Ғылыми жаңалықтар

«Ы.Алтынсарин -2014» республикалық пәндік олимпиадасы өтеді

20.02.2014

4395

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен еліміздің 5 облысында республикалық «Ы.Алтынсарин - 2014» пәндік олимпиадасы өтеді. Білім сайысына тек қана қыз балалар қатысады, деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметінен.
Биыл олимпиада әдеттегідей жеті пән бойынша емес, сегіз пән бойынша өткізіледі: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы, химия. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші - 100 балл.

Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған білім сайысының басты мақсаты - мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмектесу, дарынды оқушыларды айқындау, білімді жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына көмектесу арқылы Қыздар университетіне оқуға тарту болып табылады.

«Ы.Алтынсарин - 2014» деп аталатын олимпиададан жоғары нәтижеге қол жеткізген қыз балаларға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне түсуге жол ашылады. Олимпиаданың әр пәнінен алғашқы үш орынды иеленген оқушы таңдаған мамандығына сай келген және ҰБТ-ға қажетті шекті балды алған жағдайда университет ректорының шәкіртақысыз грантына ие болады. Жүлделі орын алмағанымен, олимпиаданың жоғары деңгейлері­нен өткендерге жоғары оқу орнына бірінші кезекте қабылдануға құқық беретін сертификаттар табыс етіледі.

Білім сынағы 27 ақпан күні сағат 12.00-15.00 аралығында Алматы қаласында, Алматы облысының Талдықорған, Жаркент қаласы мен Райымбек ауданында, Жамбыл облысына қарасты Тараз қаласы мен Қордай ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қаласында, сонымен қатар, Қызылорда облысына қарасты Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында және Қостанай облысы бойынша Қостанай қаласында өтеді. Қазіргі уақытта олимпиадаға қатысуға тілік білдіруші оқушыларды тіркеу жалғасуда. Олимпиадаға қатысу жөніндегі толық мағлұматты Қыздар университетінің сайтынан алуға болады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер наурыз айында анықталып, марапатталады.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Ы.Алтынсарин олимпиадасында 21 жеңімпаз ректор грантын иеленген болатын. Биыл химия пәнінің қосылуына байланысты грант саны 24-ке өсіп отыр. Жалпы, өткен жылы білім сайысына 4 000-ға жуық мектеп бітіруші оқушылар қатысты.

Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаз атанған 11-сынып оқушыларымен қатар, сапалы білім берген пән мұғалімдері, сондай-ақ, аймақтарда олимпиаданың өтуіне жағдай жасаған аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары қызметкерлері ректордың алғыс хатымен марапатталады.

Мәлімет көзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар