Ғылыми жаңалықтар

Біздің қоғамда психологиялық сауаттану мәселесі өзекті

20.02.2014

34682

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Ардақ Ерментаеваға бүгінгі психология ғылымының даму бағыты жайында сауалдар жолдаған болатынбыз. Жауап төмендегідей болды.

- Әңгімемізді психология ғылымына жан-жақты талдау жасаудан бастасақ. Бұл ғылым біз үшін беймәлімдеу сала. Ғалымдар бұл құпиясы ашылмаған әлем деп жатады. Психология нені зерттеп, немен шұғылданады?

- Қазіргі кезде жасына, әлеуметтік жағдайына, білім деңгейіне, мамандығына қарамай-ақ, адамдардың психология ғылымына назар аударуы, қызығушылық танытуы айқын аңғарылады. Бұл қоғамның ізгілікті бағытта, адамдардың рухани ділінің дамуын қамтамасыз етуде психологияның маңызды рөл атқаруы тиіс екендігінен шығатын болуы керек. Әрі психологиялық білімнің осы заман адамдарының әрқайсысының күнделікті өмірі мен іс-әрекетінде шешуші орын алатыны көпшілікке мәлім. Әсіресе, қазіргі кезде жастарға, жалпы кез-келген тұлғаға іс-әрекет пен қарым-қатынасты субъект ретінде жетілдіруі үшін психологиялық даярлықты жоғары дәрежеде танытуы қажетті шарт.

Десек те, біз үшін «психология», «психолог» ұғымдары таныс болса да, осы психология ғылымының нені зерттеу керектігін тіпті жоғары білімді адамдардың өздері дәлме-дәл анықтай алмай шатасып жатады.

Барлық дерлік психология оқулықтарында адамның да, жануардың да психикасын зерттейтін ғылымды «психология» деп анықтайды. Нақты айтсақ, психологияның зерттеу нысаны психика болады. Ал психиканың өзіне берілетін ғылыми анықтамаларды сөзбе-сөз келтіріп, талдамай-ақ, оларды былайша жалпылап түсіндірейін: адам психикасының дамып, жетілуі ең алдымен мидың даму деңгейімен, мидың қызметімен байланысты болса, екіншіден, адамның қоғамдағы қатынастар жүйесімен, яғни алған тәрбиесімен, білім деңгейімен, мәдениетті меңгеруімен анықталатын күрделі, біртұтас құбылыс болып табылады. Осыған орай адам психикасы оның іс-әрекеті, ортамен өзара әрекеттестігі, өзіне және басқаларға деген қатынастары, мінез-құлық пен жүріс-тұрыстарының барша көріністері арқылы танылады. Сондықтан, психология әлбетте адам баласының жас ерекшелігіне байланысты психикалық даму белгілерін; психикасындағы оңды және теріс өзгерістерді; бұл өзгерістердің себептері мен салдарларын; тұлғалық жеке-дара қасиеттері, танымдық процестері және психикалық жай-күйі туралы психологиялық деректерді талдап, психологиялық дамудың заңдылықтарын тағайындайды, осы дамудың психологиялық механизмдерін анықтап, зерттейді.

Психология адам өміріндегі көкейтесті психологиялық мәселелерді шешуге бағытталады. Психология ғылымының теориясы мен тәжірибесіндегі озық жетістіктерді қолдану арқылы адам баласы өз өмірінің сценаристі, режиссері және актері ретінде дамуын, оның зияткерлік және тұлғалық дамуын қамтамасыз етудің мүмкіндігі артады.

Алайда, қазіргі жаһандану заманындағы қоғамда адамдардың жан күйзелісін басу үшін ғылыми-әдіснамалық негізі жоқ, түрлі бақсы-балгерлік әдіс-тәсілдердің ықпалынан оңалмас зиян шегу жайттары да аз кездеспейді. Сондықтан психология ғана адам баласының тұлға, маман ретінде психологиялық сауаттануын қамтамасыз етіп, оның психологиялық құзіреттілікке жетуіне, психологиялық мәдениетті игеруіне ықпал етеді.

- Елімізде психология ғылымының бүгінгі ау-жайы қалай? Қазақ психология ғылымы саласы қандай жетістіктерге жетті, неден кеш қалды?

- Жалпы психология ғылымдар жүйесінде жас ғылыми сала болып табылады. Ал қазақстандық психология ғылымының негіздері өте ертедегі даналардың ұлағатты ойлары мен тағылымы мол еңбектерінен, қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі психологиялық мазмұннан бастау алғанмен, оның ғылым ретінде орнығып, қарқынды дамуына көп уақыт бола қойған жоқ.
Психология өте көп ғылыми салалардан тұрады. ХХ-ғасырдың орта тұсында ресейлік танымал ғалым К.К. Платонов оның 100-ге тарта салаларын ажыратып, жіктеген еді. Одан бергі қаншама 7-8 онжылдықта бұл сан еселеп артқан шығар. Осы салалардың арасында педагогикалық психология ерекше орын алады. Себебі дәл осы педагогикалық психология саласындағы зерттеулерге байланысты Қазақстанда ғылыми психология пайда болып, қазір де қарқынды дамуда деуге болады.

