Бүгін Алматыда «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрген Манаш Қозыбаевтың 7 томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
Баспаның бас редакторы Бауыржан Жақыптың айтуынша, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Мемлекеттік сыйлықтың, ҚР Президентінің Бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының лауреаты Манаш Қабашұлының бұл жинағы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұсынысымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен шығарылып отыр. Оның алғашқы томына «Майдангер студенттер», «Ақтаңдақтар ақиқаты» кітаптары жинақталған. 2-3 томына ғалымның тәуелсіздік жылдары жазып қалдырған «Тарих зердесі» монографиясы, 4-томға «Өркениет және ұлт» кітабы енген. 5-6 томдарға газет-журналдарда жарық көрген материалдары, радиоларда сөйлеген сөздері, сұхбаттары, жеке тұлғалар туралы пікірлері мен мақалалары беріліп отыр. Ал 7-томға аса ірі тарихшы ғалымның замандастары туралы пікірлері топтастырылған.
«Жинақты шығару кезінде М.Қозыбаевтың қазақ тарихына қатысты қамтымаған тақырыбы жоқ екеніне көз жеткіздік. Оған ерте замандағы қазақ тарихынан бастап тәуелсіздік кезеңіне дейінгі ақтаңдақтар туралы құнды еңбектері енгізілді. Ол «Голощекин және Қазақстан», «Сталин және Қазақстан», «Хрушев және Қазақстан», «Брежнев және Қазақстан» деген сияқты мақалаларының атынан-ақ көрініп тұр», - дейді ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып.
Источник: baq.kz