Бүгін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, түрколог-ғалым, профессор, жазушы Қойшығара Салғараұлы «Гумилев» медалімен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ .
Мерейтой иесіне «Гумилев» медалін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов тапсырды.
Ректор өз сөзінде Қойшығара Салғараұлының қазақ тарихының деректанушылық ғылымына қосқан үлесі мен Қытай мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жазбаларды елге алып келуін өте жоғары бағалайтындығын жеткізді.
Е.Сыдықов сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып беріп, Елбасының Қойшығара Салғараұлына деген ыстық ықыласын жеткізді.
Сондай-ақ, оқу орнында Қойшығара Салғараұлының еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Айта өтейік, бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор, «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қоғам қайраткері, түрколог-ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының 75 жасқа толуына байланысты «Ұлы Даланың тарихы: түріктер мен моңғолдар» атты дөңгелек үстел өткен болатын. Дөңгелек үстелге келіп түскен және Қ.Салғараұлының еңбектеріне байланысты ғылыми мақалалар алдағы уақытта жеке жинақ болып жарыққа шығады.
Мәлімет көзі: today.kz