Ана тілімізге психологиялық ұғымдардың кірігіп, қордалануы үшін, жастардың психологиялық сауатын ашып, олардың даму процесін жеделдету мақсатында Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев көшбасшылық танытып, жанкештілікпен зор еңбек еткені мәлім. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов алғаш рет қазақ тіліндегі «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» кітаптарын 1926 жылы-ақ жарыққа шығарған.

Қазақстанда психологияның жеке ғылыми сала болып шығуына негіз, тұғыр болған педагогикалық психологияның жаңа бір қарқынмен дамуға беталысы ХХ-ғасырдың екінші жартысында болды. Бұған республикада 1946-жылы тұңғыш психология кафедрасының қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ашылуы, жоғары мектеп оқытушыларының психология-педагогика ғылымдары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуі, оқулық, оқу-әдістемелік құралдар дайындауы орасан ықпалын тигізді.

Педагогикалық психология бойынша құнды еңбектерімен, жоғары мектептегі озық іс-тәжірибелерімен – Ш. Әлжанов, Ә. Асылбеков, Т. Тәжібаев, А. Темірбеков, Ә. Сыдықов, С. Балаубаев, Е. Суфиев, М. Мұқанов, А. Алдамұратов, Р. Қарамұратова, Қ. Рақымбеков сияқты талай тұлғалар ғылыми қорды байытып, тарихта есімдері қалды.

Республикада педагогикалық психологияның дамуына академик Төлеген Тәжібаев елеулі үлес қосты. Ол түрлі деңгейдегі аса жауапты басшылық қызметтер атқара жүріп, Қазақстанда алғаш рет психолог-педагог маман дайындау ісіне бастамашы болған-ды. Т.Т. Тәжібаев білім беруде психология мен педагогиканы үйлестіре отырып, педагогикалық психология аясында зерттеу жүргізген, К.Д. Ушинскийдің психологиялық көзқарастарын талдап, қарастырған.

Қазақстанда жоғары мектеп психологиясының дамуына академик Т. Тәжібаевтың шәкірті Мәжит Мұқанұлы Мұқановтың қосқан үлесі зор болды. М.М. Мұқанов республикада тұңғыш психология ғылымдарынан докторы ғылыми дәрежесіне ие болған ғалым еді. М.М. Мұқанов оқу-тәрбие психологиясына, білім берудің жас ерекшелікке байланысты психологиялық астарларына қатысты «Педагогикалық психология очерктері» (1962 ж.); «Жас және педагогикалық психология» (1982 ж.) сияқты көптеген осы кезге дейін теңдесі жоқ 200-ден астам еңбектер жазған. Сонымен қатар, М.М. Мұқановтың өзі адамның тұлға және маман ретінде дамуын зерттеп, жетілдіруге үлес қосқан талай шәкірт дайындаған.

Жоғары мектепте психологиялық білім беруге арналған қазақ тіліндегі оқулықтар дайындау республикада психология ғылымының дамуымен астасатыны анық. Осыған байланысты, 1966 жылы А. Темірбеков пен С. Балаубаевтың педагогикалық институттар мен университеттердегі студенттерге арналған «Психология» атты қазақ тіліндегі алғашқы оқулықты дайындап жарыққа шығаруы, психологияның дамуында ерекше рөл атқарды.

Содан бергі уақытта, өз егемендігімізге қол жеткізгеннен кейін елімізде психология ғылымының қарқынды даму беталысы айқын аңғарылады. Оны республикада тек педагогикалық психология емес, этнопсихология, тұлға психологиясы, жас ерекшелік психологиясы, әлеуметтік психология, заң психологиясы, әскери психология сияқты қоғам дамуында маңызы зор психологияның бірқатар салалары бойынша әріптестерімнің зерттеулер жүргізіп, әлемге танымал баспаларда еңбектерінің жариялануы дәлелдейді.

Алайда, ғылым қашанда объективтілікті талап етеді. Сондықтан, біздің елдегі психологияның теориялық та, тәжірибелік те жақтарының дамуында кештеу қалған тұстарымызды да айта кету керек. Барлығын тізбелемей-ақ, мына жайды атап кетейін.

Психологияның ғылым ретінде қалыптасуына ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы неміс ғалымдарының зерттеулері себепкер болды. Неге психология ғылымның отаны Германия болды? Себебі, Германия үкіметі ХIХ ғасырда психология ғылымының дамуына ерекше назар аударып, оқу орындарында психологиялық зертханалар мен психологиялық көмек көрсету орталықтарының ашылып, жұмыс істеуіне орасан қаржы құяды. Ал бізде әлі күнге дейін психологиялық зерттеу жүргізу шын мәнісіндегі күрделі мәселе болып табылады. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін біздің еліміздің бірде-бір ғылыми мектебінде толымды психологиялық эксперимент жүргізуге керекті арнайы құралдармен жабдықталған психологиялық мекемелер, орталықтар тұрмақ, бір бөлмелі зертхана да жоқ. Сондықтан, зертханасыз-ақ, психологиялық диагностикада, зерттеулерде қолданылатын әдістемелермен зерттеу жүргізіп жатқан жайымыз бар. Бірақ осы әдістемелерді мемлекеттік тілде сөйлейтін адамдарды психологиялық зерттеуге қолданудың өзіндік талап-шарттары бар. Осы талаптарды басшылыққа алар болсақ, басқа тілдегі әдістемелер күрделі бейімделу, стандартталу сатыларынан өтіп, әр әдістеме бір-бір докторлық диссертация деңгейінде зерттеліп, қазақ тілінде қолдануға лайықталуы керек. Сонда қазіргі кезде толымды, барлық талап-міндеттерге сай психологиялық зерттеу жүргізіп, психология ғылымын дамыту еліміздегі осы саладағы ғалым-зерттеушілердің белсенділігіне, бастамашылығына, ерен еңбегі мен жауапкершілігіне ғана арқа сүйеп отыр. Бірақ, бұл тұлғалық сапалар – психология ғылымының даму мәселесін шешуге қажетті бір ғана шарт.

Ғылым даму үшін сәйкесінше материалдық база керек, ғалымдарға объективті зерттеу жүргізуге жағдай жасалынуы тиіс. Психологиялық зерттеу, психологиялық диагностика кез-келген мекемедегі немесе кез-келген тұлғаға психологиялық қызмет, психологиялық қолдау көрсетуге негіз болатыны анық. Ал қоғамда психологиялық білімге, психологиялық қызметке деген зәрулік өте жоғарыболғандығына қарамастан елімізде психология ғылымының теориялық және тәжірибелік тұрғыдан дамуына айтарлықтай көңіл аударылмауда.

Бұл пессимизмді оптимизмге ауыстырайық. Елбасының соңғы Жолдауындағы ғылымның алдыңғы орынға қойылғанын, екіншіден, «Мен жастарға сенемін» - деп, М. Жұмабаев айтқандай, қазіргі жастардың зияттылығын, өздерін танытуға деген ұмтылысын, қоғамның ғылым-білімге деген талап-зәрулігін ескерсек, еліміздегі тек психология ғылымының ғана емес, басқа да көптеген ғылымдардың әлемдік білім қорын байытып, айтарлықтай биіктен көрініп, танылатын уақыты алда дегім келеді.

- Тәуелсіздік алып, еңсемізді түзегелі бергі уақытта Қазақстан психология ғылымы саласында ашылған жаңалықтар бар ма? Болса қандай және болмаса себебі неде жатыр?

- Қазір жоғары оқу орындарында дәріс оқып, ғылыми-зерттеу мектептерін құрған ғалымдар Қазақстандағы психология ғылымдарының сан саласын дамытып келеді. Олардың жоғары мектеп психологиясының дамуына қоғам талабына сай маман дайындау, психологиялық білім берудің оқу-әдістемелік негізін нығайту, студенттердің, магистранттардың, докторанттардың зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасау арқылы атқарып отырған еңбектері орасан зор. Қазақстанда психология ғылымының әрқашан көкейтесті болатын мәселелерін зерттеу арқылы республика аумағында ғана емес, әлемдік психология-педагогика ғылымдарының қордалануына себепкер болған ғалым-тұлғалар баршылық. Сондықтан, республикадағы психологияның өсіп-өркендеуі Р.Б. Қарамұратова, С.М. Жақыпов, Қ.Б. Жарықбаев, Ж.Ы. Намазбаева, Х.Т. Шерьязданова, В.К. Шабельников сынды белгілі психолог-ғалымдардың есімдерімен тікелей байланысты.

Мәселен, маған студент кезімде білім берген ұстазым, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Раиса Башибайқызы Қарамұратованы педагогикалық эмпатия бойынша республикада ең алғаш зерттеу жүргізген, болашақ мұғалімдерде педагогикалық эмпатияның қалыптасу заңдылықтарын тұжырымдаған ғалым екендігін үнемі мақтанышпен айтамын. Ұстазымның ғылыми еңбектеріне Ю.Б. Гиппенрейтер сынды мүйізі қарағайдай ресейлік ғалымдардың берген жоғары бағасы, жасаған сілтемелері қаншама. Сонымен қатар, М.М. Мұқановтың шәкірті болған Раиса Башибайқызы Грузиядағы белгілі К.Д. Узнадзенің психологиялық ғылыми мектебінде диссертациясын қорғаған қазақ қыздарының тұңғышы еді. Раиса Башибайқызынан білім алып, кейін оқытушылық қызмет таңдаған Ж.Қ. Әубәкірова, Н.Д. Унарбекова, М.Д. Ауренова, А.З. Теңкебаева сияқты психолог-оқытушылардың психологиялық зерттеулері де бірегейлікпен, аса өзекті мәселелерді жан-жақты қарастыруымен ерекшеленеді.

