2014 жылғы 17-20 ақпанда Алматы қаласының «Алатау» шипажайы базасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтті.
Биылғы Республикалық ғылыми жобалар конкурсының нәтижесі бойынша Астана қаласы оқушыларының командасы І орын алып, «Ең үздік команда» атанды, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.
Елордалықтар 41 жүлдеге қол жеткізді, соның ішінде І орын - 6, ІІ орын - 9, ІІІ орын - 15, сондай-ақ, 11 грамота бар.
Республикалық ғылыми жобалар конкурсы 4 бағытта 18 секция бойынша өткізілді.
Астана қаласының оқушылары Республикалық ғылыми жобалар конкурсында 2005 жылдан бері І жүлделі орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атанып келеді.
Білім беру саласындағы инновация болып саналатын жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық ғылыми жобалар конкурсының мақсаты - оқушыларды ғылыми-зерттеу, оқу-танымдық тұрғыдан ынталандыра отырып, ғылым мен техникаға деген қызығушылықтарын арттыру, дарынды жастарды қолдау және дамыту болып табылады.
2000 жылдан бері байқау Intel ISEF (International Science and Engineering Fair) Халықаралық ғылыми көрме және мектеп оқушыларының инженерлік шығармашылығы көрмесінің филиалы болып табылады.
Мәлімет көзі: inform.kz