Ғылыми жаңалықтар

Бие сүтін өңдейтін ғылыми-зерттеу институты ашылмақ

31.12.2013

4130

Елімізде 2014 жылға жоспарланып отырған игілікті іс Қазақстан мен Германияның бірлескен жобасы болмақ. Берлинде өткен екіжақты кездесуде қазақтың ұлттық сусынын неміс кәсіпкері патенттеп алмағаны айтылды. Өнім KUMUS деп неміс тауары ретінде тіркелген. Ал патент мәселесін болашақта Қазақстандағы институт шешетін болады.

Қазақтың ұлттық сусынына байланысты тосын жаңалық неліктен ең алдымен неміс жерінде жарияланды? Қымыздан жасалған балмұздақ, бие сүтінен дайындалған әйелдер косметикасы сияқты тауарлар батыста көп кездеседі. Елімізде де мұндай өнімдерді шығаруға, оның көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Дегенмен, қымыздан жасалған өнімдермен әлемді жаулап алудың ауылы алыс. Қымыздың халықаралық брендке айналуы да оңай емес. Германияға да, қымыздың отаны Қазақстанға да бұл жағынан терең ғылыми зерттеулер жетіспейді. Отбасылық өндіріс орны Ганс Цольманға мұраға қалған. Атасы қарапайым қазақ малшысының айтуымен, қымыз ішіп, туберкулез ауруынан сауыққан. Өз кезегінде Ганс Цольманн:

– Қымыздың отаны Қазақстан екенін әлем біледі. Оны шығарып келе жатқаныма 20 жыл болды. Менің 3 қызым, 7 немерем бар. Барлығымыз отбасымызбен осы шипалы сусынды пайдаланамыз. Сондықтан менің қазақ еліне алғысым шексіз және қымызды өңдеу мен сақтаудың әдіс-тәсілдерімен бөлісуге қашан да дайынмын. Бүгін біз қазақстандық әріптестермен Алматыда қымызды бірлесіп зерттейміз деп шештік, – деді неміс кәсіпкері.
Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасымен Германияның Штутгарт қаласында жылқы шаруашылығының экономикасы бойынша білім алған қазақстандық жас ғалым Айтуған Мұқашевпен кездескен. Айтуған Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмес бұрын еліміз бұл өнімді патенттеп, әлемдік нарыққа шығару керек деп есептейді. Осылайша голландиялық ірімшік, италияндық пиццалар қатарында қазақ қымызы да тұруы қажет.
Айтуған Мұқашев, жылқы шаруашылығының экологиясы мен экономикасы бойынша философия ғылымдарының докторы: «Біз мұндай институтты Германиясыз да ашуымызға болады. Қымызды зерттеу 50 жылдардың басы мен 80 жылдардың ортасына дейін жүргізілді. Бірақ, Германияда бұл тұрғыда тәжірибе мол. Оны бізге 5 жылдың ішінде үйреніп алуға болады. Оның үстіне бізде бие өрісте жайылады. Сондықтан біздің қымыз дәмі мен табиғилығы жағынан асып түседі», – деді.

Қазір ғалымдар еуропалық әдісті қолдана отыра, қымызды әлемге танымал етуге ниетті. Өз кезегінде Ганс Цольман: «Қазір 200-ге жуық сауын бием бар. Қазақстандықтар үшін бұл көп емес шығар, бірақ менде бұдан артық өсіретін жерім де жоқ. Күн сайынғы 600 литр қымыздың 100 литрі ғана сатылады. Сондықтан маған қымыздың өзге де қасиеттерін терең білген артық емес.
Алдағы уақытта қымыз құрамын зерттейтін ғылыми институт ашылса, отандық өнімнің өрісі кеңейері сөзсіз. Екі жақтың кәсіпкерлері мен ғалымдарының пайымдауынша, бұл өз кезегінде еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуға септігін тигізбек.

Мәлімет көзі: baq.kz/

«« | »»
Соңғы жаңалықтар