Студенттердің оқу әрекетінің психологиясы, танымдық іс-әрекеті әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Сатыбалды Мұқатайұлы Жақыповтың ғылыми мектебінде қарастырылып, болашақ мамандардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мен дамытудың механизмдері тағайындалған. Ғалымның жасаған зерттеу тұжырымдамалары оқытудың психологиялық құрылымын, теориялық-әдіснамалық негіздерін дәйектеп, бірегей ғылыми ұстанымды танытады. С.М. Жақыпов – жоғары мектептің оқу процесіне жүйелі психологиялық талдау жасаған тұңғыш зерттеуші. Студенттердің танымдық іс-әрекетін жетілдірудің, жоғары білім беру тиімділігін арттырудың негізгі шарттары мен кешенді құралдары профессор С.М. Жақыповтың еңбектерінде негізделіп, тұжырымдалған. С.М. Жақыповтың теориялық-эксперименттік зерттеулерінде, іс-тәжірибесін таратуда бірлескен диалогтік-танымдық іс-әрекет оқу процесінің құрылымындағы жүйе ұйыстырушы фактор болатындығы, оқу әрекетінің, оқытудың тиімділігін анықтайтыны жан-жақты зерттеледі.

Ал Қазақстандағы психологияның өркендеуіне көлемді еңбек сіңірген, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық іс-әрекетті жүзеге асырып келе жатқан ғалым – педагогика ғылымдарының докторы және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев. Ғалымның этнопедагогика, этнопсихология, психология тарихы бойынша бірегей зерттеулері; студенттерге психологиялық білім беруді жүзеге асыруға қатысты жазған оқу құралдары, оқулықтары құндылығымен, республика аумағында барынша таралып, қолданумен ерекшеленеді. Қ.Б. Жарықбаев ғылыми жетекшілігі арқылы магистр, ғылым кандидаты, ғылым докторы сияқты жоғары академиялық, ғылыми атақтарға ие болған шәкірттерімен де республикадағы психологияның дербес ғылым, пән болуында ерекше орын алады.
Психологиялық дамудың өзекті мәселелерін кешенді теориялық-әдіснамалық негізде шешуді Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымы, психология ғылымдарының докторы, академик Жәмилә Ыдырысқызы Намазбаеваның ғылыми мектебі қарастырады. Ғалым Ж.Ы. Намазбаева қазіргі психология, дефектология ғылымдарының теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаған Л.С. Выготскийдің ғылыми зертханасында ізденуші болып, С.Я. Рубинштейн, Ж.И. Шиф сияқты ғалымдардың жетекшілігімен нәтижелерінің өміршеңдігімен ерекшеленетін зерттеулер жүргізген. Мәселен, Ж.Ы. Намазбаева студент кезінде өзіндік бағалауды анықтауға бағытталған белгілі Дембо-Рубинштейн әдістемесін бейімдеп, модификациялауға қатысады. Ж.Ы. Намазбаева – қазақ қыздарының арасында алғашқы психология ғылымдарының докторы. Сонымен қатар, 1993-жылы Орта Азия мен Қазақстанда тұңғыш рет психология ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғататын Арнайы Кеңестің ашылып, оған Ж.Ы. Намазбаеваның төрайым болуы, психологияның жаңа сатыға көтеріліп, дамуына айтарлықтай қосылған үлес еді. Сондай-ақ, қазір Ж.Ы. Намазбаева Қазақстанда тұңғыш ашылған Психология ҒЗИ-ның директоры ретінде психология ғылымының өркендеуіне жағдай жасауда.

Менің докторлық диссертация қорғауыма ғылыми кеңесші ретінде көп көмек берген ұстазым Хорлан Шерьязданованың психология ғылымының дамуына қосқан үлесі тіптен ерекше. Жоғары оқу орнында психологиялық дайындауды, тұлғаның өзін-өзі тану процесін және қарым-қатынастың коммуникациялық, интеракциялық, перцепциялық құрылымдарын жетілдірудің заңдылықтары мен мүмкіндіктерін негізге алып, психологиялық технологияларды оңтайлы қолданудың теориялық және практикалық тұрғылары Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Хорлан Тоқтамысқызы Шерьязданованың ғылыми мектебінде жан-жақты зерттеліп келеді. Х.Т. Шерьязданова – «Бөбек» балалар қорының Президенті Сара Алпысқызы Намазбаева басшылығымен жүзеге асырылып келе жатқан «Өзін-өзі тану» республикалық жобасының психологиялық тұжырымдамасын алғашқылардың бірі болып дәйектеген, негіздеген ғалым. Осыған орай, Хорлан Тоқтамысқызының белсенді ұстанымы арқылы жоғары мектепте психология пәні оқытушыларының ғылыми-әдіснамалық тағылымдамадан өту жолын негіздеген ғалым.

Жоғары мектепте «психология», «өзін-өзі тану» пәндері бойынша білім беруде оқытудың белсенді психологиялық-педагогикалық технологиясын қолданудың теориясы мен тәжірибесінің негізделіп, таратылуы да профессор Хорлан Тоқтамысқызының осы жолдағы бастамашылығымен, ерен еңбегімен байланысты. Болашақ психологтердің, педагогтердің, ғалым-зерттеушілердің әлемдік психология қорын танып-білуі үшін Х.Т. Шерьязданова республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында республикадағы психолог-зерттеушілерді ұйымдастырып, жауапты да көлемді жұмыс атқарды. Нәтижесінде, психология бойынша әлемдегі бірегей теориялар, идеялар, тұжырымдамалар тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, «Адамзаттың ақыл-ой қазынасы» айдарымен 10 томдық аса құнды еңбек 2005 жылы жарық көрді. Сондай-ақ, Х.Т. Шерьязданова – республикада тұңғыш рет жоғары мектепте психологиялық білім беру мәселесін көтерген психолог-ғалым. Ғалым студенттердің психология пәндері бойынша оқу процесін құру жолдарын анықтап, тағайындауды басты міндет ретінде қояды. Осыған байланысты Х.Т. Шерьязданова болашақ педагогтер мен психологтерді кәсіби психологиялық дайындаудың мазмұны мен құрылымын жүйелеп, негіздеген де алғашқы зерттеуші болып табылады. Оның еңбектерінде студенттердің жас ерекшеліктерге қатысты қарым-қатынас біліктілігін дамыту, психологиялық білімдерін тереңдету кәсіби дайындаудың психологиялық негізі ретінде сипатталады. Хорлан Тоқтамысқызы ХХ-ғасырдың соңына қарай ерекше зерттеу нысаны болған «педагогикалық қарым-қатынас» категориясын психология аясына кіріктіріп анықтаған. Соның арқасында ғалым педагогикалық іс-әрекет барысындағы кез келген қарым-қатынас тиімді болуы үшін оның «кәсіби педагогикалық қарым-қатынас» деңгейіне көтерілу керектігін, оның жолдары мен амалдарын тұжырымдайды. Сондықтан, профессор Х.Т. Шерьязданованың ғылыми жетекшілігімен педагогикалық психологияның, соның ішінде, жоғары мектеп психологиясының өзекті мәселелері бойынша 30-дан аса ғылым кандидаттары (Г.М. Қасымова, Ұ.И. Ауталипова, М.Қ. Бапаева, Ж.Қ. Әубәкірова, М.Н. Махаманова, Л.Х. Ермекбаева, және т.б.); 3 ғылым докторлары дайындалып шықты.

2008 жылы 1-қыркүйекте Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор С.Ж. Пірәлиевтің бастамашылығымен Қазақстанда тұңғыш рет Психология Ғылыми Зерттеу Институтының ашылуы да жоғары мектеп психологиясы бойынша білім беру мен зерттеушілік міндеттерді шешуде маңызы зор іс болды.

Қазіргі кезде С.Қ. Бердібаева, Б.Ә. Әмірова, З.Б. Мадалиева, Н.С. Ақтаева, А.Т. Ақажанова, Н.Қ. Тоқсанбаева, т.б. ғалымдар қазақстандық психологияның басты міндеттерін, әр қырлы мәселелерін шешу арқылы өздерінің ғылыми ұстанымдарын нығайтып, дербес ғылыми мектептерінің іргесін қалап келеді.

- ЕҰУ, ҚазҰПУ, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ сынды оқу орындарында қызмет атқардыңыз. ЖОО-ларда психолог маман даярлау ісінде қандай өзекті мәселелер кездеседі?

- Иә, мен өзіңіз атап өткен, психолог маман дайындауда қоғам талаптарымен қоса, өзіндік жолдарымен ерекшеленетін елімізде танымал осы оқу орындарындағы қызметтерімді, өзара ынтымақтастық қарым-қатынастағы әріптестерімді және қазір де Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да оқытып жүрген шәкірттерімнің әрқайсысына деген ерекше құрмет қатынасым бар.

