Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен жеке шаруа қожалықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұқым шаруашылығын дамытудың барысы мен түйткілдерін талқылады.
Облыстың шаруа қожалықтары басшылары мен егіншілік саласын зерттеп жүрген тәжірибелі ғалымдардың алдағы көктемге дайындық, оның ішінде тұқым себу мәселесіне назар аударуы құптарлық жайт. Себебі көктем қыр астында. Шаруа қожалықтары алқалы жиын барысында өздерін толғандырған сан алуан түйткілдердің себеп-салдарын, қайткен жағдайда көп өнім алуға болатынын ғалым-егіншілерден естіп-білуге тырысты.
Алматы облысы әкімінің ауыл шарушылығы жөніндегі орынбасары Тынышбай Досымбекұлы:
– Егер дәл қазір тұқым мәселесін бірлесіп шешпесек, ертең кеш болады. Қазіргі күні облыста 52 мың жеке шаруа қожалығы бар. Олардың басым көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Менің таңғалатыным, сол шаруа қожалықтарының басшылары агрономдық білімдері болмаса да, өздері білгішсініп, қалаған тұқымды егіп, күзде әлгі жерден жарытып өнім ала алмай, қарызға белшеден батып жүр. Тіпті олар алқапты көктемгі егіске қалай дайындау қажеттігінен мүлде бейхабар. Егер диқаншы-шаруаларымыз бұдан былай да дәл осылай әрекет жасайтын болса, онда күндердің күнінде тақырға отыруы әбден мүмкін. Міне, осыны қатаң ескергеніміз жөн, – деді. Ал аталмыш институт директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Серік Кененбаев өзі басқаратын мекемедегі ғалымдардың тұқымның сан алуан отандық сортын әзірлегенін және ауа райының қолайлы-қолайсыздығына байланысты олардың қайсысын қай аймаққа егуге болатынын терең зерттегеніне кеңінен тоқталды. Жаздық және күздік бидай сорттарының, қызылша мен қиярдың, қарбыз бен қауынның, жүгері мен көпжылдық шөптің тұқымдарын шетелдерден іздемей-ақ, өзіміздің ұлттық ғылыми-зерттеу институттарынан алуға болатындығын жеткізді.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, бидайдың 90-нан астам отандық түрін өмірге әкелген тәжірибелі ғалым Рақым Оразәлиев:
– Қазіргі күні біздің диқандарымыз Қытайдың немесе Ресейдің арзанқол, сапасыз техникаларын сатып алуға бейім. Ол техника диқандардың талабын қанағаттандыра алмауда. Біріншіден, олардың техникасы ескі, сапасыз қалдық темір-терсектен жасалады. Сөйтіп, бар-жоғы бір маусымда бұзылып, пайдалануға мүлде жарамсыз болып қалады. Бұл – мемлекеттен қарызға алынған қыруар қаржы желге ұшты деген сөз. Екіншіден, Қытай мен Ресейдің тұқым сепкіш техникалары тұқымды қалаған тереңдікке сіңіре алмайды. Сондықтан әрбір шаруа қожалығы Австрия, Германия, Канада, Оңтүстік Корея елдерінде жасалған ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғаны жөн. Себебі бұл техникалар сапалы әрі пайдалануға өте қолайлы. Мысалы, мен өзім ғалым ретінде қоян-қолтық жұмыс жасап жүрген «БайсеркеАгро» шаруашылығы бірнеше жылдан бері Канаданың техникасын пайдаланып келеді. Техника сапалы болған соң, мұндағы диқандар мол өнім алуға қол жеткізуде. Ең бастысы, техниканың құны емес, оның қаншалықты сапалы екені басты назарда болуы керек, – деп өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ол қайсыбір пысықайлардың ғалымдар талай жыл бойы тер төгіп, «өмірге әкелген» бидай мен арпаның, бақша дақылдары мен көкөністердің отандық сорттарының тұқымын тонналап сатып алып, сол тұқымды жекелеген фирмаларға бағасын көтере сатып, оңай олжа табуды кәсіпке айналдырып жүргенін жасырмады. Оның ойынша, ғалымдардан арнайы комиссия құрып, институттан сатып алынған тұқымның қандай мақсатқа жұмсалғандығын қатаң бақылайтын уақыт келді.
Жиын барысында Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Айтбай Көшкімбаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылымизерттеу институтының мал азықтық және дәнді дақылдар бөлімінің меңгерушісі Ғалиолла Мейірман, дәнді бұршақ дақылдар бөлімінің меңгерушісі, ғылым докторы Мұхтар Құдайбергенов, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Теміржан Айтбаев және басқалар сөз алып, елімізде тұқым шаруашылығы саласын қалай дамыту қажеттігі туралы ойларын ортаға салды.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ.
Дереккөзі: aikyn.kz/