EXPO-2017

ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТІҢ НӘТИЖЕСІ

10.10.2014

7697

Математика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Әбиев Нұрлан Әбиұлының «Тілдер және автоматтар теориясының негіздері» атты оқу құралының тұсаукесері өтті.

Нұрлан Әбиұлының ғылыми зерттеуі – информатика мен математиканың жанасу нүктесінде пайда болған сала. Бұл сала бойынша зерттеу жұмыстары 1960 жылдары пайда болған. Н.Әбиев өзінің ғылыми еңбегінде зерттеуші ғалымдар Алан Тьюринг, Петер Наурдың еңбектерін негізге алған. Тұңғыш рет М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қабырғасында жүріп Нұрлан Әбиұлы бұл еңбекті қолға алып, оған 5 жылын сарп еткен. Ол аталған ғалымдардың еңбектерін аудара отырып, өз ғылыми тұжырымдамаларын енгізген. Бұған дейін 2011 жылы жарық көрген еңбегі қайта толықтырылып, «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр.

Тұсаукесерге университет ректоры Махметғали Сарыбеков пен «Фолиант» баспасының редакторы Заңғар Кәрімхан арнайы шақырылды.Басылымға қызығушылық танытқан профессор-оқытушылар мен студенттер жарыққа шыққан оқу құралына өз пікірлерін білдірді.

Бұл оқу құралының ерекшелігі-студенттерге түсінікті және қазақ тілінде жазылып шыққандығында. Бүгінде бұл сала бойынша қазақша оқу құралдары жоқтың қасы. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Муслимов Билібай аталған еңбекке өз ұсынысын айтып: «Осы кітаптың сапасы мен деңгейін жоғарылатуға болар еді. Мұнда математикалық бір тарау қосып, ол тармақта студенттерге логикалық, информатикалық есептерді қосу керек», – деді.Бұл ұсынысқа Нұрлан Әбиұлы да толығымен қосылып, «Айтылып отырған ұсыныс өте орынды. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Пікірлер ескеріле отырып, толықтырулар енгізілетін болады», – деп ойын тұжырымдады.

Университет ректоры Махметғали Сарыбеков авторға бұл оқу құралының болашақта оқулық болып қайта жарық көруіне тілектестігін білдірді.

Дереккөзі: tarsu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар