Ғылыми жаңалықтар

Қазақстан ғылым жүйесінің халықаралық деңгейге жететін күні алыс емес – академик

28.02.2014

4253

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында ғылым саласына қатысты айрықша жаңалықты атап көрсетті. Бұдан былай, бұл салаға ішкі жалпы өнімнен түскен қаржының үш пайызы бөлінетін болды. Ал, бұған дейін еліміздегі ғылым саласы көштен қалмағанымен, қаржы жағынан тапшылық көріп келгені рас. Бүгінге дейін ғылымға ішкі жалпы өнімнің 0,16 пайызы ғана бөлініп келген еді. Егер салыстырмалы түрде айтар болсақ, Финляндияда бұл салаға ішкі жалпы өнімнің – 4,3 пайызы, Оңтүстік Кореяда – 3,7 пайызы бөлінеді екен. Елбасының мұндай шешімге келуі әлемдегі ең қуатты 30 мемлекеттің қатарынан көрінуімізге үлкен мүмкіндік ашып берді.

Бұл дегеніміз, отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор болып отыр. Оның үстіне, елімізде тәжірибелі ғалымдар, жас өнертапқыштар жетерлік. Әртүрлі ғылыми орталықтарда, үлкен университеттерде отандық ғалымдардың тамаша жобалары да аз емес. Мәселен, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жас ғалымдар арасында «Старт-ап» жобасын іске қосты. Жоғары оқу орнының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықовтың айтуынша, өнертапқыш ғалымдардың ең үздік деп табылған 15 жобасын қаржыландыруды университет өз мойнына алып отыр. Бұл мақсатқа 1 миллион АҚШ доллары бөлінген. Сондай-ақ, жүлдеге ие болған ғалым өзінің ашқан жаңалығын шағын өндіріс ретінде таныстыруға мүмкіндік алады. Ерлан Батташұлы соңғы жылдары университет ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отығанын айтады. Мәселен, 2012 жылы ғылым саласын қаржыландыруға 1,1 млрд. теңге бөлінсе, өткен жылы 1 млрд. 6 млн. теңге бөлініпті. Еуразия Ұлттық университетінде ғылыми жұмыстар негізгі бес бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде жоғарыда айтылған сомаға 200 ғылыми жоба қаржыландырылған. Олардың қатарында энергетика, шикізатты қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық жобалар, өмір ғылымы салалары бар. Бұл жобаларға оқу орнының жеті жүздей ғалымы тартылғанын да айта кеткен жөн.

2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік беріледі

Былтырдан бастап білім сапасы төмен кейбір жоғары оқу орындары жабылып, кейбірі өзара біріктірілгені белгілі. Енді университеттерге автономия беру мәселесі күн тәртібіне шығып тұр. Бұл туралы Президент биылғы халыққа Жолдауында да айтып өтті. Еуразия ұлттық университетінің басшылығы мұны өте дұрыс бастама деп санайды. Өйткені, бұл жүйені қабылдаған жағдайда білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа да қызметті жүзеге асырудағы тізгін оқу орнының ұжымына беріледі. Қағазбастылық жойылады.

Жоспар бойынша, 2015 жылдан бастап ұлттық ғылыми-зерттеу университеттеріне, 2016 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік беріледі.

Жоғары оқу орындары автономиясының жетілдірілген қағидалары «Назарбаев университеті» моделіне негізделген. Яғни, білім беру, ғылым, қаржы, халықаралық және өзге де салаларда дербестікке ие. Демек, Қазақстанның да білім беру мен ғылым жүйесінің халықаралық деңгейге жететін күні алыс емес.

Еуразия Ұлттық университеті автономияға алғашқылардың бірі болып көшуді жоспарлап отыр. Өйткені, университеттің білім беру кеңістігінде алатын орны бар және интеллектуалдық, құқықтық, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келеді. Оқу орны Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Екі жыл қатарынан тәуелсіз Қазақстан агенттігінің білім беру саласында сапалық көрсеткіш бойынша ұлттық рейтингте бірінші орында. Ал, «QS World Univer Ranking – Top Universities» атты халықаралық рейтинг агенттігінің қорытындысына сәйкес, әлемнің 400 алдыңғы қатарлы Жоғары оқу орындары ішінен 303 орынды иеленді. Бұл әлемнің 17 мың Жоғары оқу орындары арасындағы бәсекеде қол жеткізетін орын, яғни бұл Қазақстан мен Орта Азияны былай қойғанда, ТМД елдерінің білім ошақтары арасындағы озық жетістік болып саналады. «Оған қол жеткізу үшін университет ұжымы бір кісідей жұмылып, қыруар еңбек еткенін айта кетуге тиіспіз» дейді университет ректоры Ерлан Сыдықов.

