Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Start-up» жобасын іске қосу басталды. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Біздің университетте «Start-up» (стартап) жобасын іске қосу басталды. Жас ғалымдарға конкурс жарияланды. Олардың жаңалықтарынан 15 жобаны таңдап, қаржыландыруды университет өз мойнына алып отыр. Бұл мақсатқа 1 миллион АҚШ доллар қаржы жұмсалу көзделуде. Яғни, ол ғалым өзінің тапқан жаңалығының бәрін сол жерде шағын өндіріс ретінде елге көрсетеді. Содан кейін инвестор келеді ме, отандық өнеркәсіп басшылары келіп сатып алады ма, пайдалана ма, оның барлығы сол кезде шешіледі», - деді Е.Сыдықов.
Ректор бұл жобаның басталуын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылымға деген қамқорлығының нәтижесі екенін атап өтті.
«Ғалымдарды қуантатын үлкен жаңалық - Елбасының ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын ғылымға бөлінетін қаржыға жеткізу керектігі жөнінде айтқаны. Бүгінге дейін ғылымға 0,16 пайыз бөлініп келген болатын. Ал енді есептеп көріңіз, 20 есеге көбейеді. Яғни, бұл дегеніңіз отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор. Оған әзір тұрған ғалымдарымыз, талантты жастарымыз жеткілікті: әртүрлі ғылыми орталықтарда, үлкен университеттерде отандық ғалымдардың тамаша жобалары бар», - деді ректор.
Айта кетейік, жуырда ЕҰУ білім беруді бағалау бағытындағы Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық компаниясының соңғы QS Top 50 Under 50 рейтингісінің нәтижесінде 32 орын алды. Құрылғанына 50 жыл толмаған оқу орындары арасында. Мұндай атақ Орта Азияда жоқ, Орта Азия былай тұрсын, ТМД-да жоқ. Құрылғанына 18 жыл ғана болған оқу орны үшін бұл үлкен жетістік, мерейлі мәртебе болып отыр.
Дерек көзі: bnews.kz