Әлемдегі ғылым

Қытайлықтар көмірқышқыл газын қантқа айналдыру әдісін жасады

22.07.2025

9

Қытай Ғылым академиясына қарасты Тяньцзинь өнеркәсіптік биотехнология институтының зерттеушілері метанолды, яғни, көмірқышқыл газынан немесе өндіріс қалдықтарынан алынатын затты егістік жерлерді немесе қант құрағы мен қызылша сияқты дәстүрлі дақылдарды пайдаланбай-ақ қантқа айналдыратын жүйе әзірледі. 

Ғалымдар «in vitro» деп аталатын биотрансформация әдісін жасаған. Бұл әдіс бойынша, тірі ағзадан тыс жұмыс істейтін ферменттер жиынтығы қарапайым көміртекті қосылыстардан күрделі қанттарды кезең-кезеңімен құрастырады. Осының арқасында ғалымдар зертханада 86 пайызға дейінгі өнімділікпен сахароза алған.

Бұл жүйе сахарозадан бөлек, басқа да көмірсуларды — фруктоза, крахмал, амилоза, амилопектин, целлобиоза және тіпті тамақ пен фармацевтика өнеркәсібінде сұранысқа ие күрделі полисахаридтерді синтездей алады. 

Авторлар көмірқышқыл газын тікелей тағам өнімдеріне айналдыру жер мен су тапшылығын еңсеруге, сондай-ақ өндірістің көміртегі ізі мен экологиялық әсерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл технология әзірге жетілдіруді қажет етеді — ферменттердің тиімділігін арттырып, жүйенің тұрақтылығын күшейту керек. Алайда қазірдің өзінде ол болашақта қант пен басқа да маңызды заттарды егіс алқаптарынсыз, өнім жинаусыз және өсімдіктерді ұзақ өсірмей-ақ алуға болатынын көрсетіп отыр.

Дереккөз: https://lenta.ru/news/2025/07/21/razrabotan-sposob-prevrascheniya-uglekislogo-gaza-v-sahar/
Фото:. Istockphoto.com
«« | »»
Соңғы жаңалықтар