Өзектi

Жас қазақстандық ғалымдарға арналған «Science School Kaskasu» ІІІ пәнаралық мектебі Түркістан облысында өтті

10.07.2019

3849

С. Аманжолов атындағы ШҚМІ физика мамандығы бойынша 1 курс докторанты, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің маманы Зарина Сәтбаева Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры ұйымдастырған жас қазақстандық ғалымдарға арналған «Science School Kaskasu» ІІІ жазғы пәнаралық мектебіне қатысты.

24-28 маусым аралығында Түркістан облысының Жоғары Қасқасу ауылында жас қазақстандық ғалымдарға арналған «Science School Kaskasu» ІІІ жазғы пәнаралық мектебі өтті. Мектепке 30 жасқа дейінгі студенттік ұйымдардың жетекшілері, ЖОО және ҒЗИ жас ғалымдар кеңестерінің төрағалары, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер қатысты.

Бес күн бойы жас ғалымдарды ғылыми идеялар мен жобаларды ақшалы ету бойынша қажетті дағдыларға үйретті. Іс-шараның бағдарламасы қатысушылардың бір апта ішінде ғылыми жоба құрып, оны жүзеге асыру схемасын ұсынып және Тұңғыш Президент Қорының жанындағы Ғылым бойынша кеңестің мүшелерінен тұратын инвесторлардың алдында қорғай алатынындай етіп құрылған.

Бұл уақыт ішінде жас ғалымдар жобаларды басқару дағдыларын меңгеріп (жобалық менеджмент), тиімді таныстыру үшін сөз сөйлеу қорқынышын жеңіп, өз жобасын жылжыту үшін сатушы копирайтинг әліппесін танып, дауларды шешуге және командада жұмыс істеуге үйренді. Сондай-ақ, қатысушыларға Қазақстандағы жас ғалымдардың ғылыми жобалары мен зерттеулерін коммерцияландыру мүмкіндіктері мен қиындықтары туралы айтылды.

– Бүгінде жас ғалымға ғылыми жобаны әзірлеп қана қою жеткіліксіз. Оны тәжірибелік кеңістікте жүзеге асыру үшін қаржыландыру қажет. Мұндай қолдау көзі инвестор-бизнес саласының өкілі бола алады. Ең бастысы, ғалым өзінің ғылыми ойын түсінікті етіп жеткізуі тиіс, ал бизнесмен оны түсініп, оның коммерциялық потенциалын байқауы қажет. Ғалымдардың еңбектерін қоғам пайдалануы үшін ғылым мен бизнесті қалай байланыстыру қажет екендігін жас ғалымдарға арналған «Science School Kaskasu» жазғы мектебі үйретті, – дейді Қор жанындағы Ғылым бойынша кеңес төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров.

Қатысушылар командалық рух пен қарсыластық күйін сезінуі үшін оларды командаларға бөлді. Әр командаға жоба әзірлеу процесінде бағыт беретін және қолдау көрсететін тәлімгер бекітілді.

Мектеп қатысушылары үшін басты және толқынысты сәт соңғы бесінші күн болды. Жас ғалымдар өз жобаларын қорғап, жоба аясында үйренгендерінің бәрін көрсетті.

Мектептің серіктесі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы болды.

Баспасөз қызметі

Дереккөзі: vkgu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар