Мақта қалдықтарынан жасалған түйіршіктер жаңбыр суын бойына сіңіріп, оны ұзақ уақыт сақтап тұратын қасиетке ие екен. Өнертапқыштар осылайша дәнді дақылдарды құрғақшылықтан аман алып қалуға болатындығын айтуда
Бұл Жолдауда айтылған егістік алқаптарындағы суды 15 пайызға үнемдеу технологиясы бойынша жасалған алғашқы қадамдардың бірі болмақ. Ылғалды үнемдеуші ұнтақтар мақта зауыттарынан шыққан соңғы қалдықтан жасалған. Ғалымдар мұндай түйіршіктерді химиялық өнідіріс қалдықтарынан да алуға болатындығын айтады. Оған қарағанда мақта шитінен жасалған ұнтақтар арзан әрі тиімді. Ұсақ түйіршіктер егіс алқабын жыртқан кезде тыңайтқышпен бірге себіледі. Топырақ астына түскен өнім жауын-шашын суын бойына сіңіріп, ылғалдылықты ұзақ уақыт сақтайды.
– Қысым мен жауын-шашын мөлшеріне қарай олардың 1 граммы 1 литрге дейін суды бойында ұстай алады. Соның нәтижесінде көктем кезінде, күн қызып кеткен жағдайда бұл түйіршіктер суды үнемдеп, бидайдың суға тапшылығын 20-30 күнге дейін ұстап тұра алады, – дейді жоба авторы Шамшеддин Юсупов. Мамандардың айтуынша, бір гектар жерге 30-40 келі ұнтақ жеткілікті. Ылғал мол түскен сайын оның көлемі де ұлғая береді. Түйіршіктер үш жылға дейін өз күшін жоғалтпайды. Кейін шіріп топырақ құрамына араласып кетеді. Экологиялық жағынан да тиімді. Ғылыми зерттеу институтының мамандары бірнеше тың жобаны егіс алқаптарында қолданып, тәжірибеден өткізіп көрмек.
– Электрлік-магниттік толқынмен тек қана тұқымның өнгіштік қасиетін қоздыратын болады. Ал бұл жердің ылғалдылығын көбірек сақтайды. Сол себептен осы екеуін бірге қолданатын болсақ, біздің тәжірибе бойынша өнім 20-30 пайыз болса, ол одан да жоғары болуы мүмкін. Бұл жоба өзге өңірлермен салыстырғанда жаз мезгілінде күні ыстықтау болып келетін оңтүстік дихандары үшін тиімді, –деп ойын ортаға салды Агроөнеркәсіп және су қоры ғылыми зерттеу институтының директоры Мұсатіллә Тоқанов. Өнертапқыштар өздері ашқан жаңалықтар қаржылай қолдау тапса, өндірісте өміршең боларына сенімді. «Біздің ғалымдар агроөнеркәсіп, химия технология және энергетика саласы бойынша 35 жоба әзірлеп, ұсынуға дайын отыр. Бұл жобалар қаржыландырылатын болса, өз нәтижесін береді деп ойлаймын», – дейді Инновация және технологияларды коммерциялизациялау департаментінің директоры Мақсат Бердіқұлов. Оңтүстік ғалымдары бұрын тек тыңайтқыш ретінде қолданылып келген мақта қалдықтарын осылайша кәдеге жаратуды көздеп отыр. Расында, жоба ауылшаруашылығы саланың дамуына сеп болмақ.
Мәлімет көзі:24.kz/kz/