Геологиялық кластер білім беру, ғылым мен геологиялық өнеркәсіптік саланы біріктіретін байланыс болып есептеледі. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында геология саласын дамытуға тапсырма берген болатын. Бұл экономика секторының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Назарбаев Университеті мен Қазгеология ұлттық барлау компаниясы бірлесіп, еліміздің геологиялық зерттеу орталығын құрады. Қазіргі таңда Назарбаев университетінде кешенді геологиялық пайдалы қазбаларды қолдану бағдарламасы құрастырылуда.
Енді Назарбаев университеті мен «Қазгеология» ұлттық барлау компаниясы үш элементтен тұратын геологиялық кластер құрады. Біріншісі, АҚШ-тың Колорадо тау-кен мектебімен бірігіп, Назарбаев университетінің іргесінде тау-кен іс мектебін ашады. Одан кейін Жер ғылымдары туралы институт құрылады. Ол тау-кен ісі мектебінде оқитын студенттер мен ғалымдардың ғылыми базасына айналады. Үшінші жоба, Геологиялық зерттеулер орталығы. Ол үлкен ғылыми өндірістік құрылым болады деп жоспарлануда.
Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» Жер ғылымдары орталығының директоры:
- Оның негізгі мақсаты - халықаралық деңгейдегі сертификаты бар, аккредитациядан өткен геохимиялық, минералогиялық және басқа да түрлі-түрлі комплексті жұмыстарды Қазақстанның территориясында іске асыру. Яғни, Қазақстанның кен орындарынан шыққан тау жыныстарын халықаралық деңгейде Қазақстанда зерттеу.
Бүгінгі таңда «Қазгеология» ұлттық барлау компаниясы мен rio tinto компаниясы Балқаш-Сарышаған аумағында ғарыштық фотосуреттер мен геологиялық материалдардың көмегімен мыс-мырыш кен орындарын іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл аймақтарда үлкен кен орындарын табу мүмкіндігі жоғары,-дейді мамандар. Сонымен қатар, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тағы да екі ірі жобаны іске асырғалы жатыр.
Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» Жер ғылымдары орталығының директоры:
- Біріншісі, таулы Алтай деп аталады, екіншісі, Сарыарқа деп аталады. Яғни, шығыс және орталық Қазақстан территориясында үлкен алтын кен орындарын ашу жұмыстары. Бұл енді сол аймақтың дамуына және геологияның дамуына әсер етеді деген ойдамыз. Осы екі жобаға 60 млрд астам теңге мемлекеттен бөлінген.
Колорадо тау-кен мектебімен біріккен Назарбаев университетінің тау-кен ісі мектебі 2015 жылы ашылмақ. Қазір қажетті мамандықтардың тізімі әзірленуде. Болашақта бұл мектеп геология саласындағы жоғары білікті мамандарды дайындауда негізгі платформаға айналмақ. Айта кетейік, аталмыш жобалар Мемлекет басшысының елімізде геологиялық кластерді дамыту жайлы тапсырмасына сәйкес іске асырылып отыр.
http://www.khabar.kz