Ғылыми жаңалықтар

«АгроДаму» - ауыл шаруашылығындағы инновацияға қадам

06.03.2014

4130

Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы білімі мен өндірісінде инновациялардың ұйытқысы болуды көздейді. Бұл туралы «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумының университетте өткен жалпы кеңесі кезінде айтылды деп хабарлайды «Алаш айнасы». Жиын «Жаңғыру, инновация және инвестициялар: Қазақстанның аграрлық саласын кешенді дамыту» деп аталды.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейді. Қазіргі күні университет еліміздегі аграрлық сала мамандарын даярлайтын алдыңғықатарлы жоғары оқу орны саналады. Соңғы уақыттарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық технологиялардың дамуына көп көңіл бөлу қажеттігін баса айтуда. Бұл ретте аграрлық сала мамандары мемлекет қойып отырған талап деңгейінен көрінуді өздерінің парыз-міндетері деп біліп отыр. Еліміздің қазіргі стратегиялық міндеті – Қазақстан шикізат өндіруші емес, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші-өңдеуші және экспорттаушы ел ретінде бәсекеге қабілетті мемлекет болуын қамтамасыз ету. «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы жиынының мақсаты Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауындағы міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығы саласының маңызын арттырып, ғылым мен өндірістің өзара қатынасына тың серпін беріп, тәжірибе алмасу. Ғылыми басқосуда республикамыздың ауыл шаруашылығы саласын жаңа талаптарға сай дамытудағы «АгроДаму» консорциумының ықпалы туралы айтылды.

Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:

– Біз әруақытта ғылым мен өндірісті ұштастыра білуіміз керек, ол Қазақстанның әлемдегі ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы жетекші елдер қатарына қосылу мүмкіндігін арттыра түседі. Осы тұрғыдан алғанда ғалымдардың алдында үлкен міндеттер күтіп тұр.

Бұл жолда аграрлық ғылым мен білімнің көшбасшысы саналатын Қазақ Ұлттық аграрлық университеті бірқатар бастамалар көтеріп, жүзеге асырып келеді. Соның бірі ғылым, білім және өндірісті нақты интеграциялау үшін 2011 жылы «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды. Әріптес ретінде жұмыс жұмыс жүргізу нәтижесінде осы күнге дейін жалпы құны 250 млн теңгені құрайтын 13 келісім-шарттарға қол қойылып, нақты жобалар іске қосылуда. Бүгінде консорциум құрамына «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі, аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары, ұлттық компаниялар, ғылыми - зерттеу институттары сондай-ақ өндіріс ұйымдары және құрылымдар осындай интеграциялауға қызығушылық білдіріп мүше болды. Енді аталған Консорциум мүшелері табандылық танытып, аграрлық саланы көтеруде орасан жұмыстар атқаруға тиіс.

Консорциум кеңесінің жұмысына ҚР парламент Мәжілісінің депутаты Роман Ким, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және сараптама департаменті директоры Серік Ыбыраев, «КазАгроМаркетинг» АҚ басқарма төрағасы Дархан Дәуітов, «КазАгроФинанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Джувашев, ҚазҰАУ профессоры Аюп Искаков сынды лауазымды тұлғалар мен ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады.

Мәлімет көзі: alashainasy.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар