Ғылыми жаңалықтар

Ғылыми жобаларымыз қаржы болып қайта бастады

19.03.2014

3788

ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдірәсіл Жәрменовпен сұхбат.

– Өзіңіз басқарып отырған ұлттық орталықтың ғалымдары мен мамандары қандай зерттеулермен айналысуда? Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Біздің жұмысымыз Кеңес өкіметі тұсынан келе жатқан кен байыту, тау-кен ісі, кенді зерттеу, кенді өндіру, геология, кен орындарын ашу, кенді байыту, байытылған материалдан металл алу бағытындағы жұмыстардан алыстай қойған жоқ. Біздің орталықтың құрамындағы 7 институт осы бағыттар бойынша жұмыс істеп келеді. Орталықтың үлкен жетістіктерінің бірі – өзіміз жасаған технологияларды өз зертханаларымыздан сынақтан өткізуге қол жеткізуімізде. Бұрын мұндай сынақтарды мүмкіндігі бар мекемелердің зертханаларында жасайтынбыз. Сынақтан өткізіп жатқанда технологияның жартысы ұрланатын. Енді Үкіметтің көмегімен соңғы жылдары өз орталығымызда жобаларымызды сынақтан өткізетіндей жағдайға жетіп отырмыз. Арнайы қондырғылар көмегімен толықтай сынақтан өткен жобамызды зауыттарға ұсынамыз. Сапалы жоба болғандықтан, әрине, бағасы да қомақты болады.

Кеңес өкіметі тұсындағы жетістіктерімізді дүниежүзі бойынша алғашқы орындарды сақтап келеміз. Өзге ғылыми мекемелерден айырмашылығымыз – біздер техникалық мүмкіндіктерімізді жан-жақты пайдаланып, жаңа технологиялар жасай бастадық. Ферроқорытпалар, ферроөндіру бағыты бойынша дүниежүзіндегі ең атақты компанияның біріне осыдан екі жыл бұрын патент саттық. Ол – Қазақстан тарихында болмаған жайт. Қазір әлемнің бірнеше елінде біздің технология бойынша зауыттар салынып, жұмыс істеп жатыр. Біз ұсынған технологиямен салынған әрбір зауыттан тоннасына роялти аламыз. Қазір мұндай зауыттар Қырғызстан, Бразилия, Америкада салынуда. Қазақстанда да салынады деп отырмыз. Бұл жерде тежеу болып тұрған – дағдарыс. Дағдарыс салқынын тигізбеген сала жоқ, сондықтан бұл процестер біз ойлағаннан жайырақ жүріп жатыр.

Бүгінде сирек кездесетін металдар бойынша екі жоба дайындап жатқан жайымыз бар. Ең ірі атақты компания технологиямызды сатып алғаннан кейін өзге де әлемдік компаниялардың бізге қызығушылық танытып, бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасауда. Бір-екі жылдың көлемінде тағы 1-2 патент сатпақ ойымыз бар. Патент сату – қаржылық мүмкіндіктеріміз арта түсетіні белгілі. Осының арқасында ғалымдар мен қызметкерлердің жалақысы да көбейтетін боламыз. Іске асырған ғылыми жобаларымыз бен жұмыстарымыздың қолымызға қаржы болып қайта айналып келетін уақыты да таяп қалды. Қазіргі таңда еліміздегі барлық ғылыми мекемелердің өз күштерімен тапқан қаржысын біздің бір мекемеден аз. Мұны өзім есептедім, сәл қаталесуім мүмкін, бірақ осы шамада екендігіне сенімдімін.

– Бүгінде қазба байлықтарды барлайтын мамандардың әлеуеті қандай?
– Бүгінде мектеп, ЖОО-лар білімді барынша жоғалтып алғаны жасырын емес. Бұлай деп кейбіреулерді ренжітіп алуым да мүмкін. Қазір бұрынғыға қарағанда ЖОО-дың саны көп. Ал бізге керегі сапалы мамандар. Өндіріске біліммен келетін жастар некен-саяқ, кейбіруіне қарап тіпті мектепті де дұрыс оқымағанын сезесің. Оның үстіне, біздің салаға көп жастар келе бермейді. Мамандықты бітіріп алып басқа саладан нанын тауып жеп жүргендер өте көп. Мұны да бір жүйеге келтіру керек.

Түлектерінің болашақта жұмысқа орналасуын қалайтын оқу орындары Кеңес өкіметі тұсындағыдай ірі өндіріс ошақтарымен келісіп, студенттерінің тәжірибесін шыңдауға күш салуы қажет. Біз студент болған жылдары Алматыда оқып жүріп, Өскеменнен тәжірибеден өттік. Оған арнайы қаржы бөлінетін. Ал қазір ЖОО-лардың көбісі жекеменшік болғандықтан студенттердің 1-2 ай тәжірибеден өтуі мен тұратын жері, тамағына төлейтін ақшасы жоқ. Содан өндірістік тәжірибеден ат үсті өте салады. Металлургтер 4 жыл оқығанда кемінде 6-7 ай мынадай өндіріс орындарынан іс-тәжірибеден өтуі тиіс. Бұған шамасы келмейтін оқу орындарыдың мәселесін қарау керек. Өз басым жекеменшік оқу орындарға студенттердің біліктілігіне қатысты нақты талаптар қоятын кез жетті деп есептеймін.

– Елімізде шикізатты өңдеу мәселесінде шешімін таппаған қандай түйткілді мәселелер бар?

– Шикізатты толық өңдеу – бұрыннан шешімін таппаған мәселелердің бірі. Мұны Кеңес өкіметі кезіндегі жағдаймен салыстырғанда көп нәрсені жоғалтып алғанымызды байқаймыз. Жер қойнауы – халықтың байлығы. Қазба байлықтардың жартысын пайдаға жаратып, жартысын өңдей алмай далаға тастап жатқан жайымыз бар. Ертеңгі күні оны қайтадан ала алмайсың. Сондықтан жер қойнауындағы байлықтарымызды мейлінше пайдаға жаратуға тырысуымыз керек. Әсіресе қатты шикізатты толық өңдеп, пайдаға жаратуға баса көңіл бөлетін кез жетті деп есептеймін. Бұл мәселе шешімін тапса, қазба байлықтар тиімді пайдаланылып, ел экономикасы еселеніп, шетелге шикізатты ғана емес, одан алынған өнімдерді де экспорттайтын едік.

Сұхбаттасқан Арайлым БИМЕНДИЕВА.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар