Америкалық ғалымдар ұлы қолбасшы, жарты әлемді бағындырған әйгілі Шыңғыс ханның сырын ашқандығын мәлімдеп отыр. Оның жеңістерінің басты себебі - ауа-райының ылғалды әрі жылы болуынан дейді олар. Өйткені, көшпенділер мұндай климатта бір жерден екінші жерге өте еркін қозғала білген деп жазады Би-би-си.
Көне ағаштардың діңгегін зерттеген ғалымдар Шыңғысхан дәуірінде табиғаттың адамзат баласы үшін ерекше қолайлы болғанын анықтап отыр. Мол жауын мен жылы ауа-райы жерге шөптің тез өсуіне септігін тигізген. Нәтижесінде, көшпенділер төрт түлікке жем-шөп іздеп әбігерге түспеген. Жауынгерлердің жылқылары да үнемі бабында болған. Ал, тарихтан белгілісі, Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігін атты сарбаздар құраған.
Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, табиғаттың қолайлы кезеңі 1211 жылдан 1225 жылдар аралығында орын алыпты. Дәл осы кезде Шыңғыс ханның әлемге жасаған жорығының өткені де белгілі.
Ғалымдардың айтуынша, ауа-райы Шыңғыс хан жеңісінің басты себебі болмаса да, үлкен септігін тигізген, дейді Батыс Виргиния университетінің ғалымы Эми Хэссл. Ғалымдар моңғол әскерінің жарты әлемді жаулап алуына "табиғаттың жайлы климаты әсер еткен" деген шешімге келген.
Мәлімет көзі: baq.kz