаланған есептік мөлшері 8,2 трлн. теңгені құрайды. Оның 5,4 трлн. теңгесі республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінсе, қалған 2,8 трлн.теңге бюджеттен тыс көздерден тартылмақ.

Қазіргі уақытта ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Елбасы Жарлығына сәйкес әзірлеген мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары мемлекеттік органдарда қаралып жатыр.

Мәлімет көзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар