Еліміздегі аграрлық ғылым және оқу үдерісін дамытуға тек автономды мәртебе ғана көмектесе алады - ҚазАТУ ректоры
Еліміздегі аграрлық ғылым мен оқу үдерісін дамытуға тек автономды мәртебе ғана көмектесе алады.
Бұл туралы бүгін арнайы брифингте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев айтты.
«Егер де елімізде Батыстағы тәрізді ауыл шаруашылығына қатысты ғылым мен өндіріс дамысын десек, онда біз әлемдегі озық оқу орындарындағы сияқты оқу үдерістерін өзгертуіміз қажет. Бүгінде олардың ғалымдары бізге келіп, осындай бағдарламаларды енгізуге дайын отыр. Енді мәселе неде? Мәселе біздің стандарттарымызда. Бүгінгі заңнамалар бойынша біз бұл бағдарламаларды енгізе алмаймыз», - деді А. Күрішбаев.
Оның айтуынша, Назарбаев Университетінің аз ғана уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетуіне автономды мәртебенің арқасында алдыңғы қатарлы оқу стандарттарын енгізуі себеп болып отыр.
Ректордың мәлімдеуінше, ҚазАТУ-дың мәртебесі және оның базасында құрылуы тиіс зерттеу университеті туралы мәселенің туындауына жуырда АШМ тарапынан Үкіметке жіберілген аталған ЖОО-ны АШМ және басқа да меморгандардың қарауына бергізу жайындағы ұсыныстар негіз болған.
Айта кетейік, 2013 жылы 22 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы пленарлық отырысында: «Үкіметке инвесторлармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы саласында Назарбаев Университеті негізінде әлемдік дәрежедегі зерттеу университетін құру мәселесін қарастыру кезек күттірмейтін мәселе. Оның базасы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті бола алады. Ол 3 құрамдас бөлікті біріктіруі тиіс: ЖОО, аумақтық ҒЗИ және тәжірибелік шаруашылықтар»,- деп атап өткен болатын.
Мәлімет көзі: inform.kz