Жалпы психолог мамандығын кез келген адам таңдамайды және меңгеріп кете алмайды деп ойлаймын. Адам баласының психологияда темпераментіне, мінезіне, қатынастар жүйесіне байланысты түрлі типтері ажыратылады. Солардың арасында психолог мамандығына жарамдылығын танытатын адам басқаның мүддесін алға қояды, басқалармен әрқашан оңды қатынастар құра алады, көпшіл болып, адамгершілікті ұлықтайды. Осы қасиеттеріне сәйкес маман дұрыс кәсіби дайындықтан өтсе, кәсіби жолында дана тәлімгерлер кездессе, нағыз психолог бола алатыны даусыз.

Сонымен қатар, ЖОО-да психолог дайындауда озық іс-тәжірибелермен, зор жетістіктермен қатар, шешімі кезек күттірмейтін мәселелер де бар. Ең алдымен, «айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, қазіргі кезде барлық деңгейде, барша көтеріп жүрген мемлекеттік тілде оқулық жазып, жариялау мәселесі психология үшін айрықша өткір болып отыр. Әрине, қазіргі кезде республикалық ЖОО қауымдастығы оқулықтар мәселесін біраз шешуде. Бірақ, бұл қауымдастық та маман дайындауға қажетті оқулық мәселесін шеше алмауда. Оған дәлел - студенттерге арналған оқулықтар саны аз ғана десек, ал «психология» мамандығындағы магистранттарға арналып осы күнге дейін 1-2 оқулық қана жарияланған. Тіпті, докторанттарға арналған оқулықты не кітапханалардан, не кітап дүкендерінен кездестірмедім. Осы орайда «оқулық жазатын ғалым жоқ па?» деген заңды сұрақ қойылары сөзсіз. Басқа саланы білмеймін, бізде психологияда қазақ тілінде талапқа сай оқулық жазуға әлеуетті ғалымдар, оқытушылар жоқ емес. Бірақ 80 мың теңге айлық алатын оқытушы бір емес, бірнеше жерде күнкөріс қамымен жүгіріп жан сақтайды, отбасын асырайды, кредитін төлейді, бала-шағасын оқытады. Сондықтан қазіргі оқытушының күнді-күнге, түнді-түнге соғып, сарылып кітап жазатын уақыт табуы қиын. Ал осы кезге дейін ЖОО-на оқулық жазуға арнайы тендерлердің ұйымдастырылғанын, конкурстардың болғанын, гранттар бөлінгенін бірде-бір рет естімеппін.

Сонымен қатар, психолог мамандарын дайындауда біздің республикада ғалымдар жетіспейді. Бұл мәселе жақын арада шешіле де қоймас. Себебі соңғы екі оқу жылын алар болсақ, бүкіл республикаға PhD докторанттарын дайындауға тек 3 гранттық орын ғана бөлініп келеді. Докторантураның ақылы бөліміне қабылдауға рұқсат жоқ екендігі белгілі. Сол сияқты ЖОО-ғы бакалавриат, магистратура деңгейлерінде де психология мамандығына саусақпен санарлық қана гранттық орын бөлінеді. Сондықтан, қазір еліміздегі психология саласында ғылыми дайындығы да, психологиялық мәдениет деңгейі де жеткіліксіз «жантанушылар» қаптап кетті. Бұл теледидардағы, радиодағы түрлі хабарламалардан ап-айқын көрінеді. Мұндай мамандардың пайдасынан зияны ұшан-теңіз болатыны жасырын емес.

- ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының психологиясы қандай? Осы ретте ғалымдар қандай да бір зерттеулер жүргізді ме?
- Мен үшін бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Себебі, нақты психологиялық зерттеу бойынша алынған деректерге сүйенбей, «біздің қазақ қоғамы осындай» деу аса жауапты. Сондықтан, әзірше қазақ қоғамын психологиялық зерттеу мәліметтері жоқ болғандықтан, оның психологиялық сипаттамасын бермей-ақ, тек психолог, педагог ретіндегі өз ұстанымдарымды айтсам деймін...

Қазір «батыстық өркениеттің қиыншылықтарынан арылу үшін Шығыстың бай рухани және мәдени тәжірибесіне назар аудару қажет» (Ә. Нысанбаев) заманында қазақ қоғамы үшін адам психологиясының аса биік көріністері – руханилық, адамгершілік, тәуелсіздік, ізгіліктік барынша өзекті де маңызды болып тұр. Ұлттық құндылық болатын әдет-ғұрып, дәстүр қоғамның адамгершілік императиві, заңы бола отырып, сол қоғамды құлдыраудан сақтайтыны белгілі. Ал әрбір жастың жалпыға ортақ арнадан шықпай, кері кетпей, ағаттық жасамай, шалыс қадам баспай, алға қарай дамуға ұмтылысы неге байланысты?

Жасыратыны жоқ, БАҚ қазіргі кезде жастардың девиантты мінез-құлқы, енжарлығы, жауапсыздығы, ұрыншақтығы, қатігездігі туралы небір сойқан оқиғалардың тым жиілеп кеткендігін жазып, көрсетуде. Ілкі заманнан рухани байлықты ұлықтап, ұстанған қазақ қоғамында ХХІ ғасырда жиі кездесетін келеңсіздіктер көбінесе психологиялық сауатсыздықтың салдары деп айтар едім.

Қазір біздің қоғамдағы барлық білім беру орындарында, білім берудің барлық жүйелерінде жас ұрпақты психологияландыру, яғни оны субъект ретінде дамып-жетілуге психологиялық дайындау жүзеге асырылса, көптеген әлеуметтік жағымсыз жайттардың алдын алуға болар еді. Біздің қоғамда өткен ғасырдың басында жаппай сауатсыздықты жою міндеті тұрса, осы ғасырдың бас кезінде әлеумет үшін жаппай психологиялық мәдениетті игеру аса өзекті мәселе. Осы контексте іс-әрекеттің, қарым-қатынастың және өзіндік дамудың нәтижелі, игілікті орындалуын ғана емес (себебі, құл да іс-әрекетті орындай алады), осы іс-әрекетті жетілдіруге психологиялық дайындау жастардың өзін-өзі өзгертуге, өзін-өзі дамытуға байланысты жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан психологиялық дайындауды тұлғаның субъект ретінде танылуымен, дамуымен үйлестіру қазіргі білім беру жүйесінде басты бағыт болуы керек. Тұлға субъект болса ғана ол адамгершілікке, ізгілікке негізделе отырып, өзіне де, өзгелерге де құнды қатынас орната алады. Тұлға субъект болса ғана нендей істе, қандай жағдайда да бастамашы болады, белсенділік танытады, жауапкершілікпен ерекшеленеді, дербестігін сақтайды, басқалардың қадір-қасиетін түсінуге әлеуетті келеді. Жалпы, Ресейде 1960-шы жылдардан бастап, біздің республикада ХХ-ғасырдың бас кезінен ғана тұлғаны субъект ретінде дамыту мәселесі зерттеліп келеді. Өзімнің зерттеу жұмыстарымда Қазақстанда алғаш рет тұлғаның субъектілігін дамытудың психологиялық шарттары, заңдылықтары, механизмдері мен жастардың субъектілік ұстанымдарының этнопсихологиялық ерекшеліктері анықталып, тұжырымдалды. Қазір де тұлғаның субъект ретінде өз өмірінің авторы, қоғамдағы істердің жасампазы болып дамуы аса ауқымды, көп астарлы мәселе болғандықтан, зерттеу студенттерімнің, магистранттарымның және докторанттарымның зерттеу жұмыстарымен астасып, жалғасуда.

- Халық арасында өмірден көрген қиындықтарын бақсы-балгерлермен бөлісу, солардың көмегіне жүгіну қалыпты жағдай саналады. Психолог маманмен кеңесу, сөйлесу намыс, ұят саналатындай. Бақсы-балгерлерге қарағанда психологтерге сұраныс аз деп жатамыз. Осының себептерін ашып, талдап берсеңіз?
- Иә, психолог маманнан кәсіби деңгейде психологиялық көмек алатын адамдардың бақсы-балгерлердің қабылдау орнындағыдай үлкен кезекті көрмеппін. Оның бір себебін жоғарыда атап кеттім – біздің қоғамда психологиялық сауаттану мәселесі өткір тұр. Бұл – біріншіден.
Қазақ халқының қарым-қатынаста ашық келетіні және сонымен қатар, шыдамды, төзімді болатындығы талай зерттеулерде көрсетілген. Сондықтан, жаны ауырып тұрса, қазақтар жанашыр туыстарымен, дос-құрбыларымен, көршілерімен сырласып, оқиғаға байланысты бітімге келісіп, татуласып, өкпе-назын қайтарып, біте қайнасып, шұрқырасып жатады. Ал мұндайда психолог шын мәнінде керек емес. Бұл – екіншіден.
Үшіншіден, байқап қарасам, психологиялық көмекке көбінесе көзі ашық, өзіне не керектігін нақты білетін, психолог маманның қызметін өте жақсы түсінетін тұлғалар жүгінеді. Бірінші жағдаймен байланыстырсақ, ондай адамдар көп емес…
Төртіншіден, психолог адамның жан жарасын «сылып тастайтын» оташы емес. Депрессия түрлері, стрестер адамға батпандап кіріп, мысқалдап шығады. Мұндайда жаны ауырып келген адам психолог маманның кеңесіне сәйкес өзі өте көп жұмыс істеуі керек. Ал қазақтардың көпшілігі өзін-өзі күтіп, оңалуға, өзін-өзі аялауға мән бермейтін, керісінше, басқаға құрақ ұшатын альтурист емес пе?! Сонымен қатар, ауырсақ бірден жазылып кетуді, байысақ бірден миллиардер болуды тек жатып қана көксейтініміз тағы бар!
Бесіншіден, психологиялық көмекке зәрулік болғанмен, оны алуға шама-шарқы келе бермейтін отандастарымыз да аз емес. Осы орайда «Шалқар» радиосының жорналшысы Мейрамгүл Исатайқызы бір сұхбатында маған «Осы сіздер – психологтер дәрігерлік жедел жәрдем, полицейлердің шұғыл көмегі сияқты неге әркімге тегін психологиялық көмек беретін, көшеден кез-келген кісі кіре алатын орталықтар ашып қоймайсыздар?» - деген бір орынды базына айтқан еді. Бұл – сөз жоқ, әлеуметтік маңызды іс және дәл осындай жағдай болатын шығар деп өзім де үміттенемін.