2013 жыл Еуразия Ұлттық университеті үшін табысты жыл болды. Оқу ордасының қабырғасында Тарих факультеті, Этникааралық және дінаралық толеранттылық бойынша ЮНЕСКО кафедрасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылған.

Университет ғалымдары еліміздегі үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша да бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Мәселен, профессор Қанат Сәрсенбаевтың «Тағам ретінде және иіссу-косметикалық өнеркәсіп ретінде пайдалануға арналған Қазақстанда өсетін шөптерден жасалған өнімді өндіру технологияларын дайындау» жобасы сала ғалымдарының ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Ал, профессор Дәуренбек Әубәкірдің «Ранька-Хильша кавитациялық жылыту құбыры базасындағы қарқынды жылыту жүйесі» жобасы да жоғары жетістікке жетті.

Елбасы биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шәкіртақының 25 пайызға артатынын да айтты. Сондай-ақ, Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан стипендия мөлшерін 25 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді және үлгерімі жоғары студенттер мен оқушыларға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін құру қажеттілігін тапсырды. «Сондықтан үлгілі студент, білікті ұстаз – ел мен университет абыройы, ғылым мен білім әлеуеті. Бізде ол бар және оны әрқашан сапаландыра беруіміз қажет», - дейді Ерлан Сыдықов.

Жалпы университеттен түлеп ұшқан түлектерге нарықта сұраныс жоғары. «Өткен жылы бітірген мамандардың 85-87 пайызы жұмысқа орналасты. Оның 50-60 пайызы тек өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Бұл Қазақстандағы оқу орындарының арасында ең жоғарғы көрсеткіштің бірі болып саналады. Біздің ендігі мақсат-міндетіміз – университеттің түлектерін «жұмысқа алам» дейтін жұмыс берушілерді кезекке қою», - дейді оқу орнының басшысы.

Жасыл энергетика – адамзат дамуына жол ашады

Еуразиялық тұтастықтың озықтығы, осы кеңістіктегі интеграцияны құрудың өмірлік қажеттігі, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын көтерген еді. Бүгінгі күні сол идея іске асып, өзінің жемісін бере бастады. ТМД мемлекеттерімен қатынастың дамуы, соның ішінде көпжақты интеграциялы өзара әрекет – Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі. Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеялары Еуразиялық аймақ дамуының басты алғышарты.

Еуразиялық одақ – аймақтың болашақтағы аса зор бастамасы және ХХІ ғасырдың айрықша ойластырылған стратегиясы. Егер, әлемде мұнай мен газ өнімдері жеткілікті болса, онда бұл жетістіктердің дәурені де біразға созылған болар еді. Бірақ, олардың жетпейтіндігі қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол жол – күн мен жел, биоотын қуаты секілді экологиялық тұрғыдан таза да қауіпсіз, «жасыл энергетика» аталатын баламалы қуат көздерін пайдалану. Бұл жол мұнай мен газға деген мәжбүрлілікті төмендетіп қана қоймай, адамзаттың келесі дамуына жол ашады. Ол үшінші индустриялық революция жетістіктері болып табылады. Еуразиялық идея, еуразияшылдық, еуразиялық интеграция осындай дағдарыстың қауіп-қатерінен құтылудың, жаһандану үдерісіне әзірлікпен кірігудің бірден-бір ұтымды жолы, оның сұранысына жауап болып табылады. Осы орайда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін еуразияшыл ойдың нақты көрінісі деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі таңда университет – еуразияшыл ойдың нақты көрінісі, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастар, экономика және саясат, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер салалары бойынша мамандандырылған элиталы кадрларды даярлайтын бірден бір оқу орны.

Дерек көзі: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар