Ресей Мемлекеттік думасының Ғылым және ғылыми технологиялар комитетінің басшысы, Ресей ғылым академиясының академигі Валерий Черешнев жақын болашақта адамдардың өмір сүру жасы ұзарады, деген тұжырымға келді.
Оның айтуынша, енді адамдар орта есеппен 90 жасқа дейін өмір сүретін болады. Ал 2050 жылға қарай ол тіпті 110-120 жасқа дейін жетуі мүмкін. Маман бұл туралы геронтология (адамның және жануарлардың ағзасының қартаю заңдылықтарын зерттейтін ғылым) мәселелеріне арналған дөңгелек үстел кезінде мәлім етті¸деп жазады «Российская газета».
Сондай-ақ Черешнев әңгіменің Жапония, АҚШ, Канада сынды дамыған елдер мен еуропалық мемлекеттерге қатысты болып отырғанын нақтылады. Алайда, бұл болжамның орындалуы үшін де денсаулық сақтау саласының қызметі жетілдіріліп, адамдардың биологиялық ерекшеліктері бұрынғы қалпында дамуы тиіс деген тәрізді шарттар сақталуы керек екен.
Сонымен қатар ғалым дамыған елдерде адамдардың қазір 80-82 жасқа дейін өмір сүретінін жеткізді. Ең ұзақ ғұмыр сүретіндер бүгінде Андорра елін мекендейді екен - олардың өмір сүру ұзақтығы 84 жасты құрайды. Сондай-ақ бұл көрсеткіш бойынша көш басында Жапония (83,5 жас), Дания, Швеция, Финляндия мен Норвегия (80 жас) тұр.
Мәлімет көзі: inform.kz