- Психолог маман педофилия, нашақорлық, суицид, өзге дінге бет бұрған жандарға көмектесе ала ма?
- Кейбір ауруларды емдеуге дәрігерлердің шарасыз болатыны, кейбір оқушыларды тәрбиелеуде ата-ананың, педагогтердің дәрменсіз қалатыны, кейбір есептердің шешімін табуға академик математиктердің шамасы келмейтіні сияқты психологтердің де кейбір психикалық ауытқулардан адам баласын түбегейлі түрде арылтып жібере алмайтынын ашық айту керек. Бірақ, мүлде көмектесе алмайды деп те айтуға болмайды. Мысалы, педофиль ниеттегі адамға, нашақорға өздерінің психикалық мәселелерінің бар екендігін түсінуіне, сәйкесінше, психиатрдан, наркологтан ерікті түрде ем алуға психолог кеңесі түрткі, алғышарт болып, олардың ауыр қылмысқа барып қоймауының, ауытқудың меңдеп кетпеуінің, түрлі қатердің алдын алады. Ал егер педафиль қылмыс жасап қойған болса немесе наркоман туғандарының мазасын әбден кетірген болса, онда психолог осы деструкцияланған адамдарға емес, олардан зардап шеккен тұлғаларға тигізетін кәсіби психологиялық көмектің орнын ештеңе баса алмайтынын білу керек.
Ал адамның суицидтік ойын дәлме-дәл анықтау, ондай ойдан арылту үшін оған психологиялық көмек көрсету кәсіби құзіреттілігі жоғары кез келген маман-психологтің қолынан келеді.
Өзге дінге бет бұрудың түп негізінде еліктіргіш препараттар, күшті гипноз болмаса бұл мәселе де психологиялық қызмет аясында шешіледі. Ал егер еліктіргіш препараттар, гипноз арқылы секталарға кірген адамдар сәйкесінше наркологтан, психиатрдан ем алуы керек. Психолог қызметінде ешқашан медициналық препараттармен ем-дом жасалмайды.

- Бүгінде жасөспірімдерге дейін интернетке тәуелді. Бұл ретте жастардың интернетке көп уақытын жұмсауы қаншалықты дұрыс?
- Қазіргі кезде интернет болмаған заманда қалай өмір сүрдік деп таңданамыз. Заманауи байланыстардың бар түрін қолданып, жұмыстарымызды көзді ашып-жұмғанша бітіріп те жүрміз. .
Бірақ кей жастар әлеуметтік желілерде ғана өмір сүре алатын жағдайға душар болды. Тіпті қазіргі кезде ғылымда «компьютерлік аддикция» ұғымы орнығып, Батыста «компьютерлік аутизм» термині қолданыла бастады. Талай зерттеулер желіде отырған адамның шынайы ойы мен жазғаны, өзін сипаттауы мен нақты тұрпаты бір-біріне сәйкес келмей қалатынын, біртіндеп адамда тұлғалық қосақтың (раздвоение личности) қалыптасатынын дәлелдеді. Күні-түні желіде отырып, ұйқы-күлкіден айырылып, жындыханадан бір-ақ шығып жатқандар да кездесуде. Сондықтан әлеуметтік желіге тәуелді болу әсіресе жастардың психологиялық дамуындағы теріс жағдай.
Жастық шақ – «қыз ғұмыр», тым жылдам өте шығады. Ал адамның зияттылығының, танымының, әлеуметтік белсенділігінің, психофизиологиялық жетілуінің оптимумдық даму деңгейі тек жастық шаққа ғана тән болады. Жастық шақ – адам баласының бақытты өз қолымен жасауына, жетістіктерге жетуіне, өзін танытуына, өзгені тануына Жаратушының ерекше әлеует, күш-қуат беретін алтын кезеңі. Осы кезеңді, біздің қазақ жастары босқа өткізіп алып, кейін депрессияға ұшырап, психолог іздемесе екен деп тілеймін. Жастар үшін психолог болашақта тек қана сүйемелдеуші, қолдаушы қызметін атқарушы болсын деп ойлаймын.

Әңгімелескен Арайлым БИМЕНДИЕВА

«« | »»
Соңғы жаңалықтар