EXPO-2017

АҚПАРАТТЫҚ ҒЫЛЫМДА ОРНЫ БАР ҒАЛЫМ

11.08.2014

9796

Бекет Арапбайұлын білетіндер оның тамаша зерттеуші, ғылым жұмысында іскер ұйымдастырушы екенін жақсы білсе, өзіндік тұлғалық жағымен де бағаланатын жан деп таниды. Ол қашанда ғылымдағы ізденісін адалдықпен зерттеп, оның шынайы шындығына жүгінеді.
Ғалым осы қасиетімен дараланып, білімділігімен де ерекшеленеді. Осыдан болар, Бекет Арапбайұлы ғылымды шын сүйіп, 40 жылдай өмірін арнапты. Оның бұл қасиеті өзі­нің туып-өскен жері Оңтүстік Қазақстан облысы Қасқасу ауылының топырағынан сіңген десе артық емес. Ата-ананың тәрбиесі оның болашақ тағдырын адалдық пен шыншылдыққа бой түзеткендей. 1962 жылы мектепті жақсы бітірген баласына мектеп ди­ректоры болып істейтін әкесі «агрономның оқуына түс, кейін болашағы бар» деп шығарып салғаны есін­де. Бірақ ол өз таңдауын жасайды. Алматының ауыл шаруашылығы институының механика факультетіне түсіп, оны өте жақсы бітіріп шығады. Жас маманның білімділігін ескерген оқу орны институттағы «Жылу техникасы» кафедрасында қалдырады. Ол кафедрада жұмыс істей жүріп, табиғаттың қарапайым заңы­лық­тарына жете мән беріп, зейін қояды. Ғылыммен ай­налысуды жөн көріп, институттың ауылшаруа­шы­лық ғылыми-зерттеу институтының радиология зерт­ханасын инженер болып орналасады. Талабын бай­қаған кафедрадағы белгілі радиобиолог-ғалым, зерт­хана меңгерушісі Борис Жуков оған аспирантура­ға т­үсіп, радиобиология саласына баруға кеңес береді. Білім­дінің сөзін құп алған Бекет Арапбайұлы бірден мақұлдайды. Алайда диссертацияны қорғау алдында биологиядан жоғары біліммен аралас мамандық болу керектігін анықтайтын анықтама керек екенін ұғы­нады да, Бекет Кембаев ауыл шаруашылығы инс­титу­тының агрономдық факультетіне сырттай оқу­ға түсіп, екі жыл оқиды. Оны өте жақсы бітірген жас маман агрономдық ғылымның құпиялық сырын терең меңгеруге бар күш-жігерін салады. Инсти­тут­тың ғылыми-зерттеу мекемесінің радиология бөлі­мін­де кіші ғылыми қызметкер, кейін аға ғылыми қыз­меткер болып, ғылымдағы ізденісін бастап кетеді. Аз уақыт ішінде ол Мәскеуде биология ғылым­да­ры­ның кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қор­ғайды. Өзінің мақсатына жетіп, ғалым атағын ие­ленген кейін, Бекет Кембаев ВАСХНИЛ-дің Шы­ғыс бөлімшесінде, Қазақстан Республикасы мем­ле­кеттік экономика комитетінің бөлім бастығы, Қа­зақ­стан Респуликасы Президенті және Министрлер ка­бинеті аппаратының ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары, “Атакент” акционерлік қоғамының вице-президенті қызметін абыроймен атқарады. 1993-2007 жылдары Қазақ мемлекеттік ғылыми-тех­никалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет істейді. Ғылым мен бас­шы­лық мектебінен өткен Бекет Арапбайұлы өзінің жа­ңа жұмысында іскерлік басшылығымен көрінді. Ме­кемедегі жаңаша ұйымдастыру жұмысы ұжымға тың серпіліс әкеледі. Әсіресе, елімізде ғылымның зерт­теу саласындағы күрделенген мәселелерін жи­нақ­тауда және оны жүйелеп, бір ізге салуда белсендік та­нытады.

Ол институттағы қызметін жаңа бастаған жылы КСРО тарап, үлкен орталыққа бағынған институттың жағ­дайы қиындайды. Кезінде Мәскеуге бағынған ұжым Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуеті тура­лы маңызды ақпарат беретін орталық болған бол­са, енді тәуелсіз еліміздің жаңа институты болып құ­рылады. Бұл істі өз қолына алған Бекет Арапбайұлы қыс­қа мерізімде өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көр­сетіп, Қазақстан Республикасының ғылыми-тех­никалық ақпарат ғылыми-зерттеулер орталығын құру­ға белсендік танытады, аз уақыт ішінде инс­ти­тут­ты қайта құрылымдаудың жұмыс жүйесі жаңа­ла­нып, кадр мәселесі де шешіледі. Қазақстан бірінші рет мемлекеттік ғылыми еңбектер қоры құрылып, док­торлық пен кандидаттық диссертациялар жи­нақ­тал­са, ғылыми-техникалық бағдарламалар да қа­лып­тастырады. Институтта қазақстандық ғалымдар мен білікті мамандардың ғылыми еңбектерін жинақтау, талдау, бір жүйеге келтіру ісі қолға алынып, ауқымды жұ­мыстар атқарылады. Оларға арналған төрт түрлі серия­лық, рефераттық химия, қоршаған ортаны қор­ғау, ауыл шаруашылығы мен физика және кен байыту­ға арналған журналдар шығарып, еліміздегі ғы­лымды таныстыруда қажырлы еңбек етеді. Со­ны­мен қатар «Наука и высшая школа Казахстана – Қа­зақстан ғылымы мен жоғары мектебі» атты газет шы­ғарып, ғылым мен жоғары мектептің көкейкесті проб­лемалары мен жаңалықтарын насихаттауда елеу­лі жұмыстар атқарады.

Институттың жаңа технологиямен жабдықталуы ар­қасында еліміздегі ғылыми еңбектерден ақпарат алу, іздеу, сақтау жұмыстары да автоматтандырылып, бір ізгілікке салынуында басшының еңбегі зор еді. Сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғы­лыми-техникалық ақпараттардан хабар алу жұ­мыстары жолға қойылып, олармен байланыстар жасауы институт үшін ілгерлеу болды. Қазақстандағы ғылыми-техникалық ақпаратты танып-білуде көп жұмыстардың ойдағыдай орындалуы да Бекет Арапбайұлының еңбегі болса, ол республикаға ғана емес, шетелдерге де танытуда көп жұмыстар ат­қара­ды. Ұжым ТМД елдері ішінде алдыңғы қатарлы көш­бастаушылардың бірі болып қана қоймай, тәжірибесін басқалармен де бөліседі. Ол Англияның Кем­бридждегі халықаралық библиография орта­лы­ғында бағаланып, «ХХІ ғасырдағы ақпарат ғылы­мын­дағы жетістігі» медалімен де марапатталады. Сондай-ақ Бекет Арапбайұлы ТМД елдері арасындағы Қа­зақ­стан атынан мемлекеттік ғылыми-техникалық ақ­парат кеңесінің өкілі болып та қызмет атқарды. 1997-1999 жылдары Бекет Арапбайұлы ТМД елдерін­дегі ғылыми-техникалық ақпарат ғылыми-зерттеу орталығының төрағасы болып жұмыс істесе, онда өзінің тамаша ұйымдастырушы, іскер басшы екенін көрсетіп, ТМД елдері арасында ғылыми-техникалық ақпараттарды еркін түрде алмастыру жұмыстарын келісімдер арқылы жүргізеді. Қазақстанда ғылымдағы ақпарат кеңестігін дамытуға мүмкіндіктер туды. Инс­титутта ғылыми-техникалық ақпараттың іргетасын қа­лаған ғалым бұл саланы терең меңгерумен қатар, заман талабына сай жұмыстарды үнемі жаңартып отыруды да ұмытпайды. 2003 жылы Бекет Арапбайұлы Қа­зақстандағы ғылыми-техникалық ақпарат әле­міндегі дамуы мен болашағы туралы шыққан моно­г­ра­фиясы еліміздің ғалымдары арасында үлкен қы­зығу­шылық тудырды. Еңбек, сондай-ақ ТМД елдері арасында да жоғары бағаға ие болды. Кітап елдегі ғылыми ақпараттың кешенді жағдайын зерттей оты­рып, әлемдік ақпаратқа қалай қол жеткізуге бо­ла­тынын және оның жолдарын көрсетеді.

Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттар тео­рия­сын зерттеуде Бекет Арапбайұлы бір кісідей еңбек етіп қана қоймай, оған негіз салып, іргетасын қалады десек артық болмас. Соның нәтижесінде ол осы салада Мәскеуде Бүкілресейлік ғылыми-техникалық ақпарат институтында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Диссертацияға атақты ғалымдар Р.С. Гиляревский, И.Л.Петров, В.А.Цветкова (Ресей), С. Д.Масаидова (Тәжікстан), А.П.Гончаренко (Ук­раина) және О.Б.Шатберашвили (Грузия) жоғары бағасын беріп, оның жаңашылдығын мойындады. Бекет Кембаевтың бұл еңбегі біздің еліміздегі Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының тұңғыш докторлық диссертациясы саналып, тарихқа енді десек те артық емес.

Бекет Арапбайұлы институты басқарған 13 жылда 169 ғылыми еңбек жазып, 12 кітаптың авторы атан­ған. Оның Қазақстан ғылымына арналған екі бірдей мо­нографиясы үш рет қайта басылып шықса, еліміз­дің ғылымы мен жоғары мектептеріне арналған «Ғы­лым жаңалықтары» және «Қазақстанның ғылы­мы мен жоғары мектебі» атты газет республика­мыз­дағы ең бір сүйікті басылымдары болып оқырманын да тапқан еді. Ғалым өзі басқарған мекемеден кейін ғылымдағы жұмысын жалғастырып, еліміздің ғы­лы­мына зор үлесін қосып келеді. Ол – ғылымдағы ең­бегі үшін екі мәрте медальмен марапатталып, ТМД ел­дерінің құрметті грамоталарына ие болған ғалым. Еңбек жолын қарапайым инженерден бастаған Бекет Арапбайұлы бұл күнде 70-тің төріне шықты. Ол – биология ғылымдарының кандидаты, техника ғы­лым­дарының докторы, Халықаралық ақпараттану ака­­демиясының академигі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.

Жомарт Қарабаев, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының бас ғылыми қызметкері, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар