Батысқазақстандық ғалымдар қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа технология жетістіктерін құрылыс өндірісінде кеңінен қолдануға болады деген сенімде. Олар осы салада қол жеткен табыстарын 2017 жылы елімізде өтетін «EXPO- 2017» көрмесіне апармақ ниетте. Қай жағынан алып қарағанда да, тиімді саналатын өнімдер жергілікті өндірістік және өнеркәсіптік қалдықтардан жасалады.
Ескі-құсқының өзін қайтадан кәдеге жарату - қолдан келер іс. Қатты тұрмыстық, өндірістік және өнеркәсіптік қалдықтар бүгін болмаса да келешекте арзан әрі сұранысқа ие құрылыс материалдарына айналары сөзсіз. Мәселен, құрамы 99 пайыз шыны қалдығынан тұратын мына кірпіштер тұрғын үй құрылысында пайдаланылады.
Қабер Шынтеміров, Өнертапқыш, техника ғылымдарының докторы:
- Мұны үй салуға болады. Қазіргі тұрғын үйлер, вот арзан үйлер, анау айтып жатыр ғой, «Доступное жиьле» деп, соған өте жақсы. Сосын энергосберегающие жилье, қыстың күні отын жағынан бұл өте тиімді жылу сақтайды.
Көбік шыны бетонды жасауға кварц құмы немесе ұнтақталған әйнек қалдығы пайдаланылады. Малдың мүйізі мен тұяғынан дайындалатын көбіктің жасалу технологиясын ғалымдар әзірге құпия күйінде ұстап отыр. Арасы мынадай қуыстарға толы болғандықтан, тастың салмағы өте жеңіл. Қолданылуына қарай ғалымдар оларды үш топқа бөледі. Ең бастысы, құрылыс материалдары кез-келген салмаққа төтеп береді әрі жылу үнемдегіштік қасиетке ие. Мыңдаған градуста шынығатындықтан, отқа салса жанбайды, суға салса батпайды. Әрі 2017 жылы елімізде «ЭКСПО. Болашақтың энергиясы» аталатын үлкен көрме талаптарына да толық жауап береді.
Сәрсенбек Монтаев, ҒЗИ директоры, профессор:
- Экспоға баратын дәлел ретінде мына біздің бірнеше критерийлерге сай келіп тұр біріншіден. ЭКСПО-ның жалпы тақырыбына сай келіп тұр. Екіншіден, біздер шетелдерде көптеген көрмелерге қатыстық, олардың жеңімпазы атанып отырмыз және біздің облыстық ғылыми техникалық кеңесіне осы пеностеклоны «ЭКСПО-2017-ге» апаруға ұсыныс білдіріп жатыр.
Ғылыми зерттеу институтына осындай өнімдердің тәжірибелік үлгілерін алуға мүмкіндік беретін заманауи қондырғылар орнатылған. Егер инвесторлар тарапынан қызығушылық болса, жоғарғы оқу орны ғалымдары мен магистранттары 30-ға жуық инновациялық жобаны ұсынуға дайын.
Мәлімет көзі: khabar.kz