Асан Дабысұлы Тайманов (1917-1990) 
математик-ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, 
профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, 
КСРО Оқу ағарту ісінің үздігі. 


Қазіргі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті), В.Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.

1936-1938 жылдары - Орал педагогикалық институты кафедрасының ассистенті. 1938-1941, 1945-1947 жылдары - Мәскеу педагогикалық институтының аспиранты. 1947-1954 жылдары - Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі. 1954-1956 жылдары Шуя институтының доценті. 1956-1960 - жылдары Иваново тоқыма институтының доценті. 1960-1968 жылдары - КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Математика институтының аға ғылыми қызметкері, Новосібір мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. 1968-1970 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы физика-математика бөлімшесінің академик хатшысы. 1970-1971 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Математика және механика институтының директоры. 1971-1990 жылдары КСРО Ғылым академиясының Математика институтының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған.

Ғалымның негізгі еңбектері теориялық жиынтық топологиясына, үздіксіз бейнелеудің таралуына, борель жиынтығына, модельдер теориясына, эвклид кеңістігі элементтер теориясын зерттеуге, математикалық логикаға арналған.

Тайманов Асан Дабысұлы Қазақстанда математикалық логика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан. Ол оқытушылар мен студентерге арнап математикадан ғылыми семинарлар ұйымдастырып, математикалық конкурстар мен кештерді өткізуді енгізген. 1951 жылы тұңғыш рет республикада ғалымның ұсынысымен оқушылардың қалалық және облыстық математикалық олимпиадалары ұйымдастырылған.

Асан Дабысұлы Қазақстанда математикалық ғылымды дамытуда көптеген еңбек сіңірді. Ғалымның бастамасымен Қазақ мемлекеттік университетінде (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) алгебра және математикалық логика кафедрасы, Математика және механика институтында алгебра және математикалық логика зертханасы мен қолданбалы бағыттағы зертханалар, Республикалық физика-математика мектебі ашылған. КСРО Оқу ағарту министрлігі жанындағы Ғылыми-әдістемелік кеңесі Президиумының мүшесі және көптеген ғылыми кеңестердің мүшесі болып сайланып, математикалық логикадан Бүкілодақтық конференцияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі болған.

Асан Дабысұлы Тайманов Кеңес Одағы мен Қазақстан атынан Ниццада математика, Ганновердегі логика, әдістемелік және философия ғылымдары бойынша өткен Халықаралық конгресске, модельдер теориясы жөніндегі көптеген Халықаралық конференцияларға қатысқан. 1973-1984 жылдары үш дүркін шетел университеттеріне барып, математикадан дәрістер оқыған.

Ғалымның 50-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген

І дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальдармен және КСРО Оқу ағарту министрлігінің «КСРО оқу ағарту ісінің үздігі» құрметті белгісімен марапатталған.

Батыс Қазақстан облысында Асан Тайманов атындағы облыстық техникалық олимпиада өткізіліп келеді. Орал қаласындағы бір көшеге академиктің есімі берілген.

2010 жылдың 23 сәуірінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Асан Дабысұлы Таймановты еске алуға арналған «Тайманов оқулары - 2010» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том.