Медицина саласындағы урологиялық ауру-сырқауларды емдеп-жазуда ғажайып құралға айналған – троакарды алматылық хирург жасап шығарды. Оның жасаған құралы бұл күнде дертті жазуда сәтті қолданылып келеді екен.
Дәрігер Шоқан Бектұрғановтың айтуынша, бұл сайманның бар айырмашылығы шет елден тасымалданатындарымен салыстырғанда бағасының арзандығында екен. Операция кезінде қолданылатын немістің троакарлары 15 мың теңгенің шамасында болса, отандық өнімнің құны 700 теңгеге жуықтайды. Сонымен қатар, тағы бір ерекшелік – шет елдік саймандарды пайдалану бір реттік қана, ал отандық өнім тот баспайтын құрыштан жасалғандықтан, бірнеше қайтара қолдануға әбден болады.
Бұл құралды соңғы екі жылда 110 отаны сәтті орындаған Бектұрғановтың өзі ойлап тапқан. Сондай-ақ, сайманның тағы бір ерекшелігі сол – ол несеп жолы немесе қан тамырларына зақым келтірер алдында арнайы белгі береді екен.
Бүгінгі таңда облыстық клиникада жасалатын әрбір операция барысында әр күні тәжірибеден одағыдай өтуде. Науқастардың басым бөлігі – жасы егде тартқан ер азаматтар несеп жолының зақым келуіне байланысты зәбір көреді.
Естеріңізге сала кетейік, Бектұрғановтың троакары қазақстандық патентке ие болған. Қазір де бұл құралға неміс пен польшалық мамандар зор қызығушылық танытып отырған көрінеді. Алайда, хирург оның жасалу технологиясын сатуға бейілді емес. Ол өз өнімін алдымен отандастарының қажетіне жаратқанды құп көріп отыр.
Источник: baq.kz