Ғылыми жаңалықтар

Қазақ ғалымдарының ғылыми жобалары ел игілігіне қызмет етуде

27.02.2014

4049

Бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингі өтті. Брифнгте университет ректоры Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған мәселелер талқыға салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты талаптарының бірі – өркениеттің көшінде бәсекелестікке қол жеткізу үшін білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, отандық инновация жүйесін қалыптастыру. ЕҰУ Инновациялық парк пен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған. Қазіргі күні сол құжаттың шеңберінде бірнеше ғылыми жобалар жүзеге асуда. Ал Шығыс Қазақстан облысында карбид кремний өндіріс зауыт жобасын салудан бөлек, Бесқарағай ауданында ағаш қалдықтарын кәдеге жарататын шағын зауыттың қанатқақты жобасы жүзеге асуда. Сонымен қатар, Көкшетауда «Шучинск-Бурабай-Зеренді» демалыс аймағының энергетикалық инфрақұрылымын «жасыл технологияларға» көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ғалымдарымыздың ғылым жолындағы ізденістері мен қайнар бастаулары ғана», - деді Е.Сыдықов.

Айта кетейік, соңғы жылдары ғылым-зерттеу жобасы көлемінің өсімі байқалады. 2011 жылы университеттің бұл саласына 276 млн. теңге бөлінді. Ғылымды қаржыландыру 2012 жылы – 1,1 млрд. теңгеге, ал 2013 жылы – 1,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Еуразия ұлттық университетінде негізгі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан 200 ғылыми жоба қаржыландырылды. Олар энергетика, өнім мен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, өмір, әлемнің ғылыми интеллектуалды әлеуеті. Оған ЕҰУ –дың 660 ғалымы тартылған.

Дерек көзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар