Айтулы шара

01.03.2017 Алғыс айту күні ынтымақ, бірлігімізді күшейте түседі

Бүгін 1 наурыз Алғыс айту күніне орай, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ы ұжымында «Мәңгілік Ел» – достық пен татулық қазақстандық құндылықтың қайнар көзі» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Айтаулы шараға белсене қатысқан орталық қызметкерлері Алғыс айту күнінің мәні мен мазмұнына тоқталып, бұл күн еліміздің ынтымақ-берекесін арттыра түсетінін алға тартты.
2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, содан бері ел бірлігін нығайтуға бағытталған айтулы мерекені «ҰМҒТСО» АҚ өз жоғары деңгейде атап өтті келеді.
«Дөңгелек үстелдің» модераторы қызметін атқарған Алмас Гаухар:


– «ҰМҒТСО» АҚ түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейтін, татулығы жарасқан іргелі ұжым. Соның айқын дәлелі ретін бүгінгі «Мәңгілік Ел» – достық пен татулық қазақстандық құндылықтың қайнар көзі» деген атауға ие болған дөңгелек үстел, басқосуымызға орталық қызметкерлерінің белсене қатысуы айқын дәлел болады, – деп шараның басында өз ойын ортаға салды. Бұдан кейін «ҰМҒТСО» АҚ белсенді қызметкері Жасқайрат Бүркітбаев «Мәңгілік Ел» ел дамуының өзегі» деген баяндамасын оқып, ел дамауының басым бағыттарына тоқталды.


– «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі аңсаған асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті, – деді.
Бұдан кейін дөңгелек үстелге жиналған орталық қызметкерлері Алғыс айту күніне қатысты өз ойын алға тартты. Бірінші болып сөз сөйлеген «ҰМҒТСО» АҚ президенті Әділ Ыбыраев Алғыс айту күнінің мән-мағанасы зор екенін айтты.


– Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке аралып, айналамыздағы әріптес азаматтардың атқарған ісін ой елегінен өткізіп, олардың тынымсыз еңбегін бағалап, риясыз көңілмен алғыс айтып, бір-бірімізді қанаттандырудың мәні зор. Иә, меймандос қазақ халқы сонау зұлмат жылдары өмір тауқыметімен тап болған өзге ұлт өкілдерін бауырға басып, олардың қатарға қосылып кетуіне көп жәрдемдесті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде елімізде қазығы қағылған достықтың алтын арқауы бүгінде елімізді айрандай ұйытып, бірлігімізді арттырып келеді. Қазіргідей жаһандану заманында экономиканың, ғылымның дамуы ел мен елдің, ұлт пен ұлттың бір-бірімен жақындасып, араласуына тікелей байланысты. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері мемлекетіміздің нығаюына өз үлестерін қосуда. Осындай ынтымақты жұмыстың арқасында біздер осы күнге жетіп отырмыз. Сондықтан жылына бір рет 1 наурызда өткенімізді бағдарлап бір-бірімізге алғыс айтып, құрмет көрсетуіміз еліміздің іргесін бекемедей түседі деп ойлаймын, – деді орталық басшысы. Бұдан сөз алған орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Эльвира Галанц өзі ойын былайша сабақтады.


– Мен – Ресей жерінде өмірге келгеніммен, балалық шағым, есею кезеңім бәрі-бәрі Қазақстанда өтті. Сондықтан мен Қазақстанды өзімнің басты Отаным санаймын. Бүгінде Қазақстандағы ынтамық пен бірлікке көптеген елдер қызығушылықпен қарайды. Осыдай бейбітсүйгіш елдің азаматы болғанымды мақтан тұатымын. Ешкімді өзекке теппей, қайта барынша бауырға басқан Қазақ халқының мейірбандығы маған әрқашанда күш, қуат береді. Бірлігі жарасқан елдің негізін қалап, әлем танитын мемлекетке айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өте зор. Алғыс айту күнін пайдалана отырып, бараша қазақ халқына өзімнің шексіз ризашылығымды жеткізгім келеді, – деді.


Ерекеші толқынысты бастан кешен Галина Улезко «Тегім украиндық болғанымен қазақ жерінде туып, өстім. Сондықтан қазақ халқына деген құрметім бала кезде қалыптасты. Менің әкемнің мамандығын геолог болатын. Ертеректе әкеме еріп тауға барғаным есімде. Ойламаған жерден көлігіміз бұзылып, айдалада қалдық. Ілгері жүрсек алдымыздан елдімекен кездесетін шығар деп, ирелеңдегін жолмен ұзақ жүрдік. Бір мезетте тау етегінен жұмыртқадай әппақ киіз үй көзімізге оттай басылды. Әбден қалжырап, үйге маңдай тірей тоқтадық. Үй иесі бізді алыстан ет жақын туыстары келгендей ыстық ықыласпен қарсы алып, қолындағы барын бейтаныс жолаушыларға ұсынғаны әлі есімде. Арада қанша жыл өтсе де, менің көз алдымнан сол бір көрініс бір сәтке де кеткен емес. Содан бері қазақ халқының меймандос, бауырмалдығына талай рет куә болып келемін. Қазақ халқының асыл қасиеттері бізді көзге көрінбейтін жіппен өзіне байлап тастағандай күй кешемін. Қазақтай барша жұртты бауырына басып, ыстық ықыласын танытатын ұлт жер бетінде жоқ шығар», – деп Галина Улезко көкейге мәңгіге тұнып қалған үзік сырымен бөлісті.
Өз кезегінде сөз алған Тамара Көбейева да татаулық пен бірлікті Қазақстанның ғылымда, экономикада зор жетістіктерге жетуіне ықпал еткенін алға тартты.


«ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

3112
Қатысушылар
Қатысу